Жұмыла көтерген жүк жеңіл

95

IMG_6898Барлық деңгейдегі әкімдердің жылына бір рет жергілікті мәслихаттар депутаттары алдында есеп беруі Елбасы ұсынған институционалдық реформаларды жүзеге асырудың алғышарты болып табылады. Бұл үрдіс, біріншіден, стратегиялық жоспарлар және аумақтық даму бағдарламаларының орындалуын бақылауда ашық есептілікке жол ашса, екіншіден, алдағы атқарылар жұмыстарды кеңесіп шешуге мүмкіндік береді. Ортақ мақсатты көздеген қос құрылымның бірлігі облыстық мәслихаттың кезектен тыс өткен ХХХІХ сессиясында айқын көрініс тапты. Жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасап, теңге бағамының еркін айналымға жіберілу кезеңінде өңір экономикасы өсімін тұрақтандыру үшін қолға алынатын шараларды талқыға салды.

Тұрғындардың таңдауы – елдегі тұрақтылық

– Есепті мерзімде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінде елеулі оқиғалар аз болған жоқ. Соның ішінде ең айтулы саяси шара – ағымдағы жылдың сәуір айында өткен кезектен тыс Президент сайлауы. Аталған іс-шара еліміз бойынша жоғары деңгейде ұйымдастырылып, Қазақстан бойынша сайлаушылардың қатысуы бұрын-соңды болмаған 95,21 пайызды көрсетсе, облысымызда бұл көрсеткіш 97,31 пайызды құрады. Бұл халқымыздың саяси белсенділігінің едәуір артқанын, өз елінің тағдырына бейжай қарамайтындығын, халықтың Елбасына деген зор сенімі мен ыстық ықыласын аңғартады. Облыс тұрғындарының 97,9 пайызы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дауыс берді. Осы арқылы жамбылдықтар елдегі тұрақтылықты қолдайтындықтарын көрсетеді.
Салтанатты ресми ұлықтау сәтінде Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасынан туындайтын 5 халықтық реформасын жария етіп, оны жүзеге асыратын «100 нақты қадамын» Ұлттық жоспар етіп ұсынды. Ұлттық жоспар – Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін серпінді қадам. Оны іс жүзінде жаһандық және ішкі сын-қатерлерге толықтай жауап бере алатын, тарихтың жаңа белестерінде еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі басты құжаты деп айтуымызға болады. Сол себептен, осындай қиын-қыстау кезеңде ел еңсесін түсірмей, экономикалық өсімді кемітпей, әл-ауқатымызды көтеру үшін Ұлт жоспарында белгіленген шараларды жүзеге асыру – біздің міндетіміз.
27 шілдеде Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына ресми түрде мүше болып қабылданды. Мұны – біздің ел үшін айтулы оқиға, мемлекетіміздің жаңа биіктерге көтерілуі мен қарқынды даму жолындағы тағы бір белес деп білеміз. Ал 12 тамыздан бастап көршілес Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі жұмыстарын бастады. Бұл оқиғалар өз кезегінде экономикалық дамуымыз бен жоспарларымызға елеулі өзгерістер әкелуі мүмкін, – деді Кәрім Нәсбекұлы.

                                                                                                                               Үш инвестициялық жоба іске қосылды

Жалпы, есепті мерзімде өңір экономикасының барлық саласында даму серпіні сақталған. Аймақтың жалпы ішкі өнімі өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 7,4 пайызға артқан. Дегенмен, әлемдік дағдарыс облыстағы өндіріс орындарына әсер етпей қалған жоқ. Өндіріс көлемі төмендеп, алты айдағы көрсеткіші 127,4 миллиард теңгені құрады. Өнеркәсіп орындарындағы тауар айналымын тұрақтандыру және жұмыс орындарын сақтау мақсатында ірі компаниялармен 461 меморандум жасалған.
Қазіргі қиын-қыстау кезеңге қарамастан, өңірімізде атқарылған ілкімді істер баршылық. 2015 жылы облыста Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 30,3 миллиард теңгені құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру көзделсе, соның үшеуі алғашқы жартыжылдықта іске қосылып отыр. Солардың ішіндегі ең ірісі – Индустрияландыру күнінде Елбасы іске қосқан Жуалы ауданындағы «Бурное солар – 1» күн электр стансасы. Сонымен қатар, «Полиэтилен-Агро» ЖШС-ның жылына 500 тонна жылыжайларға арналған пленка шығаратын және «Тараз-көлік жолы» ЖШС-ның асфальтбетон қоспасын өндіретін зауыттары өз жұмыстарын бастаған. Қалған 3 жоба жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

