Саясат

Мерейтойлық медаль табыс етті

Мерейтойлық медаль табыс етті

Конституция күні қарсаңында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Жарлығымен марапатталған бір топ азаматтарға «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 20 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті. – Кез-келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Осыдан жиырма жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Өткен 20 жылдан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі Ата Заң қағидалары негізінде жүзеге асырылуда, – дей келе, Кәрім Нәсбекұлы жиналғандарды мәртебелі мерекемен құттықтап, өңіріміздің өсіп өркендеуіне ерекше үлес қосып жүрген азаматтарға мерейтойлық медальдарды табыстады. Марапатталғандар қатарында еңбек ардагерлері, жеке кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері және мемлекеттік қызметкерлер бар. «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 20 жыл» мерейтойлық медальдің иегері атанған қаламгер Арғынбай Бекбосын: «Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаевтың қолынан Елбасымыздың Жарлығына сәйкес мерейтойлық медальді алу мүмкіндігіне ие болдық. Мен ғана емес, бірталай азаматтар осындай марапатқа бөленіп отыр. Бұл – әлбетте, Отан алдындағы еңбектің елеп-ескерілгені. Барлық қазақстандықтарды, жамбылдықтарды мерейлі мерекемен құттықтаймын» деді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».