Мемлекеттік қызметкерлер сынға түсті
Мемлекеттік қызметкерлер сынға түсті
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменттері арасында «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты облысаралық – аймақтық байқау Тараз қалалық Мәдениет үйінде өтті. Оған Алматы қаласы және Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департментінің өкілдері қатысты. Төл тіліміздің мәртебесін көтеру, қазақтың сөздерін орнымен қолдануға тәрбиелеу, дәстүріне құрметпен қарау, өзара тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған өнер додасы «Таныстыру», «Жұмыс жағдайынан бейнеролик көрсету», «Топ басшыларының пікірсайысы», «Өнер көрсету», «Қазақтың салт-дәстүрінен көрініс» бөлімдері бойынша жалғасып, жеңімпаз команда анықталды. Өнер додасының ашылу салтанатында облысымыз бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары-Тәртіптік кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев сөз сөйлеп, үміткерлерге сәттілік тіледі. Бір байқағанымыз, байқауға қатысқан топтардың бәрінің дайындығы жақсы, жеңіске деген құштарлықтары жоғары екен. «Таныстыру» бөлімінде қызылордалық «Тіл жанашырлары» және облысымыздың намысын қорғаған «Қыран» командасының сөз саптауы жоғары болды. Әсіресе, топ басшыларының пікірсайысы тартысты өтті. Әр команда жетекшілері кейбір терминдердің дұрыс қолданыста еместігін, көп мекемелерде төл тілімізге деген жанашырлықтың жоқтығын сынға алды. Бұл кезеңде Алматы қаласы және біздің облыс командасының жетекшілері ақтық сында кездесті. «Өнер көрсету» бөлімінде патриоттық әндер орындаған Алматы қаласы мен Алматы облысының дайындығы жоғары екені байқалып тұрды. «Қазақтың салт-дәстүрі» бөлімінде барлық командалардың дайындығы көңілден шықты. Алматы облысы құда түсу, қызылордалықтар қыз ұзату салттарынан әдемі көрініс көрсетті. ОҚО-ның бітімгершілік бағытындағы көріністері назар аудартпай қоймады. Дегенмен, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Хан көтеру» көрінісін көрсеткен, Керейдің ақ киізге оранып, алғашқы хан болатын сәтін әдемі сомдаған Алматы қаласының дайындығы өзге облыстарға қарағанда бір саты жоғары болғанын айтқанымыз әділдік болады. «Тұсаукесер» салтынан қысқа қойылым қойған топ жетекшісі Берік Бегалиев бастаған жерлестеріміздің өнері де шынайы шықты. Байқау қорытындысында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл департментінің «Жалын» командасы байқаудың жеңімпазы деп танылды. Жүлделі екінші орынға облысымыз бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл департаментінің «Қыран» тобы лайық деп танылса, Алматы облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл департментінің «Жетісу жалындары» командасына үшінші орын бұйырды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қазылар алқасының төрағасы Ғалым Тұрсынбаев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан, тіл жанашыры Күлшат Қожатаева марапаттады. Енді аймақтан озған Алматы қаласының командасы алдағы 19 қыркүйекте Халықаралық тіл мерекесіне орай Астана қаласында өтетін республикалық байқауға қатысатын болады.
Есет Досалы, «Ақ жол».