Сауда орталықтарында баға тұрақты
Сауда орталықтарында баға тұрақты
Облысымызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жеткілікті
Соңғы күндері әлем нарығындағы ықпалы жоғары валюта доллар бағасы шарықтап кетті. Халықаралық аренадағы валюта курсының өзгеруі қарапайым тұрғындарға да әсер етіп отыр. Әрине, ҚР Үкіметі осыған орай халыққа оңтайлы шешімдер қабылдап, негізгі азық-түлік бағасының тұрақтылығын басты назарға алды.
Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке бастаған арнайы комиссия Тараз қаласындағы бірқатар ірі сауда орталықтарын аралап, тауар бағасына бақылау жүргізді. Комиссия құрамында бірқатар басқарма басшылары, Тараз қаласы әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының және құқық қорғау саласының өкілдері бар. Комиссия мүшелері алдымен Әйтеке би көшесіндегі «Дәмдес» сауда орталығын аралап көрді. Мұндағы баға бұрынғы қалпында. Қала тұрғындары саудасын жасап жатыр. «Біздің орталықта сатылатын өнімнің 50 пайызы сырт елдерден келеді, 50 пайызы – отандық өнімдер. Сырттан келетін тауарларға 15-20 пайыз, отандық өнімдерге 7-8 пайыз үстеме қосылады. Тауарларымыздың бағасы тұрақты», – деді орталық директоры. Келесі кезекте бақылаушы топ техникалық тауарлар сататын «АLTEL» сауда орталығында болып, баға жағдайының тұрақтылығын көрді. Сондай-ақ, комиссия мүшелері Абай көшесі бойындағы АТФ Банк филиалына және «Жасұлан» дәріханасына ат басын бұрып, жұмыс жағдайларынан хабардар болды. Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке бақылау жүргізу барысында екінші деңгейлі банк филиалдары және сауда орталықтары басшылығына барынша халыққа қолайлы жағдайларға назар аударуды ескертті. Комиссия мүшелері «Жансая» ықшам ауданындағы «SMALL» сауда орталығындағы баға жағдайымен де танысты. Бұл орталықта тұтынушылардың қарасы көп. Тіпті, шекерді екі-үш қабымен алып жатқан алымсақтарды да кездестірдік. «Біздің орталықта баға бұрынғы қалпында. Көтерме бағамен сатылатын болғандықтан, өзге сауда нүктелеріне қарағанда, біздегі нарық қолайлы. Халыққа ең қажетті азық-түлік бағасы да тұрақты. Қант келісі – 150, картоп – 70, сәбіз – 50 теңгеден сатылып жатыр. Алдағы уақытта да бағаны бірден көтеру ойымызда жоқ», – дейді осы сауда орталығының директоры Светлана Иманбаева. Тексеру аяқталған соң облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиев БАҚ өкілдеріне қысқаша сұхбат беріп, іс-шара мақсатын түсіндірді. «Доллар курсының өсуіне байланысты облыстық арнайы комиссия сауда орталықтарын аралап, бақылауға шықты. Барлық жерде баға тұрақты. Әрине, нарықтың өз заңдары бар. Дегенмен, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ. Облыс әкімдігі тарапынан жағдайдың барлығы бақылауда. Халыққа ең қажетті азық-түлік түрлері жеткілікті мөлшерде сақтаулы. Ұн, қант, май өнімдері дүкен сөрелерінен үнемі табылып тұратын болады», – деді Алмас Өскенбайұлы. Өз кезегінде «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Шамсат Исабеков те журналистер қауымын қарапайым тұрғындарға жасалып жатқан қолдаулардан хабардар етті. «Облысымыздың 1 миллион 100 мың тұрғынына арналып, қоймаларда халыққа қажетті азық-түлік қорлары бар. Ол өнімдерді тұрақтандыру қоры арқылы арнайы сауда сөрелеріне үздіксіз шығарып тұрамыз. Бұл азық-түліктердің арзан бағада сатылуы үнемі бақылауда болады», – деді Шамсат Жақсылықұлы.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Тараз қаласы.