- Advertisement -

Абай елі –тұнып тұрған шежіре

968

- Advertisement -

image004Семей өңірі, Семей топырағы – тарихи және табиғи ескерткіштерге бай өлке. Семейге жолы түсе қалатын жан болса міндетті түрде қазақтың жазу әдебиетінің негізін қалаған ұлы ақын, заман кемеңгері Абай (Ибраһим) Құнанбаев пен дарынды философ, ақын Шәкәрім Құдайбердиевтің  Жидебайдағы (Абай ауданында) мемориалдық қорық-кешенінде, музей-үйінде болуына кеңес берер едік. Абайдың Семейдегі музейіне бас сұғуды ұмытпағайсыз. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны осы топыраққа тамғанын естен шығармаңыз. Уақыт тауып Бөріліге де ат басын бұрып, Мұхаңның музей-үйіне де соғып өту артық болмас. Бұл өңірді «Ұлылар мекені» деп мақтаныш етіп, қазақ ерекше қастерлейді.
…Семейден 180 шақырым жердегі Абай ауданының орталығы Қарауылға апаратын күрежол айнадай жалтырап жатыр. 1969 жылы жаңартылып, асфальт төселген бұл жол – Ұлы Абай өмірін көз алдыңа келтіретін тарихи жол. Кейінгі кезде бұл жолды «Абай жолы» деп көпшілік орынды атап жүр. Алдымен, Семейден 10 шақырымдай шыққанда Шағыл деген жер кездеседі. Бұл ертеде байлардың бие байлап, қалаға қымыз апартқызатын жері екен. Соның ішінде Абай ауылы да болған. Одан әрі Балта-Орақ деген жер. Ол осы өңір жатақтарының мекені деп есептеліпті. Абай онда көп адамдармен дос болған. Одан кейін Күшікбай дөңі. 24 жасар М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінде айтылатын осы орындар. Уақ батыры Күшікбай ауырып жатқан жерінен «аттанды» естіп, жалаңаш етіне шекпенін жамыла салып, жауға шапқанын ақсақалдар тамсана айтып отыратынын жазушы айтып кететіні бар емес пе. Міне, сол – қысы-жазы бір аңызақ жел соғып тұратын Күшікбай өңірі. Осы жерде суы тұщы да тастай, мөлдір бұлақ ағып жатады. Өткен-кеткен жолаушылар оған бірер сәт аялдап, шөл басады екен. Бір кезде Абайдың ағасы озбыр Тәкежан бұл жерді иелерінен тартып алмақ болып, жылқысын осылай қарай жайғызғанда Уақтың бір ақылды кісісі айла тауып, ешкімге көрсетпей үйір жылқылар келе жатқанда бұлақтың көзін қой терісімен бітеп тастапты. Су жүннің шайырымен ағып, иісті болған соң, оны жылқылар ішпей тұрып алады. Жылқы ішпеген соң Тәкежан бұл жердің қайыры жоқ екен деп кері қайтқан екен деген аңыз бар.
Күшікбайдан әрі біраз жүргеннен кейін Үштөбе деген жер келеді. Бұл – Абайдың ағасы, Шәкәрімнің әкесі Құдайбердінің қыстауы болған. Ол жерде Құдайбердінің қасына Құнанбайдың өзі де қойылған. Сөйтіп, ағайындылар мәңгілік мекенінде қатар жатыр. Одан әрі Итжон деген қырат келеді. Одан бес шақырым жерде Әйгерімнің қыстауы Аралтөбе жатыр. Кезінде Абай сол жерден Итжон арқылы Семейге төте шығатын көрінеді.
Келесі жер Қанай деп аталады. Бұл – Абайдың атақты «Қыс» деген өлеңінде: «Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін, Құр жібер мына антұрған кәрі шалды», дейтін Қанай ата ұрпағының жайлаған киелі жері. Қанайдан әрі атақты Қашама көрінеді. Абайдың «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» сияқты өшпес туындысын тудырған Тәкежанның күзегі сол. Келесі мекен – Аяққараған. Мұндағы күзекте ұлы жазушы Мұхтар Әуезов дүниеге келген. Одан әрі Бөрілі. Бұл – Мұхтардың атасы Әуездің қыстауы. Бала Мұхтар осы Бөріліде атасы мен әжесінің бауырында ержеткен. Қазір мұнда Мұхаңның музей-үйі бар. Бұл өңірге жолы түскен жүргіншілердің бәрі оған соқпай кетпейді. image003
Келушілердің бас иіп, тізесін бүгетін келесі жер – Қасқабұлақ. Бұл жерде қазақтың данасы Абай шыр етіп өмірге келіп, кіндік қаны тамған. Топырағын аймалап, бетіңді ¬сипап, неше түрлі тарихты көзіңе елес¬теткен соң, одан әрі Ералы жазығына өтесің. Кеңгірбайдың баласы, Бөжейдің әкесі Ералы би осы жазықты мекен еткен. Жазықтың төбеге айналар биігінде қазақтың табиғаты, тіршілігі ғана емес, заңының да қатаң болғанын паш етіп, сол тәртіптің құрбаны болған қос ғашық – Еңлік-Кебектің өлтірілген жері тұр. Қос ғашыққа арналып тұрғызылған кесене-ескерткіш басындағы таста Абайдың: «Көп жасамай көк орған, Жазасы үлкен жас өлім» деген сөздері жазылыпты. Бұл күнде Семейден 119 шақырым жерде жатқан екеуінің басына әсем кесене орнатылған, жолаушылардың бәрі де бірер уақыт аттан түсіп, қос ғашыққа құран бағыштап өтетін дәстүр бар екен.
Келесі жердің аты – Ащысу. Осының оң жағында, жиырма шақырымдай жерде Абай мен Ысқақтың алғашқы қыстауы Ақшоқы бар. Одан әрі Арқат тауы арқылы жол Шіліктіге апарады. Осы жерде Семейден қайтқан Абай Әйгеріммен алғаш рет кездесіп, ғашық болады. Осында «Әйгерім бұлағы» атанған суқайнар да бар.
Шіліктіден әрі Абайдың атақты қыстауы – Жидебай көрінеді. Боз жусанның исі аңқыған қазақтың кең дала төсінде Шыңғыстаудың бөктерінде алыстан мен-мендеп тұрған ақ мәрмерден өрілген сәулетті кешенді көрмей кету кімге болса да қиянат болар еді. Абай бабамыздың кіндік қаны тамған, бүкіл саналы ғұмырын өткізген өңір, оның махаббат мекені, шығармашылығының бесігі, даналық кеңсесі болған киелі Жидебайды Абайдың кіші Меккесі деп атағанын айтсақ артық болмас, сірә.
Абайтану ілімінің негізін салушы, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің шығармаларында суреттелген өңір келбеті, табиғат көріністері, жер мен су, қырлар мен қыстаулар аттары көз алдыңа «Абай жолындағы» картиналарды көлбеңдетіп алып келеді. Кейде, тіпті, тура сол кейіпкерлермен қоян-қолтық жүргендей сезінесің. Иә, қай жаққа қарамағын, зер салған адамға бұл өңір тұнып тұрған тарих…
Әсіресе, Абайдың музей-үйі адамға керемет әсер етіп, ерекше сезімге бөлейді екен. «Қазақтың түз даласында еркін өмір сүрген, еш университеттік білімі жоқ Абай Құнанбайұлына Жаратқан Ием қандай даналық, философиялық және педагокикалық салиқалы ой, шешендік, ақындық дарын, сазгерлік талант берген!» деп таңғалмасқа амалың жоқ.
«Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманы жаман күйлемек,
Заман оны илемек».
Немесе:
«Кім жүрер тіршілікке көңіл бөлмей,
Бақи қоймас пәнидің мінін көрмей.
Міні қайда екенін біле алмассың,
Терең ойдың телміріп соңына ермей»
– деп тереңнен ой қозғайды ұлт ұстазы Абай.
«Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» – деген сөздерде біле-білсек Абай өмір сүрген бүкіл бір дәуірдің мұңы, тағдыры, қайшылық-тартысы, тарихы жатыр. Әттең, әлі де көпшілік, «қалың елім қазағым» (әзірше Әлемді алмай-ақ қоялықшы!) Абайдың даналығын сезіне алмай келе жатқаны өкінішті.
Жазушы-драмтург, шебер публицист, әдебиет зерттеушісі Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбие» деген еңбегінде жазылған «Дәрігер адамның тәнін сауықтырса, тәрбиеші адамның жанын, ақылын, мінезін сауықтырады. Мектепте білім беру домбыраның қос ішегіндей тәрбиемен жүру керек. Ақылды адам көбейсе, олар – Отанының күзетшісі, қорғаны» деген жолдар бар. Абайдың шығармаларында тәрбие, мінез түзеу ісіне мол орын берілгенін көпшілік жақсы біледі. Абай өлеңдерінің өміршеңдігі оның философиялық ойларында жатса керек. Шынында да Абай өз ісімен, әлемге көзқарасымен, терең де байыпты ойларымен, психолог-данышпандығымен замандастарынан ерекшеленіп, қазақ халқының қорғаны бола білді. Абайдың ең бір артық ерекшілігі – заманының айдаған ыңғайына жүрмей, өзіне Алла тағала берген өзгеше қабілеттердің арқасында айналасына ашық, сын көзбен қарап, барлық құбылысты, өзгерістерді дәл суреттеп, қағазға түсіргені. Хакімнің тереңнен нәр алған ойлы шығармалары өз халқын мәдениет және әдебиет мұхитынан сусындатты.
Абайдың лирикалық өлеңдері ерекше құбылыс. Олармен танысып отырып ақынның поэзиялық шеберлілігіне, теңеулерінің кереметтілігіне, сөз саптауына ерекше тәнті боласыз. Қысты ақын былайша суреттейді:
«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек қылды».
Қандай ғажап сөздер, картина мен теңеулер! Ақындықтың таңғажайыбы, құдіреті, сірә, осы емес пе?!
Түнгі табиғат көрінісін Абай былай суреттейді:
«Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп».
Тура осылай әсерлі етіп ешбір ақын табиғат көрінісін жазған емес. Ғажап! Көз алдыңа керемет табиғат картинасы келіп тұра қалады. Абайдың лирикалық жырларын оқығаннан кейін айналаңа басқаша көзбен, сұлулық әлеміне сүйкімдене қарайсың.
А.Құнанбаевтың өмірі мен шығармаларына ден қойып, саралап шыққан Жүсіпбек Аймауытов: «қазақ халқын надандықтың айсыз қараңғы түні бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде тұншыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық-аждаһаны өртеуге Құдай жіберген ақиқаттың ұшқыны Абай туды. Табиғаттың қыңыр жолы кімді билемеген? Өскен орта, көрген үлгі, тоңмойын надандық толқыны ағызып, ақыл көзін шын ақиқатқа ашқызбай, заман тонын кигізіп, 35 жасқа дейін ықтиярсыз айдап келді. Бұл жасқа келгенде маңдайындағы жұрттың кір, бұзық мінездері бар қалпымен көзіне айқын суреттелді, өкінді, өксіді, жиренді… осы өкініш, өксіктің уыты бойын кернеп, ызалы, кекті, улы көп әсер, көп із қалдырды», – деп ақын туралы алғашқылардың бірі болып ешкім айтпаған өзінің пікірін, ойын білдірді.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін» деп парасатты Абай өз шығармаларына ерекше мән беріп, жауапкершілікті сезініп, мұқият ойланып-толғанып барып, қағаз бетіне түсірген. Сондықтан оларды интелектуалды қымбат дүние деп қабылдауымыз керек. Тазалықты, адалдықты, жақсылықты іздеген адам Абайдан іздеу керек. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» немесе «Баламды медресеге (университетке) біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деп Абай тереңнен ой қозғайды. «Балам закон білді деп, Қуанар ата-анасы. Ойында жоқ олардың, Шариғатқа шаласы» дейді ақын тағы бір сөзінде. Абайдың шариғат деп отырғаны – білім мен кісілік. Өкінішке қарай, бұл айтылған тағылым-сөздер өз қасиетін, мәнін, күшін әлі жоғалтқан жоқ. Демек, әлі де өмірге, білімге елтең-селтең, жеңіл қарайтын жастарымыз аз емес. Түйсігі бар, саналы білім алам деген жасқа қазір мүмкіндік мол, жол ашық. Тек, алтыннан да қымбат уақытыңды бос өткізбей, оқуды бойыңа сіңіріп, біліммен сусындап, алға қойған мақсаттарыңа жету үшін талпын, тырыс, аянбай еңбек ет.