                                                                                                                                                                              Ауыл шаруашылығында алға жылжу байқалады

Облыста есепті кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 42,3 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімі – 1,4 миллиард теңге, мал шаруашылығына тиесілісі – 40,8 миллиард теңге.
Мәліметке сүйенсек, 2015 жылы бюджеттен агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 7,7 миллиард теңге субсидия мен трансферттер бөлінген. Соның нәтижесінде биыл 242 мың гектардан жалпы көлемі 386 мың тоннаны құрайтын масақты дәнді дақылдар жиналып отыр. Бір гектардан алынған өнім өткен жылмен салыстырғанда 7,4 центнерге артып, гектарына 16 центнерді құраған. Облыс әкімі бұл салада өнімді еңбек ету үшін жаңа технологияны енгізу қажет екенін айтады. «Жыл өткен сайын өзекті мәселеге айналып келе жатқан су тапшылығы бұл салаға жаңаша көзқарасты, жаңа технологияларды қолдануды талап етуде. Су қорларын күзгі-қысқы мерзімде барынша жинақтап, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет. 2015-2020 жылдарға арналған Қазақстанның су ресурстарын басқару бағдарламасының аясында 4 су қоймаларының құрылысы және қолда бар 3 су қоймаларын жөндеуге, су қондырғылары мен суармалы жерлерді қалпына келтіруге, каналдарды күрделі жөндеуге облысқа 44 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде суды 20-30 пайызға үнемдеу, суармалы егіс алқаптарын 2018 жылға дейін 184 мың гектарға жеткізу, ал дақылдардың өнімділігін 1,5 есеге арттыру көзделуде», – деді аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев.
Осы салаға аталған қаржыдан бөлек, Шу ауданында жеміс-көкөніс кластерін құру барысында 8 миллиард теңге инвестиция тарту да жоспарда бар көрінеді. Жеміс-көкөніс кластерін құру үшін жаңа технологияға толық көшу қажет. Жалпы, су үнемдеу – бүгінде ғаламдық проблемаға айналғанын естен шығармаған жөн.
Есепті кезеңде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру мақсатында 875,5 миллион теңге бөлінген. Соның арқасында өңірде асыл тұқымды малдың үлесі артқан. Бұған осы салаға арналған мемлекеттік бағдарламалардың оң әсері барын айта кеткен жөн.
Облысымыз еліміздегі негізгі аграрлы аймақтың бірі екені белгілі. Мал шаруашылығы және аграрлық саладағы ілкімді істер – соның дәлелі. Өңіріміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындарда шығарылатын өнімдер еліміздің басқа аймақтарында да үлкен сұранысқа ие. Кәрім Көкірекбаев қазіргі таңда облыс көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін нақты 208 кәсіпорын, шағын зауыттар мен цехтар жұмыс істеп тұрғанын айтады. Бұл кәсіпорындарда 4 мыңға жуық адам жұмыс орындарымен қамтылған.

                                                                                                                                                                                                   Қоныс той көбейеді

Облыста құрылыс саласы қалыпты дамып келеді. Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 100,2 пайызды құраса (90,5 миллиард теңге), салынған инвестицияның нақты көлемі 5,9 пайызға артқан (41,5 миллиард теңге). Биыл 65-тен астам нысанның құрылысын жүргізу мен жаңғыртуға 19,7 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде білім саласына 7 миллиард теңге, денсаулық сақтау саласына 7,2 миллиард теңге, ауызсумен қамтамасыз етуге 1,9 миллиард теңге, өзен жағалауын нығайтуға 2,3 миллиард теңге, тұрғын үй құрылысына 1,3 миллиард теңге бөлінген. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы шеңберінде 6 айда 118 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 8,3 пайызға артты. Бұл салаға салынған инвестициялар – 33 пайызға ұлғайыпты (6,3 миллиард теңге).
«Биыл Тараз қаласының «Бәйтерек» мөлтек ауданында жалпы алаңы 6400 шаршы метрді құрайтын 65 пәтерлі бір тұрғын үй және Қордай ауданында 50 пәтерлі бір тұрғын үй пайдалануға берілді. Қаратау қаласында 64 пәтерлі тұрғын үй сатып алынды. Жыл соңына дейін Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі арқылы 2 үйді пайдалануға беретін боламыз. Жас отбасылар үшін 75 пәтерлі 1 үй, кезекте тұрған азаматтар үшін Тараз қаласында 80 пәтерлі бір үй тапсыруды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» арқылы 28 мың шаршы метрді құрайтын 4 тұрғын үй пайдалануға тапсырылады. Соның ішінде 2005 жылдан бері күрмеуі шешілмей келген орталықтағы «Атшабар» кешеніндегі 2 тұрғын үй құрылысы аяқталып, жалпы көлемі 15 мың шаршы метр құрайтын 252 пәтер пайдалануға берілетін болады», – дейді Кәрім Нәсбекұлы.

