Жаңа экономикалық саясат – жаңа мүмкіндіктер
Жаңа экономикалық саясат – жаңа мүмкіндіктер
Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен экономикалық саясаттың алдағы шаралары жөніндегі кеңес өтті. Оған Премьер-Министр және өзге де Үкімет мүшелері, сондай-ақ елдің ірі экспорттаушылары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның іскер топтарының өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы кеңесте сөйлеген сөзінде әлемдік экономикадағы күрделі ахуалға назар аударды. Елбасы жиын басында әлдеқалай қиындық туар кезең болса халыққа өзі тура айтуға уәде бергенін еске алып, соған орай қазіргі қалыптасқан жағдайды түсіндірмек екенін атап өтті.
«Соңғы жылы әлемдік экономикадағы ахуал едәуір төмендеді. Экономиканың бүкіл дүниеде нашарлағаны бәрімізге көрініп отыр. Дағдарыс барлық бағытта, яғни шикізат тауарларына, валюта, қаржы нарықтарына әсер етуде. Бұл – дамушы және дамыған мемлекеттерде орын алып отырған жағдай. Шикізат тауарларына баға барша әлемде төмендеді, сондықтан біздің бюджетке түсетін қаржының ауқымы едәуір төмен болды. Біз бұрын мұндай жағдайлардың талайынан өттік. Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі кездегі жылына екі мың пайыз инфляциядан өткеніміз естеріңізде болар. Барлық зауыттар мен фабрикалардың тоқтап, екі миллион адамның жұмыссыз қалғаны, зейнетақы мен жалақы төлей алмай қалғанымыз белгілі. Ол мемлекеттің ешқандай қоры болмаған кез еді. Одан кейін өткен ғасырдың аяғындағы Шығыс Азиядағы ұлы дағдарысқа түстік. Ресейдің рублі 6-дан 24-ке дейін көтеріліп, төрт есе құлаған кезде Қазақстанның жағдайы мүшкіл болатын. Одан кейінгі 2007-2009 жылдардағы Америкадан басталған дағдарыстың ең қиын кезеңінен өтіп, елді алып шықтық», деп өтті Президент. Осы орайда Елбасы одан бері бірқатар дағдарыстар орын алғанын, алайда Қазақстан осы сын-қатерлердің барлығын еңсергеніне тоқталды. «Қанша бағдарламалар жасасақ та, өмір мен жағдай алдымыздан қиыншылықтарды алып келеді. Қазір де осындай қиыншылыққа тақап тұрмыз. Бұл дүниежүзілік дағдарыстан ешкім де сырт қала алмайды. Қазақстанның әлемдегі бүкіл мемлекеттермен байланысы бар. Ал енді халықаралық сарапшы ұйымдардың айтуынша, бұл дағдарыс тез уақытта еңсеріле қоймайды. Соған алдын ала біз барлық жағынан дайындалуымыз керек. Осы мәселені сіздерге түсіндіру үшін жиналып отырмыз», деді Елбасы. Біз барлық әлемдік экономика секілді қиын-қыстау заманды бастан кешіріп жатырмыз. Соңғы жылы әлемдік экономикадағы ахуалдың едәуір нашарлағаны байқалады. Дағдарыс барлық бағыттарда өршіп келеді, ол дамушы да, дамыған елдерге де әсерін тигізді. Бұл дауыл ешбір мемлекетті айналып өтпейді. Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры әлемдік экономика өсімі бойынша өз болжамдарын 3 пайыздан 2,8-2,5 пайызға дейін қайта төмендетті. Мұнайдың әлемдік бағасының арзандауы жалғасады, ал мұнай біздің басты экспорттық әлеуетіміз. Иә, Елбасының айтуынша, өткен жылы 115 доллар болған мұнай биыл 48,5 долларға дейін арзандады, яғни, 2,4 есеге дейін құлдырады. 