Білім ошақтары жаңа оқу жылына әзір
Білім ошақтары жаңа оқу жылына әзір
Енді бірер күннен соң жарқын жаз бітіп, алтын күз басталады. 1 қыркүйек – Білім күнінде облысымыздағы барлығы 449 мектеп 197 мыңнан астам оқушыны қабылдауға сақадай-сай әзір тұр. Жалпы, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде мұғалімдердің білімді де білікті болуымен бірге, мектептің материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен озық оқу технологияларымен жеткілікті қамтамасыз етілуінің маңызы зор. Бұл іс облысымызда басты назарда ұсталынуда. Өңірде қазірдің өзінде бірқатар білім нысандарының құрылысы қанатын кеңге жайып отыр. Бұл мақсатқа былтыр 10,2 миллиард, ал биыл 7,4 миллиард теңге бөлініп, 24 білім нысанының құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Соның ішінде құрылысы аяқталған бір мектеп жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілсе, ал 2 балабақша, 2 шағын орталық және сегіз мектептің дәл 1 қыркүйек күні бүлдіршіндер мен оқушыларды қабылдауға толықтай мүмкіндігі болады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, биыл жалпы білім беретін мекемелердің 10-ы күрделі, 169-ы ағымдық жөндеу жұмыстарымен қамтылғанын да атап өту ләзім. Бүгінде мектептер үшін ең өзекті мәселе оқушылардың оқулықтармен толыққанды қамтамасыз етілуі екені белгілі. Елбасының білім саласы мекемелерінің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі де осы. Биылғы 2015-2016 оқу жылында 4,5,6 және 11-сыныптарға арналған қайта шығарылған оқулықтар пайдаланылатын болады. ал 1, 2, 3, 7, 8, 9, 10-сынып оқушыларын алдыңғы жылдары шыққан оқулықтармен қамтамасыз ету мектеп кітапханаларының қорынан жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Осы орайда қосымша білім беру әдебиеттерін (жұмыс дәптерлері, атластар, контурлық карталар, тағы басқалары) ата-аналар өз қаражаттарына кітап дүкендерінен сатып алатынын еске салып өткеннің артығы жоқ сияқты. Ата-аналардың осы бастан қамданғаны жөн. Өңір мектептерін оқулықтармен қамтамасыз ету ісі жоспарға сай жүргізілуде. Оқулықтарға қатысты бізге әзірге ешқандай шағым түскен жоқ, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының бас маманы Айдын Досыбаева. Басқарма мәліметіне қарағанда, биыл облыстың жалпы білім беретін мекемелері үшін республикалық «Мектепке оқулықпен!» акциясы аясында қазынадан бөлінген 918 миллион 683 мың теңгеге 1205436 оқулық сатып алынған. Әрбір оқу жылының өзіндік жаңалығы болатыны түсінікті. Осы орайда өңірде бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер санының жылдан-жылға көбейе түсуі байқалуда. Биыл да облыста 26 071 баланың бірінші сынып есігін ашып, алғаш партаға отыратыны белгілі болды. Жаңа оқу жылы, міне, осы бірінші сыныптықтарға қала, аудан әкімдерінің Елбасы атынан «Менің Отаным Қазақстан» кітабын сыйға тартып, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтарды ұлықтайтын танымдық-деректі фильмдер көрсетілуімен басталмақ. Президент, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың өмір жолы үлгісімен құрылған көшбасшылық мектеп бағдарламасы бойынша сабақтар өткізу, «Мәңгілік Ел» патриоттық тәрбие орталықтарын құру ойластырылуда. Сондай-ақ, «100 нақты қадамға» негізделген Ұлт жоспарының 76, 77, 78, 79-қадамдарына сәйкес басқа да іс-шараларды жүзеге асыру жалғасатын болады.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».