Денсаулық

Қордай ауданында 1081 адам тұрақты жұмыспен қамтылған

Қордай ауданында 1081 адам тұрақты жұмыспен қамтылған

1440561034_4«Биыл Қордай ауданында жұмыспен қамту бағдарламасы аясында жұмыссыз азаматтарға арналған қайта даярлау курсын ұйымдастыру мен біліктілігін арттыру, қоғамдық жұмыс, жастар практикасы мен әлеуметтік жұмыс орындары үшін жергілікті бюджеттен 78131 мың теңге бөлінді. Жыл басынан бері аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмыссыз ретінде тіркелу үшін 1775 адам өтініш білдірген. 1 тамызға дейін азаматтарға жұмыс тауып беру мақсатында жүргізілген жұмыстардың арқасында 1081 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 112 адам әлеуметтік жұмыс орындарына және 58 адам жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасты. Одан бөлек, арнайы білім мен мамандығы, кәсібі жоқ азаматтар үшін қоғамдық ақылы жұмыстар ұйымдастырылған. Жыл басынан бері аудан бойынша бұл бағытқа 221 жұмыссыз тартылған». Мұндай ресми деректі аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде айтты. Жәрмеңкенің тиімділігі сол, мұнда жұмыс іздеуші азамат тікелей жұмыс берушінің өзімен тілдесіп, өзіне ыңғайлы жұмысына орналаса алады. Мәдениет үйінде өткен жәрмеңкеге «Қазпошта» АҚ, аудандық орталық аурухана, аудандық мұражай, «Техногранит» ЖШС, «Жихаз-2» ЖШС, «СССР» кешені, «Камшат-Әсел» ЖШС сынды ірі мекемелер бастаған 45-ке жуық ұйым, кәсіпорындар 174 бос жұмыс орындарын ұсынды. Жұмыс іздеп келгендер мамандарға өз сұрақтарын қойып, қажетті ақпаратын ала алса, сәйкесінше, ұйымдастырушылар да азаматтардан өздеріне керекті мәліметтерін жинай алды. Нәтижесінде жұмысқа орналасуға 94 азамат жолдама алса, 10 адам омарташының курсына оқуға жіберілді.  Ал, 4 адам қоғамдық ақылы жұмысқа жіберілсе, 1 адам жастар тәжірибесі бойынша жұмысты болды.