Жамбылда не жаңалық?
Жамбылда не жаңалық?
Тараз Қалалық Мәдениет үйінің ұйытқы болуымен ҚР Тұңғыш Президент саябағында «Мәңгілік Ел – асқақ әнім» атты ардагерлерден құрылған көркемөнерпаздар ұжымдарының концерті ұйымдастырылды. Мерекелік шара белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін Тұрар Бердіқожаевтың орындауымен басталды. «Ардагерлер» ансамблі шарықтата шырқаған «Көк Тудың желбірегені» патриоттық әні тыңдағандардың тұла бойын шымырлатты. «Красная гвоздика» ардагерлер хор ұжымы әдемі әндерімен сахнаға сән берді. Осы ұжым мүшесі Антонина Белаева ән орындап, көрермендердің көңілін көтерді. «Асыл аналар» ансамблі орындаған «Домалақ ана», «Үш қоңыр» әндері де құлақтан кіріп, бойды алды.
Жуалы Аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмысын ширату мақсатында өткен семинарға облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Нәреим Сейдуалиев, аудан әкімінің орынбасары Айбар Әділбақов, ауылдық округтердің әкімдері, бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары мен мүшелері қатысты. Семинарда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай ардагерлердің тыныс-тіршілігін қамтыған баяндама жасап, бірқатар ұсыныстар айтты. Мойынқүм Ағымдағы жылдың 6 айында өтініш берген жұмыссыздар саны 415 адам болса, ресми тіркелгендер саны 348 адам, оның ішінде тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны 242 адамды құраған. Тиісті мерзімде қайта даярлау мақсатында 20 жұмыссыз азамат оқытылған. Оларға оқығаны жөнінде сертификаттар беріліп, 10 азамат тұрақты жұмысқа жолданып, қаралған қаржының 1200,0 мың теңгесі игеріліпті. Қордай Аудандық мәдениет үйінде өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде «Техногранит», «Жиһаз-2», «Кәмшат-Әсел» ЖШС тәрізді ірі кәсіпорындармен қатар, қырықтан астам жұмыс беруші мекемелер мен ұйымдар барлығы 174 бос жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижеде 94 адамға тұрақты жұмысқа жолдама берілсе, 10 адам омарташының курсына оқуға жіберілді. Ал төрт адам қоғамдық ақылы жұмыстарға тартылып, бір адам жастар тәжірибесі бойынша өзіне кәсіп тапты. Шу Конституцияның 20 жылдығы қарсаңында, аудандағы үкіметтік емес ұйымдар «Евразия» білім орталығында Маржан және Нұржан Рахимовтардың ұйымдастыруымен «Ата заң Тәуелсіздік пен тұрақтылықтың теңдесіз тартуы» атты мәдени, спорттық – сауықтыру іс-шарасын өткізді. Шараға қатысушылар 3 топқа бөлінді. Қазылардың қорытындысы бойынша І-ші орынды «Әділет» тобы, ІІ-ші орынды «Абзал» тобы, ал ІІІ-ші орынды «Ізгілік» тобы қанағат тұтты.