Дүние және дағдарыс
Дүние және дағдарыс
Қытай
Юаньды құнсыздандыру бағытын ұстанады Тамыз айының осы аптадағы дүйсенбісі азиялық рынок үшін нағыз «қара дүйсенбіге» айналды. Азиялық рынокта Қытай акциялары құлдырап кетті. Сол-ақ екен өңірдегі басқа рыноктардағы ахуал да шиеленісті. Токио биржасы дүйсенбі күні 2,44 пайызға төмендесе, Гонконг биржасы 3 пайызға дейін құлдырады. Дүйсенбі күні биржа жұмыс істей бастаған алғашқы бірнеше минуттың ішінде Жапонияның Nikkei индексі соңғы 5 ай ішіндегі ең төменгі деңгейге құлдыраса, Shanghai Composite шанхайлық индексі 8 пайыздан астам деңгейге дейін төмендеді. Инвесторлар ерекше алаңдаушылық танытуда. «Бұл не деген сұмдық? Котировкалардың үнемі тоқтаусыз құлағанын бұрын-соңды кім көрген? Бір күн құлады, екі, үш, төрт күн құлады, бес күн қатарынан… Міне, бесінші күн қатарынан құлдырауда, көтерілетін түрі жоқ. Әдетте, құлдыраудан кейін қайтадан көтерілу болушы еді. Бұл жолы оның ешбір нышаны байқалмайды. Мұндай жағдайда инвесторлар қайтіп жұмыс істемек? Ендігі әрекеттің бәрі тек шығынға батыруда! Біз қазірдің өзінде осы уақытқа дейін тапқан табысымыздан айырылдық» дейді олар. Инвесторлардың алаңдайтын-ақ жөні бар. Соңғы күндері Қытай экономикасында қалыптасқан ахуал және соңғы 6 жыл ішінде болып көрмеген ең төменгі деңгейге дейін құлаған мұнай бағасы әлем экономикасын шын мәнінде терең тығырыққа тіреді. Сарапшылардың болжамы бойынша, Қытай алдағы уақытта да юаньды құнсыздандыру бағытын ұстанады. Ал бұл әлемдік экономика үшін тағы да үлкен соққы болмақ. Македония Босқын тасқынынан қиындықтарға ұшырауда Македония үкіметі ел аумағында топталып қалған заңсыз мигранттарды Еуропалық одақ шекарасына жеткізу үшін арнаулы көліктер ұйымдастыруда. Үкімет бөлген автобус және пойыздармен мыңдаған босқындар Сербия шекарасына сапар шегуде. Македония мемлекеті Еуропалық одақ мемлекеттеріне ағылған босқындардың орталығына айналуда. Алақандай мемлекет ондаған мың босқын тасқынынан күрделі экономикалық және әлеуметтік қиындықтарға ұшырауда. Ондаған мың адамды тасуға қажетті көлік те жоқ. Алайда, Македония қалыптасқан жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. «Ахуалды толық бақылауда ұстап келеміз. Біз солтүстікке қарай сапар шегетін адамдарды тіркеу үшін орталық құрдық. Әзірге бәрі рет-ретімен жүргізілуде», – дейді Македония қорғаныс министрі Зоран Йолевский. Грекия, Македония және Сербия арқылы Батыс Еуропаға жетуге ұмтылған заңсыз мигранттар қатары күннен-күнге көбейіп барады. «Балқан дәлізі» аталатын осы жолмен Еуропадағы «жұмаққа» ұмтылған адамдар қатары сирейтін емес. Еуропа шекарасына шоғырланған босқындар саны соғыс өрті лаулаған Сирия, Ирак және Ауғанстаннан қашқан босқындармен толығуда. Тек соңғы айдың өзінде ғана бұл «дәліз» арқылы 40 мың адам шекарадан асуға ниеттеніп отыр. Өткен аптада Македония мемлекеті Грекия мемлекетімен арадағы шекарада төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Топан судай қаптаған босқындарды күшпен ғана тоқтатып отыр. Түбегейлі шешім қабылдамаса, бұл мәселенің одан әрі ушығып, кәрі құрлықты күрделі қақтығысқа соқтыруы әбден мүмкін. Иран Мұнай өндіруді арттырады Мұнай рыногындағы өз елінің үлесін қорғап қалу үшін Иран қандай жағдай болса да мұнай өндіру көлемін арттыратын болады, деп мәлімдеді мемлекеттің мұнай министрі Биджан Намдар Зангане. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Иран мемлекеті ОПЕК елдері тарапынан мұнай бағасының төмендеуіне байланысты шаралар қабылдау жөніндегі шұғыл отырыс шақыру шешімін қолдайды, – деді Зангане. Оның ойынша, бұл басқосу мұнай нарығындағы бағаның тұрақтануын қамтамасыз ету үшін тиімді шешімдер іздестіруі тиіс. Бұдан бұрын мәлім болғандай, мұнай нарығындағы бағаның құлдырауын тоқтатудың амалын іздестіру үшін ОПЕК мәжілісін шақыру туралы Алжир мемлекеті бастама көтерген болатын. Бұл шақыруды Ливия және Венесуэла мемлекеттері қолдады. Енді осы шақыруға Иран да өз келісімін беріп отыр. Мұнай бағасының бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін құлдырауына қарамастан ОПЕК мұнай өндіру көлемін төмендетпей келеді. Қазір әлемдік рынокта мұнай өнімінің сұраныстан едәуір асып кеткендігі белгілі. Шілде айында ОПЕК тарапынан өндірілетін мұнай көлемі тәулігіне 32,1 миллиард баррельді құрады. Ал әлемдік рыноктағы мұнай бағасы күннен-күнге төмендеп барады. Дүйсенбіде WTI маркалы мұнайдың әрбір баррелінің бағасы 40 доллардан төмендеп кетсе, Brent мұнайының әрбір баррелі 45 доллардан төмендеген. Грекия Жаңа үкімет жасақтау мүмкіндігі берілді Грекия президенті Прокопис Павлопулос жаңа үкімет құру мандатын – «СИРИЗ» партиясынан бөлініп шыққан «Халық бірлігі» қозғалысының көсемі Панайотис Лафазаниске берді. Грекияда бұрын-соңды болмаған нағыз саяси дағдарыс орын алуда. Осыдан бұрын жаңа үкімет құру мандатын алған оппозиция серкесі Вангелис Меймаракис көпшілікті әуре-сарсаңға салып, жаңа үкімет құру мүмкіндігін іс жүзіне асыра алмады. Саяси сарапшылардың айтуынша, Лафазанистің Алексис Ципрастан айырмашылығы, ол несие берушілермен қандай да болсын келісім жасауға үзілді-кесілді қарсы. «Біз бұл мандатты еліміз үшін бүгінде ең қажетті бір мәселе – үнемдеу саясатына тұрақты түрде қарсылық білдіретін жаңа парламент құру үшін пайдаланамыз», – дейді ол. Тамыз айының басында «Үшінші көмек бағдарламасы» туралы шартқа дауыс беруден премьер-министр Алексис Ципрастың көптеген жақтастары бас тартқан болатын. Осының салдарынан бұл коалиция парламенттегі көпшілік дауыстан айырылды. Оның құрамынан «Халық бірлігі» қозғалысы бөлініп шықты. Ал Ципрас отставкаға кетуге мәжбүр болды. Сарапшылардың айтуынша, Лафазанистің жаңа министрлер кабинетін құру жөніндегі талпынысы ең соңғы мүмкіндік болып отыр. Егер үш күн ішінде ол жаңа үкімет жасақтай алмайтын болса, техникалық үкімет жасақтауға мәжбүр болады. Ал бұл саяси дағдарыс мерзімінен бұрын сайлау жүргізуге алып келеді. Италия Босқындар арасында балалар көп Италия мемлекетінің төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі елге келіп жатқан заңсыз мигранттардың арасында кәмелетке толмаған жастардың көп екендігіне алаңдаушылық білдірді. Осы аптаның басында Сицилиядағы Палермо теңіз айлағына Жерорта теңізіндегі апаттан құтқарылған 550 босқын жеткізілді. Олардың 130-ы ата-анасы жоқ 14-17 жас аралығындағы балалар болып шықты. Апаттан құтқарылған жеткіншектер қауіпті «теңіз сапарына» ешкімнің бақылауынсыз шыққаны мәлім болды. Бұл балалар шұғыл түрде сауықтыру орталықтарына жөнелтілді. Сол күні Сардиния аралына 963 заңсыз мигрантты тиеген Норвегия кемесі келді. Олардың басым көпшілігі Сириядағы соғыстан бас сауғалаған босқындар болып шықты. Босқындар арасында ата-анасынан айырылған балалар шоғыры да көп. Сицилия бұғазында күн сайын апатқа ұшыраған мыңдаған мигранттарға көмек көрсетілуде. Теңіз апатына ұшыраған босқындарды құтқару шараларына Италияның әскери кемелері көптеп тартылуда.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.