2011 жылы арзандай бастаған металл бағасы әлі де жалғасып келеді. Металл бағасының индексі 45,5 пайызға төмендеді. Тек осы жылы мұнай бағасының 1 тоннасы 6300-ден 5100-ге дейін құлдырады. Нұрсұлтан Назарбаев мұнай мен металл бағасының төмендігі кемінде 5 жыл бойы сақталуы ықтималдығын тағы бір еске салды. Сондай-ақ, Президент біздің негізгі сауда серіктестеріміз Қытай мен Ресей тарапынан отандық экспорттық өнімдерге деген сұраныс күрт төмендегенін атап өтті. «Бұл үрдіс те қысқа мерзімді емес. Ресей экономикасының құлдырауы 2 есе күшейе түсті. Қытай экспортының көлемі 8,3 пайызға қысқарды», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы 2014 жылдан бастап АҚШ доллары барлық әлемдік валюталарға қатысты нығайып келе жатқанына назар аударды. Соңғы жылдың өзінде еуро долларға қатысты 26 пайызға, жапон иенасы 22 пайызға, Австралия доллары 27 пайызға, Канада доллары 23 пайызға, Норвегия кроны 35 пайызға, Малайзия рингиті 30 пайызға, Чили песосы 18 пайызға, Бразилия реалы 55 пайызға арзандады. Біздің Еуразиялық одақтағы серіктестеріміз де өз валюталарын құнсыздандырды: Ресей рублі 2 есеге жуық, Беларусь рублі 56 пайызға, армян драмы 17 пайызға түсті. Осылайша, Еуроодақты қоса алғанда, елдердің басым көпшілігі, шикізат экспорттаушы елдер, сондай-ақ Қазақстанның сауда серіктестері өз валюталарын құнсыздандыру шарасын жүргізді. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, Ұлттық банктің бағалауы бойынша, Қазақстан экспорты бірінші жартыжылдықта 73 пайызға азайғанын тілге тиек етті. «Біз қазірдің өзінде кәсіпорындарымыздың бәсеке қабілетінің төмендеп, табыстарының азайғанын көріп отырмыз. Бұл жағдай кәсіпорындарда жұмыспен қамтылған еңбеккерлерге әсер етуде. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпаратына сәйкес, көптеген кәсіпорындардың Ресейге экспорты төмендеп кеткен. Бұған қоса, олардың Қазақстан нарығындағы өнімдерін ресейлік өндірушілер тықсыра бастады», деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Кентау трансформатор зауытын мысалға келтірді, оның Ресейге экспорттайтын өнімдері 47 пайызға қысқарған. Кәсіпорын 50 жұмысшыны жұмыстан босатқан, ал мемлекетке 30 миллион теңгенің салығы төленбеген. Алматы ашытқы зауыты өндіріс көлемін 50 пайызға азайтқан, ал кәсіпорынның шығыны 30 миллион теңгеге жеткен. Алматы желдеткіш зауыты өндірісін 47 пайызға төмендетіп, жұмысшылардың 20 пайызын қысқартқан. «Бұл – Қазақстан бойынша өте көп мысалдардың бір парасы ғана. Осының нәтижесінде жұмыспен қамту, еңбекақы төлеу жайы нашарлауда. 2015 жылы бюджетке түспей қалатын табыс 264 миллиард теңге көлемінде бағаланып отыр. Сондықтан біз әлеуметтік саладан басқа шығыстардың көбін қысқартуға мәжбүрміз», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайда ел алдында іс-қимылдың үш нұсқасының бірін таңдау міндеті болғанын айтты. Біріншісі – ештеңе істемей, теңге бағамын ұстап тұру және жағдайдың жақсарғанын күту. Алайда, мұндай саясаттың өтемі өндірісті қысқарту, жұмыс орындарынан айырылу және алтын-валюта қорын түгесу болады. Екінші нұсқа – теңге бағамын біртіндеп әлсірету. Сыртқы нарықтардағы ахуал нашар әрі белгісіз болып