Экономика

Сенімді ақтау үшін талмай тер төгу керек

Сенімді ақтау үшін талмай тер төгу керек

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев таразда арнайы іссапармен болды

IMG_9290-Еліміздің елдігін танытатын мерейлі дата – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы таяған сайын өңіріміздегі дайындық жұмыстары қыза түсті. Тотыдай таранған Тараз шаһары түрленіп, жаңа құрылыс нысандарымен ажарланып келеді. Қазақ халқының тамыры терең тарихын күллі әлемге танытатын мерейтой аясында атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтау мақсатында өңірімізге Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы келіп, тынымсыз тірліктің куәсі болды. Сонымен қатар, теңгенің еркін айналымға жіберілуіне орай сауда орталықтарындағы баға тұрақтылығын да барлап көрді. Алдымен вице-премьер елдіктің тойы қарсаңында Тәуке хан көшесінің бойында іргесі қаланып жатқан «Мәңгілік ел» монументі басындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, өз бағасын берді. Аталмыш ескерткіштің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жоба құны – 256,4 миллион теңгені құраса, ескерткішті дайындау және орнату мақсатында «КазАртСистем» ЖШС-мен келісім-шарт жасалыпты. Қазіргі таңда ескерткіш маңайын көгалдандыру жұмыстары қолға алынуда. Мұндағы жұмыс қазан айының басында аяқталмақ. Бұдан кейін шамамен 250 адамды жұмыспен қамтып отырған іргелі сауда орталықтарының бірі – «Скиф Трейдке» арнайы ат басын бұрып, мұндағы бағаның қай шамада екенін көзімен көрді. Халық көп тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасы сауда орталығында бұрынғыдай сақталыпты. Бердібек Машбекұлымен бірге жүрген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, қала әкімі Нұржан Календеров мырзалар вице-премьердің сауалдарына нақты жауаптар беріп, азық-түлік бағасының шарықтап кетуіне ешқандай негіз жоқ екенін сөз етті. Бұл мәселе күн тәртібінен түспейтінін, қатаң қадағалауда болатынын да айтып өтті. IMG_9341- «Картоп, сәбіз, ет өнімдері, тағы өзге халық көп тұтынатын азық-түлік тауарларында импорттың титтей де үлесі жоқ. Сол себепті олардың бағасын өсіру миға қонбайды. Отыз пайыз тауар импорттың үлесінде екен. Оған бағаны өсіруге болғанымен, алдымен теңге еркін айналымға жіберілмей тұрған кезде сауда орталығына түскен тұрмыстық-техникалық тауарларды бастапқы бағамен өткерулеріңіз керек. Болмайтын жерден пайда табуға ұмтылмаңыздар» деді Бердібек Машбекұлы мұндағы жағдайды көзімен көрген соң. Аталмыш сауда орталығында баға тұрақты. Әсіресе, халық соңғы кездері қол жетпей кетті деп жүрген қант мұнда келісі 150 теңгеден сатылуда. «Қантты қаппен саудалап жатқан жоқпыз. Өйткені, көтерме бағамен көптеп алып, елге қымбат бағамен саудалағысы келетіндер баршылық» деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мәселені түсіндіріп. Бұдан кейін Бердібек Машбекұлы бастаған топ Тараздың батысындағы Атшабарға арнайы соғып, мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарды саралады. Атшабардағы құрылыс жұмыстарымен «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. 2000 адамға шақталған көрермендер орны, қонақтарға арналған орын бой көтеріп, су жүйелері жүргізілетін бұл нысанда тұңғыш рет поло ойын алаңы салынбақ. Көгалдандырылған алаңда мерейтой аясында алғаш рет өңірімізде поло ойынының тұсауы кесілетін болады. Қазіргі таңда ат спортымен әуестенгендер Мәскеу төрінде аталмыш ойынның қыр-сырын меңгеріп жатыр. Тұсаукесер ойынды Елбасының өзі тамашаламақ. Жалпы, қазірдің өзінде бұл нысанда қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мердігер серіктестік өкілдері жұмысты қыркүйек айының соңында толық аяқтауды көздеп отыр. Қазірдің өзінде мұнда су жүйесі жүргізілген. Таяу күндері шым төселеді екен. «Нысандағы жұмыс жүйелі жүргізіліп, дер кезінде тапсырылуы керек. Поло ойынын жақсылап меңгеріңіздер. Елбасы арнайы келіп, тамашалағанда