Хакім Абайдың қаламынан туындаған «Қара сөздері» мен айтқан афоризмдері (мақал-мәтелдері) осы күнге дейін өз құндылығын жоймаған жауһар дүниелер. Мысалы, оның айтқан мына ұтқыр сөздері қазақ арасында кең тараған: «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол», «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан», «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», «Ақыл бітпес дәулетке, дәулет бітпес келбетке», «Толғауы тоқсан қызыл тіл, сөйлеймін десең өзің біл», «Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Бойда қайрат, ойда көз, болмаған соң айтпа сөз», «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба», «Сөзіне қарап кісіні ал, кісіге қарап сөз алма», «Жаман кісі бейне бір көлеңке, ашық күні қашып құтыла алмайсың, бұлтты күні іздесең таба алмайсың», «Атақ деген бір жартас, ышқынып оған қыран да шығады, өрмелеп оған жылан да шығады» және тағы сол секілді. Ал енді ойлай беріңіз Абайдың даналық қасиетін…
Ол қазақ поэзиясын араб, парсы, орыс және көне түркі тілдерінен алынған сөздермен байытты. Абайдың шығармаларында сол замандағы қазақтың зар-мұңы, көзінен аққан жасы, басынан өткен қасіреті аса шеберлікпен суреттелген. Өз заманында қазақ ақындарының айта алмаған, айтса да жеткізе алмаған ой-пікірлерін Абай барынша дамытып, қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білді. Не жайында жазса да ақын түп-тамырын, ішкі сырын, қасиетін адам бойына, санасына сіңіріп, ой салып, ұғындыра жазады. Сондықтан болар қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов Абайды терең зерделей отырып, оны ақжарқын пейілмен «Қазақтың бас ақыны» деуі. «… Бәрі де дұрыс, түзу, тиісті орнында айтылған сөздер. Оған оқушылар түсінбесе, ол Абайдың үздік, ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді…» деп тереңнен толғап, саралап, ерекше баға береді Абайдың ұлылығына, дүниетанымына.
Заманынан озып туған Абайдың аудармашылық қабілеті де керемет, өзгеше болғанын көпшілік бұл күндері таңғала, тамсана жазып жүр. Қазақ халқы Сократтың, Платонның, Аристотельдің ой-пікірлерімен, даналықтарымен, Фирдоуси, Науаи, Низами, Дивани тәрізді шығыс ойшылдарының шырайлы шығармаларымен алғаш рет Абай арқылы танысты. Ол орыстың сол заманындағы белгілі, талантты ақындары Лермонтовтың, Пушкиннің, Крыловтың туындыларымен танысып (А.Құнанбаев Ұлы шексіз даланың бір түпкірінде тіршілік етсе де білімін жетілдіру мақсатында көптеген кітаптар мен газет-журналдарды үзбей жаздырып, алдырып тұрғаны белгілі), олардың біраз өлеңдерін қазақша керемет етіп сөйлеткені ерекше құбылыс. Мысалы, «Қараңғы түнде тау қалғып», «Тұтқындағы батыр», «Жолға шықтым жым-жырт», «Кинжал», «Онегиннің хаты» секілді классикалық туындыларды қазақ оқушыларына алғаш жеткізген зерделі Абай болатын. Шынын айту керек, кейбір өлеңдері авторлардың ойынан да асып, сырт пішімі түрлене, әдемі әсерлене түскен. Мысал ретінде оның А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романының желісімен жазған «Орыс қызы Татьяна» атты поэмасын алайық. Абай аудармасы қазақы тілмен шебер өңделіп, барынша жылы сезіммен көркемделген. Оны оқып отырып Абайдың поэзиялық дарын-құдіретіне, аудармашылық шеберлігі мен кемеңгерлігіне шүбәсіз таң боласыз.
«Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт дел-сал қып,
Түн басады салбырап.
Шаңдай алмас жол-дағы,
Сыбырламас жапырақ.
Тыншығарсың сен – дағы,
Сабыр қылсаң азырақ».
Бұл немістің белгілі ақыны В.Ф.Гетенің «Uber allen Gipfeln ist Ruh» деген эллегия өлеңін Лермонтов «Горные веришины, Спят во тьме ночной. Тихие долины, Полны свежей мглой. Не пылит дорога, Не дрожат листы. Подожди немного, Отдохнешь и ты» деп орыс тіліне аударып, одан Абай қазақ тіліне өзінің табиғат берген зор қабілетіне қарап тамаша етіп аударған. Тіпті, аударған дегеніміз жөнсіз болар, еліктеп, эллегияның мағынасы мен түріне еш нұқсан келтірмей өзінше өңдеп, қазақи тілмен шебер, көркем сөздермен тігісін жатқызып, сәтті жазып шыққан. Абайдың поэзиясын зерделей отырып, ақынның өзіне жүгінейік: «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», – дейді Абай.
Қолына қалам ұстап әлемдік жыр әлемінің жарық жұлдыздары Гете, Тагор шығрмаларын қазақ тіліне аударған алғашқы қазақ ақыны да Абай екен. Иә, ой таразысынан өткізсек, Абай аудармасында таңғаларлық, таңғажайып жолдар көп.
…Жидебай қонысы негізі Абайдың інісі Оспанның иелігінде болғаны тарихтан белгілі. Ол бақилық болғаннан кейін Абай оның әйелі Еркежанға әмеңгерлік жолымен үйленеді де осында түбегейлі қоныстанған екен. Қазіргі мемориал-үйге айналған үйді Абай 1895 жылы өз жоспары бойынша тұрғызыпты. Абайдың 125 жылдығы қарсаңында (1975 жылы) үй күрделі жөндеуден өтіп, ақын мұражайына айналдырылыпты. Абайдың өз жобасымен салғызған үйі бұл күндері оның мұражайына айналған. Сыртын әрлеп, есік-терезесін ауыстырғаны болмаса, негізінен қатты өзгертілмеген. Барлық бөлмелері, ауласы өзінің қалпында сақталған. Мұнда дана Абайдың және оның төңірегіндегі жақындарының тұтынған, қолы тиген біршама заттар сақталыпты. Соның ішінде дала данышпаны хәкім Абай кезінде ойға шомып жыр жазған үстелдері, тұскиіз, жатар кереуеті, әшекейлі сандықтары, шкаф толы көне кітаптары, тамақ ішкен ыдыс-табақтары, киімдері және тағы сондай дүние-заттары жинақталыпты. Тіпті, Жидебай – Семей аралығына талай рет қара жолдың шаңын шығарып жүрген пәуеске арбасы, ат-әбзелдері де сақталыпты. Соның бәрін Абай ауылдарын «бай» деп қудалағанда шашылып қалған жерінен тірнектеп жинаған жандарға ризашылығыңды білдіресің.
