Экономика

Астана жәрмеңкесіне аттанды

Астана жәрмеңкесіне аттанды

IMG_63++20+Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтып өткендей, Астана қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін құру – аса қажетті әрі үлкен жұмыс. Бұл – біріншіден, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік берсе, екіншіден, ауыл шаруашылық тауар өндірісіне кең жол ашады. Осы арқылы аймақаралық қарым-қатынас жақсара түспек. Дегенмен, бұл жеңіл шаруа емес. Азық-түлік белдеуін құру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі, әкімдіктер, әлеуметтік корпорациялар бірлесе жұмыс істеуі керек. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау әрі өңіраралық байланысты нығайту мақсатында облыс әкімдігі мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамымен бірлесіп, 22 тамыз бен 22 қыркүйек аралығында Астана қаласында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізуді ұйғарыпты. Жәрмеңкеде негізінен 10 тонна ет, 2 тонна сүт, 5 тонна шұжық, 57 тонна көкөніс және бау-бақша өнімдері мен қымыз, макарон, ара балы, өсімдік майы секілді тағы да басқа тауар түлерін астаналықтарға 15-20 пайыз төмен бағамен ұсынылу көзделуде. Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев 6 рефрижератор автокөлігіне 115 тонна ауыл шаруашылық тауарын тиеп, елордаға аттанған жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне ақ жол тілеп, оларды Тараздың шығыс қақпасынан шығарып салды. «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ірі қалалар төңірегінде азық-түлік белдеуін құру туралы тапсырмасы азық-түлік бағасының тұрақтануына жол ашады. Әрі бұл қадам ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жаңа нарыққа шығуына мүмкіндік береді. Сондықтан, жамбылдықтар жыл сайын ірі қалаларда жәрмеңке өткізуді дәстүрге айналдырған. Биылғы шара Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Жәрмеңке бір айға созылмақ», – деді Абдалы Тоқбергенұлы. Бір айға созылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жамбылдық кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік сыйлайтынына сенім мол. Себебі, елордалықтар тарапынан табиғи таза әрі сапалы өнімдерге сұраныс көп болатыны анық.

Нұрым Сырғабаев,

«Ақ жол».