тұрғанда мұндай жол да алтын-валюта қорын көп шығындайды. Сондықтан, бар мүмкіндіктердің бәрін есептей келе, мейлінше дұрысы теңгенің еркін айырбас бағамын енгізу және инфляциялық таргеттеуге көшу болмақ. Нұрсұлтан Назарбаев мұның мәжбүрлі шара екеніне назар аударды. «Бүгінгі таңда бізде бұдан басқа балама болған жоқ. Біз барлық бағдарламаларымызды басқаша жоспарлағанымызды білесіздер. Алайда, дағдарыс әрқашан өз түзетуін енгізеді. Дегенмен, біз жағдайдың бұлайша өрбуіне де дайындалдық. Индустриялық-инновациялық бағдарлама және өңдеуші өнеркәсіпті кеңейту, Ұлттық қор құру – осының бәрі осындай ахуалға күні бұрын жасалған дайындық», деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Үкімет пен Ұлттық банктің шешімі экспорттаушылардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, еліміздегі шағын және орта бизнестің өтініші бойынша қабылданғанын жеткізді. «Бір жаманның артында екі жақсы» бар демекші, Елбасы осындай қиын-қыстау сәттердің де қиюын тауып, тиімді тұстарын пайдалануға кеңес берді. Әсіресе, осындай сәттерде кәсіпкерлерді шыңдала түсуге, мүмкіндігінше бәсекеге қабілетті болуға шақырды. «Біздің интеграциялық саясатымыз өте дұрыс. Қазақстанда экономика көлемі бойынша да, халық саны бойынша да нарық жеткіліксіздігі сезіледі. Бізге өзге де нарықтар керек. Біз үшін Ресей мен Қытай үлкен нарық. Біз ЕАЭО құрамындамыз. Алайда, нарықтық жағдайда біз Ресейге ештеңе айта алмаймыз. Олар да бізге ешнәрсе айта алмайды. Бизнес нарықтық жағдайға қарайды. Ең басты мүмкіндік ол – бәсекеге қабілеттілік. Біз 1 қаңтардан бастап ДСҰ-ның мүшесіміз. Ол жерде бәсеке мүлде қатаң. Ештеңеден қорықпай, бәсекеге қабілетті деңгейге шығу керек», деді Мемлекет басшысы. Бәсекеге қабілеттілікті қалпына келтіру арқылы біз шамамен миллионға жуық адам жұмыс істейтін кәсіпорындардағы жұмыс орындарын сақтай аламыз. Отбасылық коэффициентін ескерсек, бұл 3,5 миллион қазақстандыққа әсерін тигізеді. Кәсіпорындардағы жағдайдың жақсаруы жұмысшыларыңыздың еңбекақы деңгейіне де әсер етуі тиіс. Келешекте ахуал жақсарады деп күтеміз, бұл дағдарысты еңсеруге, экономика өсімін әрі қарай қамтамасыз етіп, рецессияны болдырмауға мүмкіндік береді, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы тек айырбас бағамы есебінен экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкін еместігін айтты. «Бұл уақытша қолдау. Одан кейін құрылымдық экономикалық реформаларды жандандыру бағытындағы жүйелі шаралар мен шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі кешенді шешімдер керек. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк менің тапсырмам бойынша қазір осындай құжаттар жиынтығын әзірлеп те жатыр. Салыстырмалы бәсекелік артықшылықтары бар негізгі салаларға көрсетілетін қолдау басымдық алуға тиіс», деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық-инновациялық саясаттың жаңа жағдайларға бейімделуі керектігін алға тартты. Еңбек өнімділігінің өсіміне, жеке бизнестің қатысу үлесін ұлғайтуға негізделген сервистік-индустриялық модельге көшу керек. Мемлекет қолдау шараларын бәсекеге қабілетті компанияларға