Әлем экономикасы дағдарысты бастан кешіруде
Әлем экономикасы дағдарысты бастан кешіруде
Бүгінде тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем экономикалық дағдарысты басынан кешіруде. Қытай секілді алпауыт мемлекеттен бастап, Түркия, Малайзия, Жапония, Австралия, Сингапур, Әзірбайжан, Канада, Оңтүстік Корея сынды көптеген елдердің ұлттық валюталары девальвацияға ұшырауда. Тығырықтан шығудың тетігін табу мақсатында әр ел өзінше қадамдар жасауда. Қытай мен Ресей долларға деген тәуелділіктен арылу мақсатында шаралар қабылдап жатса, Норвегия Ұлттық инвестициялық қоры арқылы қиыншылықтарды еңсермек.
Шикізат экспорттаушы ел ретінде Қазақстан да экономикалық ауыртпашылықтарды сезінуде. Дегенмен, әр нәрсенің екі жағы болатыны секілді, біз үшін бұл дағдарыстың тиімді тұстары да жоқ емес. Мәселен, «Қазфосфат» ЖШС өнімдерін 33 елге шетелдің валютасымен экспорттайды. Соңғы жылда АҚШ долларының бағамы біршама түскендіктен, біздің өніміміздің құны 15 пайызға дейін арзандап кеткен болатын. Қытай, Въетнам өндірушілерінің алдында бәсекеге қабілеттілігімізді жоғалтып алып едік. Сондықтан Елбасының, Ұлттық банктің теңге бағамының теңсіздігін жою туралы шешімі өте орынды деп есептеймін. Мемлекетіміз ең оңтайлы жолдың бірін таңдады. Бұл бізге жұмыс орындарын сақтап, өзге экспорттаушылар алдындағы басымдығымызды қайта қалпына келтіруге көмектеседі деген сенімдемін. Бүгінде біздің кәсіпорында 6 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Облысымыздағы Қаратау, Жаңатас секілді моноқалалардың өзінде 2,5 мың жұмысшымыз бар. Олардың бәрі де қазіргі таңда уақтылы жалақыларын алып келеді. Салыққа да ешбір қарызымыз жоқ. Экономикалық қиындықтарға қарамастан, бірде-бір жұмысшыны қысқартқан жоқпыз. Керісінше, тау өндірісі саласын инвестициялап, заманауи техникалар сатып алудамыз. Экстрациялық фосфор қышқылы өндірісінің құрылысын бастадық. Жоба келер жылы бірінші тоқсанда аяқталады. Бұл моноаммоний фосфаты өндірісі көлемін биыл жарты миллион тоннаға, екі жылдан соң 1 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай жағдайдан аса қауіптенудің де қажеті жоқ. Өйткені, бұл бір жағынан еліміздің, кәсіпкерлеріміздің бәсекеге қабілеттіліктерін шыңдай түседі. Нәтижесінде дағдарыстан өз істерінің үздіктері ғана дараланып шықпақ. АҚШ долларының шарықтауы енді біздің өніміміздің де құнын арттырары сөзсіз. Осыған орай, табысымыз да толыға түспек. Мен бұған күні кеше ғана Елбасының бизнес өкілдерімен кездесуінде де уәде еттім және оны орындау үшін бар мүмкіндіктерді қарастыратын боламын.
Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры.