Әлеумет

Еңбектері еленді

Еңбектері еленді

Ұлттық экономика министрлігінің шешімімен Құрылысшылар күні – кәсіптік мерекесіне ведомстволық наградалармен облыста құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы көпжылдық еңбегі үшін және Конституцияның 20 жылдығына орай бірқатар білікті басшылар мен мамандар «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков төсбелгілерді иелеріне салтанатты жағдайда тапсырды. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – бұл тынымсыз еңбекті қажет ететін сала. Сондықтан сіздер осы төсбелгіге еңбекпен жеткен азаматсыздар. Әрдайым отбасыларыңызға табыс, жұмыстарыңызға береке тілеймін», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков. Еңбектің арқасында есімдері еленіп, мерейлері үстем болғандар – Жамбыл электр жүйелерінің бас директорының өндірістік сұрақтары бойынша орынбасары Досымхан Аралбаев, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының  мемлекеттік сатып алу, отын және сумен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бейсенбек Жампозов, «Таразэнергоорталық» АҚ-ның вице-президенті Бақтыбай Қырықбаев және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалының өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Абыл Юсупов.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».