поло ойнамасаңыздар ұят болады ғой» деді вице-премьер мұндағы жұмысты саралап. Бұдан бөлек вице-премьер бастаған топ Төле би көшесінің бойында орналасқан көпірді жаңғырту, Тұңғыш Президент саябағы маңындағы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарымен де танысып, жоспардағы тірліктерді тезірек тындыру қажеттігін еске салды. IMG_9179Вице-премьер бастаған топ келесі кезекте Қарахан баба кесенесінің маңындағы жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарының қарқынын барлады. Бұл жерде атқарылып жатқан жұмыс та қомақты. Қызылорда мен Қостанай облысының мерейтойға тартуы ретінде тарихта қалатын нысан маңындағы субұрқақтағы құмырадан баяу сылдырлап аққан мөлдір су сонадайдан көз тартады. Ерекше архитектуралық шешім екен, көрген көзге бірден байқалады. «Мұндағы жұмыстар өз уақытымен атқарылуда. Қарахан кесенесіне барар жол әлі-ақ құлпыра түседі. Оның бәрі – тынымсыз тірліктің жемісі» деді Кәрім Нәсбекұлы, мұндағы жұмыстың жайына үңіліп. Мұнан соң бұрынғы орталық базардың алдындағы Жамбыл баба ескерткішінің маңында атқарылып жатқан жұмыстар да вице-премьердің назарынан тыс қалмады. «Бұл маңға теріскей бағыттан Айша бибі, Қарахан баба секілді өңір тарихынан сыр шертетін тұлғалардың суреттері орналастырылатын болады. Жұмыс қарқыны күн өткен сайын үдей түсуде» деді өңір басшысы баба ескерткіші маңындағы тындырылып жатқан тірліктерді сөз етіп. Иә, хандықтың тойына Алматы облысының сүбелі үлесі, тамаша тартуы алдағы уақытта қала ажарын аша түсері анық. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев аялдаған келесі нысан «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы болды. Ол мұндағы тарихи-мәдени нысандағы құрылыс жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын көріп, ашық аспан астындағы музейдің алдағы уақытта қандай кейіпте бой көтеретінін сұрады. Қыруар қаржы бөлінген нысанда жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен таныстырған облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев түстік жақтан келген келушілер музей ішін аралайтынын, жұмысшылар екі ауысымда тер төгіп жүргенін сөз етті. Қазірдің өзінде бой көтеріп қалған нысанның шатыры жақын арада жабылмақ. Бүгінгі таңда нысандағы атқарылуға тиісті жұмыстардың 65-70 пайызға жуығы орындалыпты. Хандықтың тойына ең басты тартудың біріне баланып отырған нысандағы жұмыс толығымен қыркүйек айының 25 жұлдызында түйінделеді деп күтілуде.Құрылыс басында 200 жұмысшы уақытпен санаспай, екі ауысымда тер төгіп жатыр. «Ілкі сәтке де дамылдауға хақымыз жоқ. Нысан басындағы қызметкерлер 24 сағат бойы аянбай еңбектенуде. Жоспарға сәйкес дер кезінде аяқтайтынымызға сеніміміз мол» деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өз сөзінде. Музей маңында байырғы дәуірден сыр шертетін ескі моншаның орнында қазіргі кезде республикалық реставрациялау жұмыстары талапқа сай жүргізілуде. Бұл нысан да өңір тарихынан сыр шертіп, ұлы тойда тамашалаушыларға үлкен әсер сыйлайтын болады. Бердібек Машбекұлы сонымен қатар, «Тараз саздары – домбыра» стелласы, «Мыңбұлақ» шағын бағы маңындағы атқарылып жатқан жұмыстар легімен танысып, өзіндік пікірімен бөлісті. Мұндағы жұмыстармен Астана, Алматы қалалары, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының азаматтары айналысуда. Бірқатар нысандардағы құрылыс жұмыстарымен танысқан Бердібек Сапарбаев: «Ұлы той қарсаңында атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Тек әрбір нысан дер кезінде тапсырылып, оның сапасы елдің үдесінен шығуы керек. Бұл мерейтой – еліміздің елдігін, мемлекетіміздің мерейін асыратын той. Сондықтан ілкі сәтке де босаңсуға хақымыз жоқ. Барлық жұмыстар талапқа сай жүргізілгенде ғана толымды нәтижелерге қол жеткіземіз. Ол өз кезегінде төккен теріміз бен еткен еңбегіміздің өтеуі болады. Сондықтан бір минутта дамылдамай, жұмысты ширата түсуіміз қажет», – деп өз ойын ортаға салды. IMG_9006 Бұдан кейін вице-премьер хандықтың тойы қарсаңында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан облыстық қазақ драма театрына арнайы ат басын бұрып, мұндағы атқарылған тірліктерді бағалады. 