Қазақстан мен Пәкістан
Қазақстан мен Пәкістан
халықаралық ұйымдар аясында ынтымақтасуға ықыласты
Елбасы Қазақстанға ресми сапармен келген Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Наваз Шарифпен кездесті. Кездесуде сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар сөз болды. Қазақстан Президенті Пәкістанның жүйелі дамуындағы Н.Шарифтің атқарған рөлін атап көрсетті. – Сіз күрделі жағдайда елде экономикалық және саяси реформаларды табысты іске асырып, Пәкістанның беделі мен рөлін көтеретін белсенді халықаралық саясат жүргізіп отырсыз. Қазақстан мен Пәкістан орналасқан өңірдің елдері өзара сауда және мәдени қарым-қатынастар тұрғысынан әрдайым тығыз байланысты болды. Ілгеріде сіз біздің бұрынғы астанамыз Алматыға келген болатынсыз. Содан бергі аз уақыт ішінде біз жаңа елорда салдық, оны бүкіл қазақстандықтар мақтан тұтады. Бұл қала – біздің тәуелсіздігіміз бен еліміз егемендік жылдарында жеткен жетістіктердің символы, – деді Мемлекет басшысы. Н.Шариф Нұрсұлтан Назарбаевқа шақыртуы үшін алғыс айтып, екі халықтың байланыстарының сан ғасырлық тарихы бар екенін атап өтті. – Мен сіздің көшбасшылық қасиетіңізге тәнтімін және сізді ерекше қабілет иесі деп есептеймін. Бүгінде Астанадан біздің көретіндеріміздің бәрі – сіздің еңбегіңіз, – деді Пәкістан Премьер-министрі. Қазақстан Президенті өз сөзінде Н.Шарифтің сапары екіжақты қарым-қатынасты жандандыруға тың серпін беретініне сенім білдірді. – Қазақстандықтар еліміздің тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып Пәкістанның танығанын ешқашан ұмытпайды. Халықаралық күн тәртібіне қатысты ұстанымдарымыздың ұқсастығы, сан ғасырлық достық және мәдени байланыстар бізді жақын әрі бауырлас елдерге айналдырады. Бүгінгі ахуал жағдайында қарым-қатынастарымыздың жаңа кезеңін бастау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланатын уақыт жетті. Сіздің сапарыңыз дәл осы мақсатқа сай келетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы. Пәкістан Премьер-министрі біздің елге деген айрықша көңілі мен Нұрсұлтан Назарбаевпен арадағы жылы қарым-қатынасы туралы айтты. – Мен Қазақстанды өзімнің екінші мекенім санаймын, сондықтан сіздің елге көп жылдан кейінгі сапарым айрықша әсерге бөледі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сізді өзіңізге қолайлы уақытта Пәкістанға келуге шақырамын. Бұл – менің Астанаға бірінші келуім. Бұл қала сіздің көрегендігіңіздің символы деп санаймын. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан зор әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге жетті, – деді Н.Шариф.Ол сондай-ақ Пәкістанның Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық аясын кеңейткісі келетінін атап көрсетті. – Біз энергетика, сауда және экономика, көлік салаларын қоса қамтитын көптеген салаларда қарым-қатынасты дамытқымыз келеді. Осыған байланысты Қазақстанды Қытай-Пәкістан көлік жүйесінің жұмысына атсалысуға шақырамыз. Бұл сіздің ел және осы өңірдегі басқа да мемлекеттер үшін Парсы шығанағына шығуға жол ашады, – деді Пәкістан Премьер-министрі. Сонымен қатар Н.Шариф Нұрсұлтан Назарбаевты, сондай-ақ бүкіл Қазақстан халқын Қазақ хандығының 550 жылдығымен және ел Конституциясының 20 жылдығымен құттықтады. Қазақстан Президенті мен Пәкістан Премьер-министрі келіссөздердің қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз брифингін өткізді. Брифингте Қазақстан Президенті келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымдағы мәселелері қозғалғанын және өңірдің ахуалы, соның ішінде Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы жағдайдың талқыланғанын атап өтті. Мемлекет басшысы көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты дамытуға айрықша көңіл бөлінгенін, екі елдің тауар айналымы деңгейін арттырудың осыған байланысты екенін айтты. – Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және Қарақорым жолы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізеді деп санаймын. Сонымен бірге «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолы Пәкістанның теңіз порттарына шығуға жол ашады. Осы көлік байланыстары бізге сауда және экономикалық қарым-қатынастарды жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев өнеркәсіпке, фармацевтикаға, энергетикаға, әскери-техникалық салаға, ғылымға және басқа да маңызды бағыттарға қатысты Қазақстан мен Пәкістанның нақты қадамдары туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты. Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, химия және жеңіл өнеркәсіп, банк секторы сияқты салаларда ынтымақтастықты жолға қою мақсатында Іскерлік кеңес құрылғанына да тоқталып өтті. Сонымен қатар, Пәкістан Премьер-министрі делегациясының құрамында іскер топ өкілдері де келді. Мемлекет басшысы Пәкістан Н.Шарифтің басшылығымен экономикалық өсім қарқынын үдетіп, әлемдік саясаттағы салмақты орны бар елге айналып келе жатқанын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін өткізу, «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу құқығы үшін дауыс беру, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі мәселелеріне қатысты біздің елімізді Пәкістанның қолдағанына және бүгінгі таңда Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын да қолдап отырғанына назар аударды. Осыған орай Мемлекет басшысы Пәкістан тарапына зор алғыс білдірді. Пәкістан Премьер-министрі жылы қабылдау мен қонақжайлық үшін алғыс айтып, жаңа елорда – Астана қаласы Қазақстанның ілгерілеуі мен өркендеуінің символы болып саналатынын атап өтті. – Мені Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел басшылығының арқасында Қазақстанның қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық прогресінің ауқымы тәнті етті. Біз елдеріңізге алдағы уақытта да табыс пен бақ-береке тілейміз. Біздің мемлекеттерімізде қарым-қатынас пен өзара ынтымақтастықты жақсартуға қажетті зор әлеует бар, – деді Н.Шариф. Ол сапар барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерді талқылағанын да айтты. – Біз білім және ғылым, экономика, көлік, кеме құрылысы, сондай-ақ әуе қатынасы салаларындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға келістік. Қазақстан мұнайы мен газының импортына, жеңіл өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, фармацевтика және басқа салаларда бірлескен кәсіпорындар ашуға қатысты уағдаластықтарға қол жеткізілді, – деді Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі. Н.Шариф екіжақты қатынастардағы институционалдық тетіктерді нығайту интеграциялық үдерістерге, бүкіл өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға оң ықпал ететінін айтты. – Қазақстан мен Пәкістан ШЫҰ және БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар аясында бұдан әрі де ынтымақтасуға ықылас танытып отыр, – деп атап өтті Н.Шариф.