ғана көрсетуге тиіс. Қазақстан Президенті құрылымдық экономикалық реформаларды жандандыру бағытындағы жүйелі шаралардың қабылданатынына назар аударды. Еңбек нарығы жұмыс жүргізудің жаңа жағдайларына бейімделіп, елеулі еңбек ресурстарының ауысуына дайын болуға тиіс. Мемлекет басшысы Үкіметке азаматтық қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа үлгісін енгізуді, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жалақысын және мүгедектерге жәрдемақыны, шәкіртақыны көбейтуді қоса қамтитын әлеуметтік бастамаларды іске асыру шарасын қазіргі жағдайды ескере отырып 2017 жылдан 2016 жылға ауыстыруды ұсынды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке халықтың айырбас бағамының өзгеруінен шеккен шығынын азайту мақсатымен жеке тұлғалардың 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдайға сәйкес теңгемен ашылған және есепшоттарында 1 миллион теңгеге дейінгі қалдық сомасы бар шұғыл депозиттері үшін өтемақы төлеу тетігін енгізуді тапсырды. «Азаматтарға олар салымдарын арнаулы есепшоттарға қайта ресімдеп, оны банктерде бір жыл бойы сақтаған жағдайда өтемақы ретінде айырбас айырмасы төленетін болады. Бұл шара 1 миллион 700 мың адамды немесе барлық салымшының 86 пайызын қолдауға көмегін тигізеді», деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Үкіметке Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына қатысты тетікті де ойластыруды тапсырды. Мемлекет басшысы әлеуметтік көңіл-күйдің нашарлауына жол бермеу үшін қиындықтарға қарамастан барлық қажетті шаралардың қабылданатынын айрықша атады. Елбасы азық-түлік өнімдеріне бағаны негізсіз көтергендер анықталып жатса жазасыз қалмайтынын да қатаң ескертті. «Бұл – маңызды мәселе. Біз барлық әкімдерге және саудамен айналысатындарға ескерттік. Бағаның өсуіне ешқандай да жол бермеу керек. Әсіресе, Қазақстанда өндіріліп жатқан азық-түлік тауарларына баға өспеуі тиіс. Жағдайды пайдаланып қалу мақсатын көздеп отырғандарға бағаны шарықтатуға жол бермеу маңызды. Ондайларды анықтап, қатаң жазалайтын боламыз», деді Президент. Осы орайда Мемлекет басшысы баға мәселесі бойынша Үкімет осы бағыттағы жұмыстармен айналысатынын қадап айтты. Елбасы сөзінің қорытындысында қиындықтың бәрін бірлігіміздің, жұмыла жүріп жұмыс істеуіміздің арқасында ғана жеңе алатынымызды тағы бір еске салды. «Міне, осы жерде отырған іс адамдары, баршаларыңыз Қазақстанның экономикасын қолдарында ұстап отырған азаматтарсыздар. Сіздердің өндірістеріңіздің, өздеріңіздің жұмыс істеулеріңізге байланысты Қазақстанның экономикасы өседі, өркендейді. Барлық істеліп жатқан шаруа халықтың қамы. 24 жыл тәуелсіздік жағдайында өмір сүріп келе жатырмыз, осы жылдар ішінде аз қиыншылық болған жоқ. Соның барлығынан сүрінбей өтіп келе жатқан себебіміз – елдің бірлігі, халықтың барлығының ойы бір жерден шыққандығы. Осы дағдарыстың келе жатқанын мен бұрыннан білдім. Әйтпесе, мен биылғы сайлауға барар ма едім, бармас па едім. Дегенмен, дәл осындай қиыншылықтан елді алып шығу қажеттілігі алдымда тұрғанын мен сездім. Сондықтан, елге, жұртқа, халыққа айтатыным – осы мәселеден