Саясат

Қоғамдық бақылау – қызмет көрсету сапасын арттырады

Қоғамдық бақылау – қызмет көрсету сапасын арттырады

DSC_9852«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалпыұлттық қозғалысы Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік тапсырысына сәйкес «Еліміздің әртүрлі аймақтарында мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша «Ашық сұхбат алаңдарының» жұмысын ұйымдастыру» жобасын іске асыруда. Жобаның мақсаты – қоғамдық бақылау арқылы халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын және қолжетімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол бермеу. Жұмысы жаңаша қарқын алып келе жатқан «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана, Алматы қалаларында және Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарындағы филиалдары жанынан қоғамдық сенім орталықтары құрылған. Өңіріміздегі осындай орталықтың көшпелі ашық сұхбат алаңы облыстық аурухананың мәжіліс залында «Облыстың денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері» тақырыбында ұйымдастырылды. Оған бірлестік филиалының кеңес мүшелері, «Нұр Отан» партиясы облыстық, қалалық филиалының өкілдері, депутаттар мен қала тұрғындары қатысты. Жиынды ашқан облыстық  филиал директоры Қасымхан Төлендиев  негізгі  мақсат-міндет,  түптеп келгенде, Ұлт жоспарындағы нақты қадамдардың жүзеге асуына үлес қосу екендігін алға тартты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Масалимов, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Алтын дәрігер» атағының иегері Жұмагүл Абылғазина, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Қайрат Жетібаев, Жуалы аудандық ауруханасының бас дәрігері Сейітхан Жұмашев, Тараз қалалық №1 жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Мавлюда Боқаева Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары туралы өз   пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын да білдірді.  Сұхбат алаңында құнды пікір айтқан құрметті қонақтың бірі – Тараздағы Ғылыми клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының директоры, академик Сейтхан Жошыбаев. «Жаңару» филиалының сарапшысы,  облыс әкімдігінің көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді дамыту бөлімінің бас инспекторы Аслан Оразбеков халықтық сауалнама қорытындысымен таныстырды. Қоғамдық тыңдаудың қорытындысында денсаулық сақтау саласында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған ұсынымдар қабылданды.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».