Экономика

Бағаны ұстап тұруға бел будық

Бағаны ұстап тұруға бел будық

РыспаеваЖаһандағы экономикалық жағдай көпшілік арасында қилы пікір тудыруда. Жұртты даурықтырып, дүрліктіргісі келетіндер де табылады. Алайда, бос сөз, бөстекі әңгіме қиындыққа тұсау бола ала ма? Міне, мәселе сонда. «Елде болса, ерінге тиеді» деген қазақ халқының қашанда ниеті түзу. Экспорттық өнімдердің өсімін арттыру әрі ірі кәсіпорындардағы жұмыс орнын қысқартпау мақсатынан туындаған теңге бағамын еркін айналымға жіберу туралы шешімге де оң қабақ танытып отырғаны да, сондықтан. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау әлі есімізде. Ірі өндіріс орындары жаппай жабылып, елде жұмыссыздық жайлады. Жұмыссыздықпен күрес жүргізіп, еңсемізді тіктеген кезде де, импорттық тауарларға тәуелділіктің салдары халықтың тұрмыс жағдайына әсер етіп жатты. Елбасы Н.Ә.Назарбаев шағын және орта бизнесті дамытуға баса көңіл бөліп, көптеген тауар түрлері өз елімізде өндіріле бастағанда ғана тұрғындарға тапқан табыстарынан үнемдеп, шамалы қаржы жинауға мүмкіндік туды. Өйткені, отандық өнімдердің бағасы қашанда қолжетімді. Соның арқасында көпшілік банктерге салым салып, жаңа пәтер ала бастады. Автокөліктерін жаңартты. Шағын және ірі кәсіпорындар ісінің алға басуы халық өмірінде осылай көрініс тапты. Ауыл шаруашылығы өркендеп, тұрғындар тұтынатын азық-түлік тауарларының басым көпшілігі өз елімізде өндіріле бастады. Елбасының ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында қабылдаған мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беруде. Олай дейтініміз, қазіргідей қиын-қыстау кезеңде импорттық тауарларға тәуелділік болмайды. Ал Мемлекет басшысы отандық өнімдердің бағасы негізсіз көтерілмейтінін айтты. Қарапайым халық үшін осының өзі үлкен көмек. Иә, кәсіпкерлер осындай қиын шақта халыққа қолдау көрсетуі керек. Себебі, біздің кәсібіміздің өркендеуіне негіз болып отырған осы жергілікті тұрғындар. Олар біз шығарған өнімді тұтынып, өз қолдауын көрсетті. Ендігі кезек бізде. Жасыратыны жоқ, теңге бағамы еркін айналымға жіберілгеннен кейін қазақстандықтар нарық бағасы бірден асқақтап шыға келеді деп ойлады. Бірте-бірте баға өзгеретіні анық. Бірақ, бірден емес. Өйткені, кәсіпкерлер де халықтың бір бөлігі. Олар өнімнің бір түрін өздері өндіргенімен, келесі бір тауар түрін басқа кәсіпорыннан сатып алады. Сондықтан олар бағаның көтерілгені тұрғындардың көңіл-күйіне қалай әсер ететінін біледі. Сол үшін бірқатар кәсіпкерлер ондай қадамға баруға асықпауда. Шығаратын өнімдерімізге қажетті тауарларды шет мемлекеттерден сатып алатындықтан, өнім өсіміне доллар бағамының құбылмалылығы едәуір әсер етеді. Қағаз, баспаханаға қажетті бояулар және тағы басқалары Қазақстанда шығарылмайды. Соған қарамастан біз осы айдың аяғына дейін бағаны көтермейміз деп шештік. Ал бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін тапсырыс берушілеріміз үшін бағаны ұстап тұруға бел буып отырмыз. Тұрғындарға моральдық тұрғыда көмек көрсетуіміз керек. Оларға қалыптасқан жағдайға бой үйретіп, қиындықпен күресуге білек сыбана кірісуі үшін әлі де шамалы уақыт қажет. Сондықтан біз өз тұтынушыларымыздың өтініш-тілектерін ескерусіз қалдырмауға тиіспіз.

Сәуле Рысбаева, «Рысбаева и Ко» жауапкершілігі шектеулі  серіктестігінің директоры.

Тараз қаласы.