мақсатымыз бір болса шығамыз», деді Мемлекет басшысы. Президент Қазақстан өзінің тәуелсіздік алған жылдарында да бірнеше дағдарысты бастан кешіріп, олардан шыға алғанын сөз етті. «Аналар балаларына сүт сатып алу үшін таңғы төрттен дүкендерде бөшкелер жанында кезекке тұратын. Жейтін ет те, шай да, темекі де жоқ болды. Сол қиындықтан да шыққанбыз. Ол қиындықтар ұмытылып кетеді, әрине. Бірақ, оны есте ұстау керек. Қазір де сондай жағдайдың қарсаңында тұрмыз. Мен білгеннен кейін айтып тұрмын, бұдан бұйыртса, аман-есен шығамыз. Себебі, дүниеде болып жатқан жағдайды түсіну керек. Жаһанда болып жатқан үлкен дағдарыстың ішінен бұрынғыдан басқаша жаңа экономика өсіп келе жатыр. Соның бір бұтағы болып біз өсеміз бе, өспейміз бе, мәселе сонда. Сондықтан, мұндай дағдарыстың жаман жағы да бар, мұндай дағдарыстың өркендейтін, өсетін жағдайы да бар. Қиыншылықта адам шешім іздей бастайды. Күндіз-түні ойланғанда сол шешімді табады. Біз де жалпы алғанда ел болып дәл сондай жағдайда тұрмыз», – деді Елбасы. Кеңес барысында «Самұрық-Қазына» ӘАҚ» АҚ басқармасының төрағасы Ө.Шөкеев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы А.Мырзахметов, сондай-ақ Қазақстанның ірі кәсіпорындарының басшылары сөз сөйледі. «Біздің нарықтың жағдайы айтарлықтай қиындықтар кешті. Әсіресе, алюминий нарығында жағдай күйзеліске ұшыраған. Бағаның арзандығынан қоймаларда тұрып қалды. Ал бүгін бізді бәсекеге қабілетті ортаға шығардыңыз. Бұл өте дұрыс шешім. Бұл жағдайда ешкімді де жұмыстан шығармаймыз», деді өз кезегінде ЕPG директорлар кеңесінің төрағасы Александар Машкевич. «Қазақмыс» компаниялар тобының президенті және «KAZ Minerals» тобының ірі акционері Владимир Ким теңгені еркін ағымға жіберу отандық кәсіпкерлерге тың серпіліс беретінін атап өтті. «Сөз жоқ, шешім қабылдар уақыт келді. Біз, шахтерлер, металлургтер қауымы теңгенің бағамын түзету бойынша қабылданған шараны барынша қолдаймыз», деді ол. – Теңге курсын түзету бағдарламасы отандық кәсіпкерлерге үлкен басымдық әпереді. Ең алдымен, қазақстандық қамту мен дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігі арта түспек. «Біз қазіргі таңда қазақстандық қамту бойынша 15 мың түрлі өнім өндіреміз. Олар: подшипниктер, көпір крандары, сорғыштар. Ресей де соны шығарады. Металл өнімдері енді Ресей өнімдерінен 15 -20 пайызға арзан түседі. Осындай шешім отандық өндірушілерге қолдау болып, қазақстандық қамтуға жан бітіреді», деді В.Ким. Оның айтуынша, екінші кезекте жаңа қадам дағдарысқа қарсы бағдарламаның жүзеге асуына көмек береді. «Біздің дағдарысқа қарсы бағдарламамыз аясында баға төмен болып отыр. Мыстың құны 6 жылда, алтын, күміс құны 5 жылда, қорғасын мен мырыш құны да соңғы 5 жылда минимум көрсеткішке жетіп отыр. Қазір 2008 жылдан бері төмен бағаны ұстап отырмыз. Теңге бағасының еркін ағымға жіберілуі операциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды. Қазір біздің көздегеніміз жұмыс орындарын сақтап, жалақыны төмендетпеу болып отыр», деді В.