- Advertisement -

Ана, сен жыламағын…

127

- Advertisement -

Үш қабатты зәулім орталық. Медициналық қызмет көрсететін, тынығатын, балалар ойнайтын бөлмелердің іші тап-тұйнақтай, кең де жарық. Мұнда келушілерге әлеуметтік, психологиялық, медициналық көмек көрсететін қызметкерлер қатары да жетерлік.
Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева, облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Арубаев бастаған бір топ лауазым иелері аталмыш ғимарат ішін аралап, бүгінде ана мен баланы аялап, қорғау үшін барлық жағдайлар жасалып жатқандығын тілге тиек етуде. Жыл сайын бөлінетін қаражаттың көбейіп жатқанын айтуда. Атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріп, осындай елде өмір сүріп жатқан балаларымыздың бақытты екендігі де ұмыт қалмай, орталықтағы 5 балаға мектеп құрал-саймандарын сыйға тартты. Аналар қонақтардың тартуына ризашылықтарын білдірсе, балалар өнерлерін көрсете бастады.
Ана
Сен бақыттысың!
Жыламағын.
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңірден мен едім ғой сұрағаның…
Көз жасы тарам-тарам боп аққан 8 жасар Айжанның Мұқағалидың өлеңін ары қарай оқуға шамасы келмеді. Өйткені, мынау зәулім ғимарат, киім-кешек, тарту-таралғы Айжанның жаралы жүрегін бір сәтке де жаза алмаған екен. «Бар жағдайды жасаудамыз, аялаудамыз, қорғаудамыз» деген біздің саясиланып кеткен сөздеріміздің барлығы да бекер екен…
Иә, әрбір әйел баласы Жаратушыдан  сәби тілеп, ана болу бақытын нәсіп етуді сұрайды.  Қара шаңырағының іші баланың бал күлкісіне толып, түтінінің түзу шығуын тілейді.
5 баласы бар Айжанның анасы да тек осыны армандаған еді. Және осынша баласы болғанда облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  «Жамбыл облыстық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығын» паналаймын деп әсте ойламаған-ды. Бірақ…
Өткен жылдың қазан айында ашылған орталықты күні бүгінге дейін 56 ана бала-шағасымен уақытша мекен еткен. Оның 11-і осындағы психологтардың да ықпалымен отбасымен қайта табысқан. Қазіргі уақытта 9 әйел балаларымен бірге паналауда. Оның ішінде, өкінішке қарай, жасы жиырмадан асқан жап-жас келіншек те, зейнетке жақындаған ақжаулықты ана да бар. Ереже бойынша, мұнда 1 айдан 3 айға дейін тұрақтауға болады. Осы уақыт аралығында орталық қызметкерлері жұмыссыз әйелдерге жұмыс тауып беріп, отбасымен қайта табыстырып, моральдық-психологиялық көмек көрсетеді.
Әбігерге толы қазіргі әлемде мұндай орталықтар да керек, әрине. Әйткенмен, ешбір қаракөзіміз бен қарадомалағымыздың онда жәутеңдемегені жақсы еді.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support