                                                                                                                                                                                            Аймақтың жолы жақсарады

Облыс әкімі өз баяндамасында жергілікті мәндегі автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеп, күтіп ұстауға биыл 7,2 миллиард теңге қарастырылғанын, бөлінген қаржыға 5 шақырым автожолда күрделі жөндеу, 316 шақырым автожол мен елді мекендер көшелерін және 2 жасанды ғимаратты орташа жөндеу, Тараз қаласы Тәуке хан көшесіндегі жол өткелін қайта жаңғырту жұмыстары қарастырылғанын айтып өтті. Аймақ басшысының айтуынша, қазір жалпы, жергілікті мәндегі автожол мен көшелерде 159 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

                                                                                                                                                                      Жамбыл жері «жасыл экономиканы» дамытуда

Облыс экономикасының маңызды саласының бірі – энергетика. Әсіресе, қазіргі заман талабына сай «жасыл экономиканы» дамытудың маңызы зор. Өңірімізде осы бағытта алдағы жылдарда Меркі ауданында су электр стансасын, Жаңатаста жел электр стансасын, Жамбыл ауданында күн электр стансасын іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, Жуалы ауданындағы күн электр стансасының және Қордайдағы стансалардың қуатын арттыру көзделуде. Облыс әкімі «жасыл экономиканы» дамыту жамбылдықтардың Астана қаласында өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қосқан үлесі болады дейді.

                                                                                                                                                                                          Теңге бағамы еңсемізді түсірмейді

Жалпы, алты айда облыс бюджетінің кірістер бойынша жоспары 100,1 пайызға орындалған. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, бюджет кірістерінің көлемі 3,4 пайызға төмендеді. Облыс бюджетінің шығындар көлемі 98,7 пайызды құрады (97,4 миллиард теңге) және 2014 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, көлемі 1,2 пайызға төмендеген. Мемлекеттік бюджетке 28,7 миллиард теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда, 6,8 пайызға кем. Болжам – 97,0 пайыз. Жергілікті бюджет бойынша түсімдер 8,1 пайызға артық орындалған. Берешек сома жыл басынан 668,3 миллион теңгеге өскен.
«Бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін облыс аумағында жұмыс істеп, бірақ салық төлеуші ретінде өзге өңірлерде тіркелген компанияларды облысқа тіркеу бойынша жұмыстар жүргізу қажет. Мәселен, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Шу аудандарындағы газ компрессорлық стансалар мен жұмысшылар үшін үй-жайлардың құрылысын жүргізіп жатқан «Азия газқұбыры» компаниясының филиалдары бүгінгі күнге дейін облыста тіркелмеген. Сәйкесінше, тиісті салық төлемдері біздің бюджетке түспейді. Өзімнің орынбасарыма, аудан әкімдеріне, мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесе отырып, осы мәселені шұғыл түрде шешуді тапсырамын. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одаққа Қырғызстанның кіруіне байланысты жергілікті бюджетті көбейтуге барлық мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек», – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Мәліметке сүйенсек, инфляция деңгейі 2015 жылдың маусым айында 2014 жылғы желтоқсанға қарағанда, 102 пайызды құрады. Азық-түлік тауарлары бойынша – 1,4 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 0,6 пайызға, ақылы қызметтер 3,9 пайызға көтерілген. Облыс әкімі бағаны тұрақтандыру бойынша тиісті жұмыстар жалғасып жатқанын айтты. Аймақ басшысының айтуынша, жыл басынан азық-түлік тауарларын тұрақтандыру үшін жалпы сомасы 70 миллион теңгеге 1543 тонна көлемінде әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алу интервенциялары жүргізіліпті. Бұл тауарлар арзандатылған бағамен күнделікті арнайы сауда нүктелері мен коммуналдық базарларда сатылуда.
«Теңге бағамының еркін айналымға жіберілгенімен, тұрғындардың әлеуметтік топтарына барынша қолдау көрсетіледі. Бағаны негізсіз көтеруге жол берілмейді. Президент Ұлттық банктің басшысына жеке тұлғалардың депозиттік салымдарын бір жылға келісім-шартпен банкте сақтаса, компенсация төлеу механизмін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының мәселесін шешуді тапсырды. Біз экономика өсімін тұрақты сақтау үшін жұмыс істейтін боламыз. Алда қыруар жұмыстар күтіп тұр. Сондықтан, қабылданатын шараларды бәріміз кеңесіп шешуге тиіспіз», – деді облыс әкімі.

