«Серпін» жастарға серпін береді
«Серпін» жастарға серпін береді
Жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында облыс әкімі К.Көкірекбаев жастардың оқуына, жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін «Серпін» мемлекеттік бағдарламасын кеңінен насихаттау керектігін айтқан болатын. Расында да, жастарға нағыз мемлекет қамқорлығын байқататын мұндай тың бағдарлама көпшілік назарынан тыс қалмауы керек. Өткен жылы «Серпін» жобасы бойынша 2050 талапкер оқуға түссе, биыл бағдарлама бойынша бөлінген грант саны 3 есеге артқан. Сондықтан, ауыл жастары мұндай мүмкіндікті құр жібермеуі тиіс. Бөлінген гранттардың 5000 орны 19 жоғары оқу орнындағы 61 мамандық бойынша бөлінсе, 1200 орны 36 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 47 мамандық бойынша берілген. Бұл мамандықтар тізімінің барлығы уақыт талабынан туындаған сұранысқа сай дайындалған. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде демографиялық өсім байқалады, ал солтүстік және батыс өңірлердегі жағдай онша мәз емес. Сондықтан болар, соңғы аймақтарда кадр тапшылығы сезілуде. Ал Елбасының бастамасымен дүниеге келген жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарлама осы олқылықтың орнын толтырады деп күтілуде. Мәселен, аталған жоба еліміздің түрлі аумақтарындағы жұмыс күшінің тең бөлінісін қамтамасыз етуді, еңбек күші мол өңірлерден кадр тапшылығы сезілетін түрлі өндіріс орындары мол аймақтарға жас мамандарды тартуды көздейді. Бірақ, аталған мамандарды сол жұмыс күші тапшы өңірлерде даярлауға әлеуметтік тұрғыда бейімдеуге басымдық беріледі. Әлеуметтік жобаға Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының ғана түлектері қатысады. Яғни, біздің облыс жастарына үлкен мүмкіндік туып тұр деген сөз. «Серпін» жобасында қабылдаушы жақ ретінде жеті өңір таңдалған. Өткен жылы бөлінген алғашқы 2050 гранттан жеті жоғары оқу орнына 1050, 23 колледжге 1000 грант тағайындалған. Жоғары оқу орындарында грантқа ие болғандар стипендиямен, туған өңірлеріне бір рет барып қайту жолақысымен және жатақханамен, кейін жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Ал колледждерге түскендерге үш мезгіл тамақ пен оқу киімдері қаралған. Биыл облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен жұмысшы тобы құрылып, оның құрамына білім басқармасының басшысынан бастап, жоғары оқу орындарының проректорлары, жастар комитетінің өкілдері енген. Қабылдаушы жақ ретінде бекітілген Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы оқу орындарының өкілдері өңірімізде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп кетті. Солардың қатарында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің өкілдері де бар. Ж.Қартбаева, Г.Каримова, А.Каукаров бастаған өкілдер облыс мектептерін аралап, түлектермен кездесіп, әлеуметтік жоба жайлы ақпаратқа қанық етті. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне аталған бағдарлама арқылы он бір мамандықтың біреуін таңдап, оқуға түсуге болады. Оның ішінде мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі, дефектология, математика, информатика, химия, биология, тарих, география, қазақ тілі мен әдебиеті, екі шетел тілі мамандықтары кіреді екен. «Көптеген мектеп бітірушілер ұлттық бірыңғай тестілеуден жүрексінетінін білеміз. Енді тестілеуден шекті балл немесе одан жоғары балл жинағандардың және кешенді тестілеуден өткендердің еш қобалжымай осы бағдарламаға қатысуына болады. Сапалы біліммен қаруланып, еңбек нарығында сұранысқа ие болуға тәуекелшіл жастар бастамашы болады деп сенеміз», — дейді педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Жайнагүл Қартбаева. Өткен жылы бағдарлама аясында он жамбылдық түлек батыс өңірінің көшбасшы оқу орны саналатын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің мемлекет грантына ие болған. Бүгінде сонда білім алуда. Мемлекетіміздің жастарға деген қамқорлығын танытатын бағдарлама жайлы толық ақпаратты аталған университеттің arsu.kz және serpin-2050.kz сайтынан білуге болады. Әрине, өткен жылы жоба алғаш рет жүзеге асырылғандықтан болар, көпшілік бағдарлама жайлы құлақтана қоймады. Сондықтан да болар, облыстан 172 жас қана өзге өңірлердегі оқу орындарына түскен. Биыл олардың қатары көбейетіні анық.
Шынар Сағиева,
"Ақ жол".