«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Саяси кеңесінің Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен ҚҰТТЫҚТАУЫ
«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Саяси кеңесінің Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен ҚҰТТЫҚТАУЫ
Құрметті жамбылдықтар! «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Саяси кеңесі сіздерді мерейлі мерекеміз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтайды. Ата Заңымызға биыл 20 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Конституциямыз қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруға басты тірек болып, ел мүддесіне, мақсат-мұратына толық сай келетінін айқын дәлелдеді. Дәл осы кезеңде мемлекетіміз әлемдік қауымдастықта осы заманғы тәуелсіз, құқықтық және зайырлы мемлекет ретінде танылды. Халқымыз үшін аса маңыздысы – оның үкілі үміті ақталды: ұлттық руханиятымыз жаңғырды, тіліміз бен діліміз, дініміз бен салт-дәстүрлеріміз қайта түледі. Ата Заңымыз халқымызды шуағы мол еркіндіктің бесігінде тербеді. Қазақстан жүзден аса ұлт пен ұлыстар өкілдерінің сүйікті Отанына айналды. Бүгінде күллі жұртымыз ел ертеңіне нық сеніммен қарап, болашағынан зор жақсылықтар күтуде. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақстан халқының қалауымен өмірге келген Негізгі Заңымыз – тәуелсіздікпен егіз ұғым! Біз кемел Конституцияны Тәуелсіздік арқылы қабылдадық. Ата Заң біздің азаттық алғалы атқарған барлық істеріміздің алтын таразысы болып табылады. Бүгінде дүниежүзі мойындаған өркенді өнегелеріміз Ата Заңымыздың аясында жүзеге асып келеді» деген сөзі төл Конституциямыздың мәні мен маңызын, өміршеңдігін, қоғамымызды қарышты қадамдармен алға бастыруға әлеуетінің мейлінше мол екенін байқатса керек. Қымбатты жерлестер! Сіздерді Конституция күнімен тағы да құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға шаттық пен береке, ырыс пен ынтымақ тілейміз. Ел игілігін еселеу жолындағы қажырлы еңбектеріңіз әрдайым табысты, жемісті болсын. Мерекеміз берекеге ұлассын!
«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Саяси кеңесі.