                                                                                                                                                                                 Әлеуметтік салалардың  әлеуеті төмендемейді

Биыл денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 2,7 пайызға артып, 41 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде тегін көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуге 30,5 миллиард теңге бөлінді. Денсаулық сақтау нысандарын жаңғыртуға қарастырылғаны – 7,2 миллиард теңге.
Облыс әкімі өз баяндамасында өңірімізде әлеуметтік мәні бар аурулар мен аурушаңдық көрсеткіші төмендегенін, ана өлімі тіркелмегенін айтып өтті.
Білім саласында да ілгерілеу байқалады. Білім беру жүйесін қаржыландыруға биыл 75 миллиард теңге бөлінген (2014 жылы – 75,8 миллиард теңге). Бүгінде 24 білім нысанының құрылысын жүргізуге 7,4 миллиард теңге бөлініп, есепті кезеңде 1 мектеп пайдалануға беріліпті (Жамбыл ауданы Еңбек ауылындағы 120 орындық орта мектеп). 23 білім беру нысандарының құрылысы жалғасуда, оның ішінде 13 нысан биыл пайдалануға беріледі (8 мектеп, 5 балабақша) деп күтілуде. Қалған 10 нысанның құрылысы келесі жылы аяқталмақ.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев халық қалаулылары алдындағы есебінде өнеркәсіп, шағын қалаларды дамыту, жұмыссыздықты жою, қылмыспен күрес, бұқаралық спортты өрістету, тағы басқа салаларда атқарылған жұмыстарға да кеңінен талдау жасады. Тұрғындардың өтініш-тілектері мен облыстық мәслихат депутаттары жолдаған сауалдардың да назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын сөз етті. Әсіресе, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстарына ерекше тоқталды. «Елдігіміз бен еркіндігімізді паш ететін, халқымыздың бай тарихы мен жүйелі мемлекеттілігін дәлелдейтін Қазақ хандығының 550 жылдығы киелі Әулиеата өңірінде, тарихы терең Тараз қаласында аталып өткелі отыр. Ағымдағы жылдың 9-10 қазаны күндері Мемлекет басшысының қатысуымен ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін көптеген іс-шаралар өткізілмек. Атап өтсек, Тараз қаласында «Қазақ хандығы» тарихи монументі, «Көне Тараз» ашық аспан астындағы музейі, «Конное поло» ойынының алаңы ашылып, «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттайтын мәдени іс-шаралар өткізіліп, қазақ күресінен «Еуразия барысы» турнирі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылатын болады. Тараз қаласының әрбір тұсында көршілес облыстар өнерпаздарының өнерлері тамашаланады. Сонымен қатар, көршілес Қытай мемлекетінің Сиань қаласынан бұрынғы Жібек жолы бойымен түйелі керуен экспедициясы шықты, олар осы шараға орай Тараз қаласына келуін күтіп отырмыз. Елдік тойға тарту ретінде Тараз қаласында көптеген мәдени-тарихи нысандар бой көтеруде. Бұл нысандар Үкімет қорынан бөлінген қаржымен қатар, еліміздің басқа өңірлерінің қомақты көмегі арқылы іске қосылатын болады. Бұдан басқа, еліміздің көптеген ірі компаниялары демеушілік көмек көрсетуде. Бүгінгі күнге «Мәңгілік Ел» қорына 576 миллион теңгеден астам қаржы түсті. Осы ретте мен елдік іске өз үлестерін қосқан кәсіпкер Асаубай Майлыбаевты, «Эскулап» емдеу орталығын, «Диал» стоматологиясын және «Жамбыл керамзит компани» серіктестігін үлгі тұтып, осы маңызды іс-шараға облыс кәсіпкерлерін кеңінен атсалысуға шақырамын», – деді Кәрім Көкірекбаев.
Алты айда атқарылған жұмыстар жаһанды жайлаған дағдарысқа қарамастан біздің дамуымыздың шектелмегенін көрсетеді. Мұны жарыссөзге шыққан облыстық мәслихат депутаттары ерекше атап өтті.
