Экономика

БІРЛЕСКЕН ІСТЕ БЕРЕКЕ БАР

БІРЛЕСКЕН ІСТЕ БЕРЕКЕ БАР

«Жамбыл және Талас облысы: ЕАЭО аясындағы өзара шекаралық әріптестік байланыс жолдары» бағдарламасы аясында өткен дөңгелек үстелде басында облыстың кәсіпкерлер палатасы мен Қырғыз Республикасы үкіметінің өкілдері және жеке кәсіпкерлер бас қосты. Шекаралық әріптестік байланыс мәселесін талқылау мақсатында өткен басқосуда көптеген мәселе талқыға түсіп, екі ел кәсіпкерлерінің жұмысына оңтайлы жағдай жасау жолдары қаралды. – Қазақстан Қырғыз Республикасының сыртқы саудадағы жетекші әріптесі болғандықтан, шекара бекетінде кедендік бақылаудың алынуы, ең алдымен, әкімшілік кедергілерді азайтып, тауар айналымы көлемін ұлғайтады. Бүгінде экономиканың энергетика, газ тасымалы, өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру, банк салалары бойынша қырғыз елінде қазақстандық капиталдың үлесі бар 400-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде. Ал Қазақстанда Қырғыз капиталының үлесімен 250-ден астам компания өз жұмысын жандандырып отыр. Жұмысшы топ мүшелерінің жиі кездесіп, өзекті мәселелерді талқылауы экономикалық байланыстарымызды нығайтып, одан әрі дамыта түседі деген сенімдемін, – деді дөңгелек үстел отырысын ашып берген облыстың кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова. Келесі кезекте облыстың кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әділбек Үсенбаев өңірдегі ауыл шаруашылығы кешені мәселелері жайлы баяндап берсе, көрші ел тарапынан Қырғыз Үкіметінің Талас облысындағы өкілі Қазыбек Медетбеков өз елдеріндегі экономикалық ахуалды қысқаша шолып өтті. Басқосуда Тараз қаласындағы орталық, «Ауыл-Береке», «Атакент-Тараз» базарларындағы бос орындар бір жылдық салықсыз көрші ел кәсіпкерлеріне ұсынылатын болып шешілді. Отырыс соңында облыстың кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова мен «Талас ЖИА» Бизнес қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Рустам Байғараев өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Бағдарламаның екінші жартысында өз ісін жаңа бастаған Талас облысының кәсіпкерлеріне арналған семинар өткізіліп, қырғызстандықтар Байзақ ауданындағы «Манат» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».