- Advertisement -

Дер кезінде қабылданған шешім

94

- Advertisement -

Бахтияр Алдашов

Қаржы саясатына қатысты қадамдар баяғыда-ақ пісіп жетілген еді. Алайда мемлекет жүргізген әлеуметтік саясат мұны белгілі бір деңгейде қолда ұстап тұруға мәжбүрледі. Бұл ел экономикасына айтарлықтай салмақ түсірді. Көршілес елдермен сауда-саттықта ұтылып келдік. Доллардың курсын күшпен ұстап тұру Ұлттық қорға да қауіп төндірді.
Бұған дейін тауарларын шетелдерге экспорттайтын экспортерлерге ауыр тиіп келгені жасырын емес. Өйткені, тауарына доллар арқылы есеп айырысқан кәсіпкерлер оны елімізде теңгеге айналдырғанда зардап шегіп, шығарған өнімінің өзіндік құнын зорға ақтайтын. Менің ойымша, бұл өзгерістен барлығы ұтты. Енді не істеу керек деген сауал туындайды. Біріншіден, республикамызда өндірілетін тауарларға негізсіз баға өсіріп жібергендерді қатаң бақылауға алу керек. Екіншіден, бұрынғы доллардың курсымен әкелінген тауарлардың бағасын өсіруге жол бермеу қажет. Алынған заттар әлі күнге дейін қоймаларда, дүкен сөрелерінде толып тұр. Үшіншіден, барлық әлеуметтік стандарттарды қазіргі доллар бағамы бойынша есептеу керек. Яғни, қайта қаралып субсидияландыру қажет. Жалпы, әлеуметтік сала қандай жағдайда да зиян шекпеуі тиіс деп ойлаймын.
Енді қандай курс тұрақты болып қалады деген сауал көпшілікті толғандырып отыр. Қазір доллар бағамы әртүрлі болып жатқандықтан жұрттың сенімсіздігі орынды. Валюталық нарықта доллар бағамын ары-бері жылжытып қитұрқы әрекеттерді қолдан жасауға баратындар да бар. Алайда, мұның барлығы уақытша құбылыс. Алдағы бір аптаның ішінде доллардың белгілі бір курсын бәріміз көретін боламыз. Менің ойымша, бір доллардың бағамы теңгеге шаққанда 220-230 төңірегінде тұрақтайды. Бұл теңге құнының жиырма-жиырма бес пайызға түскендігін көрсетеді. Яғни, шамамен осы деңгейде тұрғындардың төлемақыларын көтеру керек шығар. Оның әртүрлі жолдары бар. Мәселен, зейнеткерлердің зейнетақысын, әлеуметтік жәрдемақыларды көтеріп, халықтың белгіленген тобына, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып жатқан азаматтарға жеңілдіктерді қарастыратын тетіктер іске қосылуы керек деген пікірдемін.
Долларды еркіндікке жіберудің тағы бір пайдасы, біз алтын валюта қорын сақтап қала аламыз. Бұл республика өзі өндірмейтін сырттан келетін тауарларды сатып алуға, сыртқы қарызымызды қайтаруға арналған осы қорға қауіп төндірмейді деген сөз. (Мәселен, өзіміз өндірмейтін дәрі-дәрмектер, түрлі жабықтар деген сияқты.)
Сонымен қатар, теңге де еркін айналымға жіберілді. Енді республикадағы барлық азаматтар жылжымайтын мүлік сияқты нысандарға тек теңгемен ғана есептесетін болса долларға тәуелділіктен құтыламыз. Төл валютамыз тұрақтайды. Доллар бағамы өсті деп дүкендерге жүгіріп азық-түлікті қаптап алудың да қажеті жоқ. Біріншіден, жиған-тергеніңіздің бәрін азыққа жұмсайсыз және оны бүлдірмей сақтаудың өзі проблема.

Бақтияр АЛДАШОВ, 
«Talas Invest Company» ЖШС 
директоры, облыстық мәслихаттың 
депутаты.

 

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support