Сағи Бейсенбеков, облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық аурухананың бас дәрігері:
«Мен облыс басшысының халыққа медициналық қызмет көрсету шараларына баса мән беріп, әрбір азаматтың сапалы дәрігерлік жәрдем алуына, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасының нығайып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне, олардың заман талабына сай қызмет көрсетуін жалпы медициналық саланы дамытуда өңірде атқарылған жұмыстарды үлкен жауапкершілікпен қабылдап отырмын. Облыс әкімінің есебінде облыс тұрғындарының арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелеріне баса мән беріліп, мұқтаж жанұяларға, оның ішінде қарттарға әлеуметтік көмек көрсету жайы, түрлі жұқпалы аурулармен күресу шараларына қатысты жайттар да кеңінен қамтылған. Халықтың сапалы медициналық көмек алуына барынша жағдай жасау бүгінгі күннің басты талабы болып қала береді. Облыс әкімінің есебінде көрсетілгендей, денсаулық сақтау саласына жасалған қамқорлықтың арқасында биыл денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі 2,7 пайызға артып, 41 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде тегін көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуге 30,5 миллиард теңге қарастырылды. Атқарылған жүйелі жұмыстардың арқасында өңірде туберкулез ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып, аурушаңдық деңгейі біршама төмендеді. Сонымен қатар, қан айналымы ауруы да азайды. Тағы бір атап өтерлігі, есепті кезеңде аналар өлімі тіркелген жоқ. Түрлі жұқпалы дерттермен күресу шаралары да сапалы жүргізілуде.
Халықты әлеуметтік қорғау, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің көлемі артуда. Үйде оқытылып отырған мүмкіндігі шектеулі балаларға төленетін жәрдемақы көлемі жыл сайын көбеюде. Нәтижесінде, кедейшілік шегінен төмен өмір сүріп жатқан халық саны 2015 жылдың бірінші шілдесіндегі көрсеткіш бойынша жыл басымен салыстырғанда, 10,9 пайызға қысқарған. Облыс бойынша кедейшілік деңгейі 0,5 пайызды құрап отыр.
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тамаша сөз бар. Сондықтан, осындай жарқын істердің басы-қасында жүрген өңір басшысының жұмысына қанағаттанарлық деген баға беруді ұсынамын», – деді.
Келесі кезекте сөз алған Тараз қалалық №2 сайлау округінің депутаты, «Жамбылхимстройинженеринг»ЖШС директоры Юрий МИНАКОВ облыс әкімінің баяндамасында облыстағы әр сала бүге-шігесіне дейін толық қамтылғанын айта келіп, өзі басқарып отырған серіктестік әлеуметтік, өндірістік мақсаттағы нысандар құрылысы, мәдени, тарихи ескерткіштерді қайта жарақтандыру, қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып отырғанын сөз етті.
Мұнан соң мінберге көтерілген облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Асаубай Майлыбаев есепті баяндаманы қанағаттанарлық сезімде тыңдағанын, облыс әкімі есебінде өткен алты айда атқарылған істі ғана емес, болашақтағы үлкен жоспарларды да қамтып өткенін қозғады. «Өңірде қазіргі қиындық жағдайға қарамастан, үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл тұрғыда Қазақ хандығының 550 жылдығының да әсері бар екендігін айтуға тиіспіз. Әрине, алдымен, ата-бабаларымызға рахмет. Кезінде Қозыбасы жерінде хандықты құрып, міне, ұлық мерекені тойлау біздің өңірдің еншісіне бұйырып отыр. Бұл бір жағы облысымыздың бағы шығар.
