Жастар қолымен сап түзеген…

68

құрылыс нысандарының алды пайдалануға берілмек

Қазір бұрынғыдай емес, елді мекендерде «бізге балабақша, мектеп, аурухана ғимараттары керек» деп өтініш айтатындар азайды. Жыл сайын облысымызда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бірнеше әлеуметтік нысандардың іргесі қаланып, бой көтереді. Бір қуанарлығы, ел игілігі үшін салынып жатқан ғимараттардың құрылыс жұмыстарына жамбылдық жастар да үлес қосуда. Студент жастардың білек түріп, бейнет етуінің арқасында жақсы жұмыстар жүзеге асты.
Осыдан он жыл бұрын өңірімізде студенттер жасағын құру мәселесі көтеріліп, жастардың еңбек маусымын үйлестіру ісі қолға алынған болатын. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының «Әлеуметтік маңызды жоба» шеңберінде жүзеге асып жатқан осынау игі іс аясында он жылдан бері 7 мыңнан аса студент жұмысқа тартылса, биыл 18 жасақтан тұратын 305 адам құрылыс алаңында еңбек етіпті.
«Жас келсе – іске» деген осы да. «Құрылысшы», «Құрылысшы-1», «Құрылысшы-2» жасақтары Меркі ауданындағы 250 орындық емдеу орталығы, 300 орындық мектеп пен 280 орындық балабақша құрылысына қолғабыс жасады. «Кәсіпкерлер» жасағы Байзақ ауданындағы 120 орындық мектеп құрылысының қарқынына қарқын қосса, «Қыран» жасағы Жуалыдағы 280 орындық балабақшаның, «Сұңқар» жасағы Жамбыл ауданындағы 280 орындық мектеп жұмысының жандануына күш салған. «Жігер», «Жалынды жастар» топтары Шу ауданындағы 600 орындық және 150 орындық мектептегі құрылыс жұмыстарына атсалысқан. «Арулар» жасағы Т.Рысқұлов ауданындағы 300 орындық мектепке, «Талас жастары» Талас ауданындағы 250 орындық мектепке, «Береке», «Бірлік» Қордай ауданындағы 250 және 300 орындық мектеп құрылысына көмегін тигізген. Ал қалған «Озат», «Өмір», «Алға», «Бақыт», «Достық» жасақтары Тараз қаласындағы 200 орындық перинаталдық орталық, 280 орындық балабақша, екі көпқабатты тұрғын үй, 300 орындық аурухана құрылысын жүргізуге белсене араласты. Аталмыш құрылыс жасақтары жатын орынмен және түскі аспен қамтамасыз етіліп, әр студентке 40 мың теңге көлемінде еңбекақы төленіпті. Студент үшін бұл аз қаражат емес.
Тараз қаласындағы құрылысын «Корпорация Сенім» ЖШС жүргізген аурухана ғимаратының жұмысы толық аяқталып, ел игілігіне берілгелі тұр. Оған да студенттер үлкен үлес қосты. Дегенмен, Сарысу, Мойынқұм аудандары бұл үрдіске үн қоса алмай, шет қалған. Кім білсін, студент жастар алыс аудандарға баруға ынталы болмаған шығар. Қалай десек те, бұл сауалдың жауабын жауапты мамандардан сұрап-білгенді жөн көрдік. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы облыстық «Жастар орталығының» әлеуметтік бағдарламалар мен жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Төленді Көпбергеновтің айтуынша, алыс аудандарға баруға жердің шалғайлығы кедергі болған. «Оның үстіне Сарысу, Мойынқұм аудандарында биылдыққа салынып жатқан құрылыс нысандары жоқ. Дегенмен, келешекте біз барлық ауданды жастардың құрылыс жасақтарымен қамтуға күш саламыз», – дейді Төленді Жексенбайұлы.
Биыл студенттерден жасақталған құрылысшыларға аудан басшылары да дұрыс көңіл бөлген сыңайлы. Аудандардың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан ауылдарында жергілікті «Жастар орталығының» ұйымдастыруымен сенбі, жексенбі күндері студенттер үшін концерттер өткізілген. Сонымен қатар, оларға бір мезгіл спорттық ойындармен шұғылдануға жағдай жасалған. Қалай дегенде де, облыстық студенттік жасақтың жұмысы жылдан-жылға жанданып келеді.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.