Музейден таяқ тастам жерде Абай мен Шәкәрімнің мемориалдық кешені Абайдың 150 жылдығына, яғни 1995 жылы ашылыпты. Сымбатты аппақ бойшаң қос мұнара алыстан ерекше көз тартады. Кең даланы кезіп-жүзіп жүрген алып кемедей әсер туғызады. Бек Ыбыраев бастаған бір топ сәулетшілер мен құрылысшылар бұл кешенде 2 жыл бойы шаршамай-талмай, ерекше талғампаздықпен еңбек етіпті. Сәулет тілінде бұл құрылыс таған латформа-стилобат деп аталады екен. Кешен құрылысына көк гранит, ақ мәрмер, қаратүсті габбро, тіпті, Маңғыстаудың кершік тасын да пайдаланыпты. Көлемді кешен сәулеттің ең соңғы сұраныстарына сай жасалынғанын, оның әр деталінің мәні бар екенін көңілге тоқисың.
Осы Жидебай қыстауында ақынның ең жақын жандары жай тапқан екен. Аналары Зере мен Ұлжан, үшінші әйелі Еркежан, інілері Оспан мен Шәкәрім және өзі. Қазір Абай мен Шәкәрімнің басына арнайы жобамен көрнекті кесене салынғанын көпшілік біледі. Ол – тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген табыстардың бірі. Бір қызығы, Абай мен Оспан бір кесенеде, ал Шәкәрім кесенесінде әкесімен бірге ұлы Ахат жатыр.
Тәубе, Қазақ елі сандаған ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жетіп, еркіндіктің Көк байрағы желбіреп, көгімізде Алтын қыран қалқыды, тіліміз бен дініміз қалпына келіп, экономикамыз бен мәдениетіміз дамып, қазақ аты бүкіл әлемге танылып жатыр. Тәубе, тәубе! Құдай жар болсын!
Абай елі қазақ үшін киелі жер, талай нарқасқа азаматтар дүниеге келген құдіретті, қасиетті ел. Жыл сайын бұл кешендегі ашық аспан астындағы амфитеатрда дәстүрлі «Абай оқулары» өткізілетін көрінеді. Республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған талай жас ақындар осы жердің құдіретін сезініп, таланттарымен танылып, бәйгеде оза шауып, сиқырлы поэзия әлеміне қанат қағыпты. Қазақ елі таланттарға әлі де кенде емес екенін осыдан байқауға болады.
Бұл аймақта Өскенбай әулетінің баршасы жатқан көрінеді. Зере мен Ұлжан аналардың, Құнанбайдың, Абайдың інісі Оспанның, Ділдәнің, Еркежанның, Әбіш пен Мағауияның бейіттері де осы маңда екен.
Халық арасында кең таралған аңыз бойынша, әлемнің үштен бір бөлігін жаулап алған Шыңғысханның да бұл өңірде ізі қалған. Оның осы аймақта әскер қимылын басқаратын орталығы – Хан шатыры болған екен. «Халық айтса, қалт айтпайды». Несі бар, болса болған да шығар…
Алты алаштың дарынды ұлдары, қазақтың мақтанышы Абай мен Шәкәрім музейі орналасқан жер (Жидебай) географиялық тұрғыда Еуразия кіндігі деп танылып, қызыл гранит тастан арнайы белгі қойылыпты. Онысы да рас болар. Киелі қазақ даласын қос континенттің кіндігі деп бүкіл әлем мойындап отырғаны керемет емес пе?!
Абай ауданының орталығы Қарауылдан ымырт үйіріле Семейге қайтып келеміз. Қараңғылық түсіп, төңіректі түн тұмшалап алды. Түнгі аспанда мыңдаған жұлдыздар жымыңдайды. Батыстан жарты ай көрінді. «Желсіз түнде жарық ай…». Ұлы Абай дүниеге келіп, өмір сүріп, сайран салған, шығармаларын қағаз бетіне түсіріп, артында өшпес із қалдырған киелі топырақтың жылы лебі білінеді…
Тарихы мол өлкеден алған әсеріміз көңілімізді көтеріп, ой құшағына кіргізіп, қиялымызды сан-саққа жүгіртеді. «Қазақ даласының тарихы не деген бай, әлі білмегеніміз қаншама?!» деп толқисың, қазақ болып дүниеге келгеніңді мақтаныш етесің…

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

  Тараз – Семей – Жидебай – Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support