Негізі алға қойылған мақсат, міндеттің үдесінен шығу оңай шаруа емес. Мен облыс әкімінің атқарған жұмысын жақсы деп бағалаймын. Әрине, жұмыс болған соң ұсақ-түйек кемшіліктер де орын алмай тұрмайды. Сондықтан, менің бір-екі мәселеге тоқталғым келіп тұр. Осыдан бірер күн бұрын қала әкімінің есебіне қатыстым. Сонда сөз алған депутаттардың дені қала әкімінің алдына бейберекет сауда орындарын реттеу туралы мәселе қойды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Елбасы осыдан бір жыл бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында жабайы сауда орындарын жою жөнінде облыс әкімдеріне тапсырма берген болатын. Бірақ осы мәселені реттеу бізде өте баяу жүріп жатқаны ащы да болса шындық. Мәселені қолға алу керек.
Өткен сессияда мен Қазақ хандығының мерейтойына демеушілік көмек көрсету жөнінде бастама көтердім. Осы орайда әркім «мемлекет бізге не берді, біз мемлекетке не бердік?» деген сауал төңірегінде ойланса деймін. Кеше өздеріңіз білесіздер, ел Үкіметі ақшаны еркін айналымға жіберді. Мен мұндай қадамға ертерек беру керек еді деп ойлаймын. Бұдан қорқатын ештеңе жоқ. Сүлеймен патша кезінде «Бұл күн де өтер» деген екен. Бұл күн де өтіп кетеді. Сондықтан, қаржы мәселесіне қатысты елімізде орын алған жайттарды халыққа дұрыс түсіндіру керек.
Енді мал базарына қатысты бірер ауыз сөз айтсам деймін. Біз қала сыртынан мал базарын соқтық. Ондай қадамға өз бастамамызбен барған жоқпыз. Лауазымды азаматтардың ұсынысымен аштық базарды. Сот қала ішіндегі мал базарын жабу жөнінде шешім шығарып берген болатын. Бірақ, кейін сот бұл шешімін өзгертті. Бұл жерде жең ұшынан жалғасудың орын алып отырғаны жасырын емес. Өздеріңіз білетіндей, Елбасы ұсынған 100 нақты қадамда соттардың ашықтығы жайлы жақсы айтылды емес пе? Ал мал базары қоғамдық орындардан қашық болуы керек. Әзірге біздің базар бұл талаптарға толыққанды жауап берерліктей деңгейде емес. Бұл орайда сол базар маңында тұратын тұрғындар талай шағым да айтқан болатын. Бірақ, осы өзекті мәселені әлі созып келеміз. Осы түйткілді жағдаймен жұмылып күресу керек», – деді депутат.
Жарыссөзде облыстық мәслихат депутаты, ТарМПИ-дің ректоры, профессор Дария Қожамжарова облыстық басылым беттерінен облыс әкімі есебінің тезисімен жіті танысып шыққанын айтып, атқарылған істерге оң бағасын берді. «Мен облыстағы білім мен ғылымның даму деңгейіне, жай-күйіне тоқталғым келіп отыр. Жуырда Тамыз кеңесі болып өтті. Сонда біраз өзекті мәселелер талқыланды. Соның ішінде бізде оқушылардың ҰБТ-ға қатысу проблемалары да қозғалды. Менің айтайын дегенім, облысымызда,Тараздың өзінде ҰБТ тапсыруға даярлайтын және тіл оқыту орталықтары көптеп ашылып жатыр. Келісім-шартқа байланысты біз солардың бір-екеуімен жұмыс жасап көрдік. Қарап отырсақ, сол орталықтардың кейбірі жалған сертификаттармен жұмыс істеуде. Осыған тиісті орындар көңіл бөлсе екен деймін. Себебі, осы орталықтарға ата-аналар аз қаржы жұмсап отырған жоқ. Екіншіден, балаларды неге мектептердің өзінде, мемлекеттік орындарда дайындамасқа деген сауал туындайды.
Сөзімнің соңында биыл барлығымыз үшін келелі, тарихи жыл – Қазақ хандығының 550 жылдығы екендігін еске сала кеткім келіп отыр. «Жалғыз ағаш – орман емес» дейді ғой. Осы тойдың өз деңгейінде өтуі – әрқайсысымыз үшін үлкен сын. Баршаңызды осы тойға бір кісідей қатысуларыңызды сұраймын және соған шақырамын», деді.
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында басқа да бірқатар мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Атқарылған жұмыс аз емес. Алда күтіп тұрған шаруалар да көп. Бастысы, қазіргідей қиын-қыстау кезеңде бірлесе шешім қабылдап, жұмыла жұмыс жүргізу керек. Себебі, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл».

Ардақ Үсейінова,

«Ақ жол».

Comments are closed.