Халық денсаулығын қорғау – қастерлі міндет
Халық денсаулығын қорғау – қастерлі міндет
«Республика азаматтары заңмен белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемін тегін алуға хақылы». Қазақстан Конституциясы, ІІ бөлім, 29-бап, 2-тармақша.
Негізі, жүрек дертіне шалдыққандарға кардиохирургиялық көмек тегін көрсетіледі. Жалпы, Қазақстан Конституциясы бойынша республика азаматтары заңмен белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемін тегін алуға құқылы. Оның ішінде кардиохирургиялық көмекті де. Еліміздің медицина саласындағы ең басты жетістігі де осы. Кардиохирургиялық бір операцияның құны шамамен бір жарым миллион теңгедей. Елімізде бұл қаржыны мемлекет төлейді. Жеке клиникаларда да мұндай оталар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылады. Ал біздің орталықта жылына 300-ге жуық операция жасалады. Біз тек қана кардиохирургиялық көмек көрсетпейміз. Клиниканың аты айтып тұрғандай, ғылыми жұмыстар жүргіземіз. Трансплантологиялық оталар жасаймыз. Аллаға шүкір, жақында 2 докторант, 1 магистріміз оқуын бітіріп келеді. Бір резидентіміз «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде жүрек алмастыру бойынша қазір Түркияда оқып жатыр. Телефон шалып, үш айдың ішінде 7 операцияға қатысқанын айтты. Тағы бір маманымызды біліктілігін жетілдіруге Қытайға жіберуді жоспарлап отырмыз. Кез-келген елдің медицинасының деңгейін жүрек хирургиясы көрсетеді. Емдеу мекемелерінің заманауи құрылғылармен жабдықталғанын, ота жасауда жаңа тәсілдердің қолданысқа енгізілгенін саралау арқылы сала ісінің қаншалықты дамығаны бағаланады. Кардиохирургияның дамыған мемлекеттердің негізгі көрсеткіш картасы болып есептелетіні сондықтан. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан алға шықты деп айта аламыз. Ғылыми-клиникалық орталықтарда жасалып жатқан жүрек және бауыр, бүйрек алмастыру оталарының арқасында еліміз әлемге танымал. Осыдан он жыл бұрын біз елімізде донор жүрегін алмастыру отасы жасалады деп ойладық па?! Жоқ, бұл сала мамандарының көкейіндегі көп арманның бірі ғана болатын. Ал жүрек дертіне шалдыққандардың үміті қоламта астындағы шоқ секілді күйде еді. Қазір ше? Бүгінгі жағдай қалай? Қазақ елінің медицинадағы ауыз толтырып айтар табысы дегенде, алдымен, кардиохирургия саласында қол жеткізген жетістігімізді айтуымыз керек. Бұл – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сара саясатының жемісі. Мемлекетіміз жүрек-қан тамырлары дертіне қарсы қарқынды күрес жүргізуде. Қарқынды дейтін себебім, небәрі 4-5 жылдың ішінде кардиохирургия саласында үлкен бетбұрыстар жасалды. 2007 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен салалық бағдарлама қабылданды. Үш жылға белгіленген мемлекеттік бағдарламаның септігін бүгінде барлық өңір тұрғындары көруде. Тек қана Астана, Алматы қалаларында ғана емес, аймақтарда да кардиологиялық орталықтар, ауруханаларда кардиохирургиялық бөлімшелер ашылды. Оның жарқын мысалын Жамбыл жерінен көруге болады. Бүгінде облыста тұрғындарға кардиохирургиялық көмек көрсететін екі жекеменшік клиника, облыстық ауруханада кардиохирургиялық бөлімше бар. Бәрі заманауи технологиялармен жабдықталған. Бұл орталық та Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауының арқасында ашылғанын айта кету керек. Жалпы, менің біраз жыл көрші қырғыз елінде қызмет атқарғаным көпшілікке мәлім. Белгілі кардиохирург-ғалым ұстазым Иса Ахунбаевтың жүрек алмастыру операциясын жасауды қолға алу, арнайы институт ашу арманы еді. Сол арманды жүзеге асырдым. Соған сай үлкен құрметке, беделге де ие болдым. Бірақ, көкейімде осыны өзімнің туған еліме жасасам деген арман тұратын үнемі. Осы арманым осыдан жеті жыл бұрын ақиқатқа айнала бастады. Елбасының көмегімен Жамбыл жерінде шағын кардиохирургиялық орталық ашып, жұмысты бастадық. Жас мамандарды тәрбиелеп, жаңа құрылғылар алдық. Жаңа сәулетті ғимарат салдық. Наурыз айында Президент Н.Ә.Назарбаев жаңа клиникамызға келіп, аралап көрді. Атқарып жатқан жұмыстарымызға разы болды. «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде тұрғындарға көмек көрсете беріңдер», – деді. 2010 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолынан «Алтын сапа» белгісін алдық. 2013 жылдан бері сала көшбасшысы атанып келеміз. Еуропалық деңгейдегі атақтарды да алып жүрміз. Негізі, адамның арманы шексіз ғой. Бұрын елге келіп, ғылыми кардиохирургиялық орталық ашуды армандасам, енді сол клиниканың нағыз ғылыми ортаға айналатын кезін күтіп жүрмін. Қазір орталықта 70-тен асқан екі профессор жұмыс істеп жүрміз. Екі дәрігеріміз магистр атағына ие болды, біреуі резидентураны бітіріп жатыр, екі дәрігеріміз PhD докторантурада. Жақында біреуі диссертациясын қорғауы керек. Солар медицина докторы атанса, сосын қатарымыз тағы үш-төрт доктор, профессорлармен толықса деген арманым бар. Бәріміз еліміздің тұрғындарының өмір-жасын ұзартуға көмектесіп, елге еңбек етсек деген ой-тілекпенен, отанымыздың даңқы әлемге белгілі болса, алдыңғы қатарда тұрса деген арман-ниетпен еңбек етудеміз. Медицинаға мемлекет тарапынан көрсетілген ең үлкен көмектің бірі маман даярлау ісі екенін айта кету керек. Елбасының «Болашақ» бағдарламасы арқылы еліміздің кардиохирургтары Жапония, Корея, Германия, Израиль секілді шет мемлекеттерге барып, оқып келді. Соның нәтижесінде науқастар Алматы, Астанаға сабылмай, облыс орталықтарында толықтай тексерулерден өтіп, ота жасата алатын мүмкіндікке ие болды. Отандық медицинадағы басты табыс – осы. Бұған Мемлекет басшысының көрегенділігінің арқасында қол жеткіздік.
Сейтхан Жошыбаев, «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының» директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, II дәрежелі «Барыс» орденінің иегері. Тараз қаласы.