Талай сыннан өтіп едік қой
Талай сыннан өтіп едік қой
Дағдарыс атаулы келеді, кетеді. Оған еліміздің экономикалық тұрғыда иммунитетінің беріктігін бұрын да байқадық. Көреген Көшбасшысымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің салиқалы саясатымен елімізді мұндай қиындықтардан сан мәрте алып шыққаны бәрімізге мәлім.
Иә, өтпелі кезең өтеді, кетеді. «Бұдан да жаман кезімізде тойға барғанбыз» дейді халық даналығы. Сол себепті халқымыз бұл қиындыққа да қыңбай, шыдамдылық пен сабырдың, төзімділіктің арқасында еңсеретіндігіне сеніміміз кәміл. Елбасы индустриалды-инновациялық саясаттың жаңа жағдайларға бейімделуі қажеттігін атап өтті. Алдағы уақытта бұл бағытта орасан зор жұмыстар атқарылатыны, оның бәрі халықтың мүддесімен сәйкестендірілетіні күмән туғызбайды. Расында да жер-жаһанға көз жүгіртіп, айналамызда, өзге мемлекеттерде орын алып жатқан экономикалық-саяси ахуалдарға көз жүгіртсек, ауыртпалықтың зардабын шеккен елдерді байқай түсеміз. Ал біздің Отанымызда жұртшылық бір мақсат пен бір мүдденің айналасына топтасып, тату да, бақытты ғұмыр кешуде. Тоқсаныншы жылдардағы дағдарыс толқыны әлі есімізде ғой. Айлар бойы қол жетпеген жалақы, зейнетақысыз да ғұмыр кештік. Уақыттың тезіне көніп, сынын қабыл алып, сол қиындықтар арқылы еңсе түзедік. Ел ретінде, қоғам ретінде сол бір құйындап жеткен экономикалық жағдайға қарсы тұра білдік. Әр қиындықтың бір жақсылығы болатыны бесенеден белгілі. Осы бір экономикалық қиындықты да ел болып көтеріп, артқа тастап, әлі-ақ дамудың даңғыл жолына түсетінімізге ешқандай шүбәм жоқ. Өйткені, мемлекетіміздің ішкі-сыртқы саяси ахуалын, экономикалық әлеуетін қайта жаңғырта алатын, оған күш-қайраты жеткілікті Елбасымыз бар. Шынында да мемлекеттік бағдарламаларға түзету енгізіледі. Оның бәрі елдің жағдайының жақсаруына бағытталады. Ендеше, бірлігіміз бен берекелі тірлігіміз арқылы бұл жолдан да бір қолдың саласындай, бір атаның баласындай өте алатынымыз анық.
Қожайхан Бижанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, зейнеткер.
Т.Рысқұлов ауданы.