Ким. Мұнай-химия, машина жасау, металлургия мен жеңіл өнеркәсіп саласының кәсіпкерлері де бұл пікірді қолдады. Әсіресе, аграршылар жаңа экономикалық саясаттың шешімінен зор үміт күтіп отыр. Ресей рублінің құлдырауынан шығынға түскен фермерлер енді өткеннің орнын толтырмақ ойда. Мәселен, жиында сөз алған «Родина» агрофирмасы» ЖШС бас директоры Иван Сауэр биыл мал шаруашылығы айтарлықтай қиындықтар көргенін айтып, енді бұл қолдау шаралары тығырықтан шығуға мүмкіндік беретінін жеткізді. «Мал шаруашылығында қиындықтар туындап, сүт өндірісі төмендеп кетті. Оған себеп – Ресейдің арзан ұнтақталған сүттерінің көбеюі. Бұл мәселені шешудің бір жолы валюта бағамын реттеу болатын. Себебі көрші елдің кәсіпкерлерімен бәсекелестікке шыдау керек», деді кәсіпкер. Ұлттық валютаны инфляциялық таргеттеу отандық автоөндірістің аяқтан тік тұрып кетуіне де мүмкіндік бермек. Бұл туралы Қазақстан автобизнес қауымдастығының төрағасы Андрей Лавреньев айтып өтті. «Біз мұндай шешімді асыға күттік. Бүгін шетелдік серіктестерімізбен сөйлестік. Олар да қуана қабылдады. Осы қолдаудың арқасында біз ең бастысы, жұмыс орындарын сақтап, өндірісті кеңейте түсуге тырысамыз. Өткен жылдың аяғынан бері Ресейден елімізге 170 мыңнан астам автокөлік әкелінді. Енді теңге бағамының өзгеруінен кейін отандық көлік құрастыру саласындағы жағдай жақсарады деген сенімдеміз. Ресей рублі құлаған соң Сіздің бастамаңызбен отандық салаға 20 млрд. теңге көлемінде жеңілдікпен несие берілді. Бүгін тағы да 10 млрд. бөлінеді деген ақпаратты естідік. Бұл біз үшін үлкен қуаныш», деді А.Лавреньев. Ал Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қазір үлкен бизнестен гөрі, шағын және орта бизнес экономиканың нағыз қозғаушы күші болатын кез жеткенін атап өтті. «ҰКП мүшелері бұл шешімді өте дер кезінде қабылданды деп санайды. Жыл басынан бері 16 салалық комитет мүшелерімен кеңесіп келеміз. Бір шешімге келе алмадық. Үлкен бизнестің ұтылғаны анық болса, шағын және орта бизнес субъектілері әртүрлі пікірде болды. Теңге бағамының теңсіздігінен шағын және орта бизнес те жапа шеге бастады», деді ол. Оның ойынша, соңғы 6 айдағы инфляциялық таргеттеуді күтудің өзі отандық экономикаға теңге бағамының теңсіздігінен бетер қысым жасады. «Өткен жылғы несие құрылымын қарасақ, банктердің несиелеу көрсеткіші мүлде азайып кетті. Олар валюта бағамының өзгеруін күтіп жүріп алды. Депозиттердің 70 пайызы долларға айналып кетті. Осы жағдайдың өзінде шағын және орта бизнесті несиелендіру 16 пайызға артты. Ол Сіздің Ұлттық қордан ШОБ субъектілерін қолдауға 3 транш бөлу туралы шешіміңіздің арқасында. Біз соның арқасында ШОБ-ты құтқардық. Қазір үлкен бизнестен гөрі, ШОБ экономиканың нағыз қозғаушы күші болатын кез жетті. Отандық өндірушілердің алдында Қытай, Иран нарықтары ашылып тұр», деді ол. Өз кезегінде кәсіпкерлердің бәрі теңге бағамына қатысты шешімді ризашылықпен қабылдағандарын жеткізіп, осының негізінде маңызды әлеуметтік көрсеткіштерді сақтап қалуға уәде берді. Олар Мемлекет басшысына отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігінің артуына оң ықпал ететін қолдау шараларын қабылдағаны үшін алғыстарын білдірді.
(«Егемен Қазақстан» 21 тамыз, 2015 жыл).