- Advertisement -

Дәрігер болуды армандаған жамбылдық 116 студент оқудан шығарылмақ

93

- Advertisement -

Алматының Асфендияров атындағы Медицина университетінің 116 студенті Жамбыл облысының бюджетінен бөлінген қаржы бойынша тегін білім алып келген еді. Ал кейін гранттың заңсыз екені анықталып, студенттер не істерлерін білмей қалды.

Енді дәрігер болуды армандаған жамбылдық жастар ауылға дипломсыз қайтпақ деп хабарлайды КТК арнасы.

24 тамызда солардың бір тобы ата-аналарымен бірге университетке барып, алдағы жағдайларының қалай болатынын білуге тырысты. Бірақ ол жердегілер де оқу ақысын даулаған топты қуанта қоймады.

1 жылға созылған дау әлі шешімін табар емес. Бастапқыдағы үшжақты келісім бойынша оқу ақысын облыс әкімдігі төлемек болған. Бірақ бұл көмек кезінде Жамбыл облысындағы маман тапшылығын жоямын деген ниетпен осындай ұйғарым жасаған Қанат Бозымбаев басқа аймаққа басшы болып кетісімен мүлдем тоқтап қалыпты. Содан бері жамбылдықтардың қақпаған есігі жоқ. Медицина университетінің басшылығы да жағымды жаңалықпен қуанта қоймады.

Балалардың уақытын алды, өміріне, тағдырына балта шапты, былайша айтқанда оларды жарты жолға келгенде тастап кетті

“Жиналыста сол оқушылардың осы уақытқа дейін төлемеген ақшасы егер төленбесе 25 тамыздан бастап оқудан шығарылады”, – дейді Жамбыл облысының тұрғыны Гүлжамал Ыбыраева.

Енді әрі қарай білім аламын деген түлек өткен оқу жылы үшін 400 мың теңге төлеуге міндетті. Бұған қоса, әр жыл сайын 800 мың теңге оқу ақысын  да өздері төлейді. Бірақ әкімдік грантымен білім алып келгендердің бәрі тұрмысы төмен отбасыдан шыққандар.

“Мен 800 мың тұрмақ, 80 мың теңге төлей алмаймын. Жұмыс істемеймін. Балалардың уақытын алды, өміріне, тағдырына балта шапты, былайша айтқанда оларды жарты жолға келгенде тастап кетті”, – дейді Жамбыл облысының тұрғыны Әсима Байназова.

Ал егер тиісті ақшаны төлемесе, 25 тамыздан бастап оқудан шығарылмақ. Дәрігер болсам деген 116 түлектің арманы осылайша атқамінерлердің кесірінен көкке ұшқалы отыр.

Бірінші сот отырысында жамбылдық жастарға шкенеуніктер бөлген гранттың заңсыз екені анықталған

О баста мектеп түлектеріне үміт сыйлап, тегін оқытамыз деген әкімдік өкілдері енді тілшілерге де түсініктеме беруден бас тартты. Жақын арада мәселеге қатысты кезекті сот отырысы өтпек. Ал бірінші сот отырысында жамбылдық жастарға шенеуніктер бөлген гранттың заңсыз екені анықталған. Бір анығы, облыс бюджетінде жыл сайын әр студентке 800 мың теңге төлейтіндей қаржы да жоқ екен.

Ал медицина университетінің басшылығы күтуге қауқарсыз. Дәрігер болуды армандаған студенттер енді жаңа оқу жылы басталар тұста оқудан шығарылмақ. Шенеуніктерден қайыр болмай, әбден үміті үзілгендер соттан шағымдарын қайтып алып жатыр.

Ал оқу ақысын даулаған 116 шәкірттің отызға жуығы ойымыздағыны орындатпай қоймаймыз деп отыр.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support