- Advertisement -

Жаңа мектеп есігін айқара ашты

106

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдық мерейтойына және Білім күні мерекесіне орай ауданда жаңа мектеп пайдалануға берілді. Дулат ауылдық округіне қарасты Бөлтірік ауылында өткен жылдың шілде айында алғашқы кірпіші қаланған құрылыс мерзімінде аяқталып, пайдалануға берілді. Ауыл балалары бұған дейін 67 жыл іске жарап, апатты жағдайда тұрған ескі мектепте білім алып келген еді.
Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың есімін еншілеген аталмыш мектептің ашылу салтанатына Шу ауданының әкімі Рүстем Дәулет қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Бөлтірік ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Азнабай Бишолақов ақсақал да оқушыларды құттықтап, жаңа мектеп — сапалы білім мен саналы тәрбиенің ордасы болсын деген тілегін жеткізді. 1-сыныпқа аяқ басқалы тұрған оқушыларға аудан әкімі Елбасы атынан «Менің Отаным – Қазақстан» атты кітаптар, сондай-ақ мектепке музыкалық аппарат тарту етті. Мектеп директоры Қалдыкүл Бабасоваға салтанатты түрде мектеп кілті табысталып, жаңа ғимараттың лентасы қиылды.
Құрылысын «Строй Партнер» жауапкерлігі шектеулі серіктестігі жүргізген 150 орындық жаңа білім ошағы барлық заманауи талаптар үдесінен шығып тұр. Мектепте 125 шәкірт білім алатын болады, алдағы уақытта бүлдіршіндерге 25 орындық шағын орталық ашу да ойластырылуда. Мектептің жалпы көлемі 1952,73 шаршы метрді құрайды. Екі қабаттан тұратын ғимарат ішіндегі 18 оқу кабинетінде, дене шынықтыру, мәжіліс залдары мен асханасында оқушыларға қажетті барлық жағдай жасалған. Кіреберіске орналастырылған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың портреті мен нақыл сөздерден тұратын өзге де көрнекіліктер шәкірттерді Отанын, елін, жерін сүюге, қастерлеуге шақырып тұрғандай. Аудан әкімі бастап ғимарат ішін аралаған ауыл тұрғындары ішкі-сыртқы сипатына тамсанып, балаларының озық білім алуына зор мүмкіндік болатын жаңа мектеп үшін облыс пен аудан басшыларына алғыстарын жаудырды. Қариялар «біздің заманымызда мұндай керемет дүниелер болмаған, осындай берекелі күннің куәсі болып отырған біздің ұрпақтарымыздың арманы жоқ» деді.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support