500 миллионнан астам қаржы қарастырылған мәдени-рухани орда бүгінгі таңда талапқа сай безендіріліпті. «Бердібек Машбекұлы, біздің облысымызда өзі жалғыз театр ғимараты бар. Осы ғимараттың ішінде қазақ және орыс театрлары халыққа қызмет көрсетеді. Бұл нысандағы жұмыстар да өз деңгейінде жүргізіліп жатыр» деді облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы вице-премьерге мән жайды түсіндіріп. Бұдан кейін облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев та театрда өтетін шаралар барысына тоқталып, дайындық шараларының жоспарға сәйкес жүргізілетіндігінен хабардар етті. Бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандардың басы-қасында болып, жағдаймен танысқан Премьер-Министрдің орынбасары соңыра ТарМПИ-дің мәжіліс залында алқалы жиын өткізді. Басқосу барысында Бердібек Машбекұлы: «Билік тарапынан берілген тапсырмалар негізінен тиянақты орындалып жатқанын көзімізбен көрдік. Облыстар да өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға білек сыбанып кіріскенін көзіміз шалды. Дегенмен, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары тиісті жұмыстарды енді-енді қолға алды. Аты аталған өңірлердің басшылары мен Жамбыл облысы әкімі арасында келісім бар. Ең басты жұмыс, әрине, ашық аспан астындағы музей және этноорталық. Бір ай бұрынғы уақытпен салыстыра қарағанда әлбетте ілгерілеушілік байқалады. Алайда тоқмейілсіп, тоқтап қалуға болмайды. Барлық нысандар уақытында тапсырылуы тиіс. Дәл бүгін көргеніміздей, қарқынмен әрмен қарай жұмысты ширата түсетін болсаңыздар, межеленген мерзімде барлық нысандағы жұмыстар аяқталатынына сенім мол. Тек сенімді ақтау үшін талмай тер төгу керек», – деп өз ойын білдірді. Сонымен қатар, өңіріміздегі азық-түлік бағасының қалыпты деңгейде сақталып отырғанын сөз еткен вице-премьер халық тұтынатын негізгі тауарлар саны отыз үш болса, оның екеуі ғана елімізде өндірілмейтінін алға тартып, қалған азық-түліктердің бәрі дерлік өңірде жеткілікті екеніне назар аударды. Жиын барысында «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров сөз алып, кәсіпорындағы жағдай тұрақты екеніне, жұмысшылардың жалақыны уақытында алып отырғанына тоқталды. Өздері өндіретін өнімнің басым бөлігі шетелдерге экспортталатын кәсіпорында алты мыңға жуық өңір тұрғындары қызмет етеді. Серіктестік жетекшісі теңге еркін айналымға жіберілгелі доллар бағамының нақты тұрақталмай тұрғаны жұмыстарына аздап кедергі келтіргенімен, жағдайдың бақылауда екенін де айтып өтті. «Доллар бағамы түске дейін бірқалыпты болса, түс қайта басқаша құбылады. Осы мәселе тезірек реттелсе екен» деген тілегін де жеткізді ол. Бұдан кейін «Тамақ» ЖШС-ның директоры Гүлмира Қоңқашева сөз сөйлеп, серіктестікте 300 адам жұмыспен қамтылғанын, олардың жалақысы тұрақты екенін тіліне тиек етті. Сонымен қатар соңғы аптада серіктестік өніміне деген сұраныстың артқанын, сол себепті 26 вагон өнім сыртқа жөнелтілгенін де әңгімеге арқау қылды. «Ақиқатын айтқанда соңғы он бес жылдың бедерінде мұндай үлкен сұраныс болған емес» деді ол бүгінгі жағдайға көз жүгіртіп. Жалпы, облыс орталығында да, аудандарда да бағаны тұрақтандыру мақсатында арнайы штаб құрылған. Бүгінгі таңда облыс әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Осы мәселелерге кеңінен тоқталған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жағдайдың ұдайы қадағалауда болатынына тоқталып, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту үшін барлық күштің жұмылдырылғанына назар аударып, мәселенің мәнісіне терең үңіліп, арнайы ат басын бұрған Премьер-Министрдің орынбасарына алғысын білдірді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.