Молданың «машақаты»

97

Кеңес үкіметі ыдырап, ел жаппай саудаға кетіп, кейбірі дінге бет бұра бастаған кез. Ауылда сауатты молда табылмады ма, әйтеуір Қаратаудан бұрын ауылда туып-өскен Әбдіқали деген молданы алдырып, мешітке имам етіп сайлады. Бұрынғы ескі бір кеңсе мешітке айналып, одан күніге бес рет азан шақырған дауысты естіп тұру ауыл халқы үшін үрдіске айналды.
Алайда, біз секілді балалар Қали молданы көрсек, қашатын әдет таптық. Өйтпегенде ше? Қолына түссең, «Кімнің құлысың?» деген сауалдан бастап, әр нені сұрап ығыр етеді. Алладан еш хабары жоқ бізге біреудің құлы болу құлаққа түрпідей тиетіндіктен «Ешкімнің», – деп жауап қайтарамыз. Ол болса біздің сөзімізге «Алланың құлысың», – деп түзету енгізіп жататын. Кейде жаңадан көшіп келіп кем-кетігін бүтіндегісі келе ме, әлде «Бала ғой жұмсалғаны білінбес» дей ме, үйіне ертіп барып, тірлікке жегетін.
Сол имам жалғыз бізді ғана емес, қолынан құрылыс келетін Аманбек деген ауылдың айтқышы, Құдай қосқан қоңсысын да жұмсайды екен. Аманбек ақыға жұмыс істеп нәпақа тауып, еті үйреніп қалғандықтан молдадан бірдеңе дәм етсе керек. Ал молда болса, жұмыс аяғы біткен соң, алақанын жайып тұрып, «Алла разы болсын, әумин!», – деп бет сипайтын көрінеді. Ол кезде «Еңбегін сатты» деген түсінік те санадан сызыла қоймаған шақ. «Мен ақыға жұмыс істеймін», – деп айта алмай Аманбек іштен тынып жүре береді.
Көзі шалса болды жұмсап, «Алла разы болсын» деуден танбайтын имамнан шаршаған әрі көршісінің «Молда да ақша көп-ау деймін, жыбырлап, қашан көрсем, сол үйден шықпайсың», – деген сөзінен секемденген Аманбек, «Жұрттың үйінде жұмыс істесем, ақша береді, молданың үйінде жұмыс істесем, (қос қолын құлаштап көрсетіп) мынана-а-а-ндай «Алла разы болсын береді» деген екен.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.