Қобалжуға еш негіз жоқ
Қобалжуға еш негіз жоқ
Баршаға мәлім, бүгінде жаңа экономикалық саясат бойынша мемлекетіміз теңге еркін жылжитын айыру бағамына көшіп отыр. Бұған себеп болған жағдай әлемдік нарықтағы жағдайдың күрт өзгеруі екені белгілі. Бұл – әлемдік құбылыс. Еліміз әлемдік экономикамен кіріктірілген байланыста болғаннан кейін осындай жолмен жүруімізге тура келеді. Бұрын мемлекеттің орталық банкі ретінде Ұлттық банк бағамды реттеп отыратын. Ендігі жерде теңге еркін айналымға жіберілгеннен кейін тек мемлекеттің, халықтың мүддесін қорғау қажет болған күрделі жағдайларда ғана болмаса, Ұлттық банк бұл іске араласпайды. Теңгеге, басқа да валюталарға бағамдар ұсыныс пен сұраныстың негізінде құралады. Валюталық биржада қажетті валюталарға сатып алу бағамдары соған сай қалыптасатын болады.
Мәлімдеме жасалғаннан кейінгі бағалар тенденциясы мына төмендегідей бағамда қалыптасты. Теңгенің долларға шаққандағы құны бұрнағы күні банктің БИРЖАНЫҢ таңертеңгі сессиясында 198-ден 255, 4-ке жетсе, түскі, кешкі сессияларында тиісінше 252 және 253 болды. Жалпы, мамандар пікірі бойынша, бұл да әлі түбегейлі қалыптасқан тұрақты бағам болып табылмайды. Тұрақты бір бағам қалыптасуы үшін жеті-сегіз күн керек болады деп болжамдауда сарапшылар. Жалпы теңгені еркін айналымға жіберу тек қана бағам жоғары болады, өседі деген сөз емес. Баға төмен де болуы мүмкін. Бәрі де экономикалық құбылыстарға, сұраныс пен ұсынысқа байланысты болады. Нағыз нарықтық экономиканың ең негізгі заңы бұл. Дегенмен, доллар бағамы тұрақтанғанда бұдан аз-кем төмендеу болады деген ойдамыз. Бәрін де уақыт көрсетеді. Елбасымыз экономикалық мәселелердің оң шешілуін тұрақты назарында ұстайды әрі мұның сарапшылар мен мамандар тарапынан әбден пысықталып, ойластырылып барып қабылданған іс екені де белгілі. Бұл жағдайдың салдары қандай болмақ? Әлбетте, шетелден әкелінген тауарлардың бағасы өсуі мүмкін. Бірақ оған еш негіз жоқ. Сауда орындарындағы тауарлар бұрынғы бағамен сатылып алынып қойылған. Азық-түлік тауарларының жеткілікті қоры бар бізде. Ал тауарлардың теңгемен сатылып алынғандарының бағасы тұрақты болуға тиіс. Ендігі жерде жергілікті атқарушы билік органдары, Ұлттық және екінші деңгейдегі банктер тарапынан сауда орындарында бағаны, инфляцияны өсірмеу бағытында біраз түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет етіледі. Сонымен қатар, Елбасымыздың халықтың айырбас бағамының өзгеруінен шеккен шығынын азайту мақсатында Ұлттық Банкке берген тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта Ұлттық Банк тарапынан 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша теңгемен ашылған және есепшоттарында 1 миллион теңгеге дейінгі қалдық сомасы бар шұғыл депозиттері үшін өтемақы төлеу тетігін енгізу мәселесі қарастырылуда. Жалпы инфляциямен, құнсызданумен күресудің екі жолы бар. Оның бірі «монитарлық», екіншісі «монитарлық емес» деп аталады. Монитарлық бағыт Ұлттық банк құзыретіндегі мәселелерді қамтиды. Монитарлық емес бағыттағы жұмыс, бұл - жергілікті билік өкілдерінің нарықты тұрғындар үшін ең қажетті, тапшы тауарлармен толықтырып, олардың үзбей жеткізілуін қадағалап отыруы. Тауарлардың бағалары қатаң бақылауда ұсталынуда. Тауарлар бағасының өсірілуі негізді ме, негізсіз бе – оны түрлі комиссиялар ұдайы қадағалайтын болады. Елбасымыз да, Үкіметіміз де бұл мәселені басты назарда ұстап отыр. Халықтың қобалжуына еш негіз жоқ. Бүгінде банк саласында бұрын-соңды болмаған жағдай, тұрғындардың доллар бағамы өскен сайын қолдағы шетел валюталарын жоғары бағамен өткізуі байқалып отыр. Валюталарды сатып алу онша көп емес, есесіне оларды жоғары бағамен өткеру басым. Бұл қазіргі таңдағы дұрыс құбылыс деп ойлаймыз. Жалпы банктер, айырбас пункттері шетел валюталарының түр-түрімен толықтай жеткілікті қамтамасыз етілген. Бұл мәселеге байланысты ешқандай дүрбелең тудыруға негіз жоқ. Ал бұл орайда нақты жағдаймен қабыспайтын бөстекі әңгімелер таратушылар үшін қолданылар жаза бар екені баршаға мәлім шығар деген ойдамыз. Қазірдің өзінде жергілікті атқарушы органдар өздеріне тиісті жұмыстарын мүлтіксіз атқаруда. Дүкендерде тауарлар әр уақытта да жеткілікті, үзілмейді, тиісті қорлары бар, халықтың ең қажетті, негізгі тұтынатын тауарлары бойынша сатып алулар да талапқа сай жүзеге асырылып жатыр.
Айдайбек ХАЛЫМБЕТОВ, ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры.