- Advertisement -

Демократияның жоғары мектебі

65

- Advertisement -

IMG_1297Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ел алдында мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың сипатын мүлде басқа арнаға бұру міндеті тұрды. Басқару мен билік жүйесін белгілеу керек болды. Ол үшін құқықтық жүйені қалыптастыратын еліміздің негізгі заңын қабылдау қажет еді. Президент Н.Ә.Назарбаев еліміздің конституциялық дамуына қатысты сол кезеңде: «Жалпы таным тәжірибесі және соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік-құқықтық дамуы елдің конституциялық қалыптасу тарихынсыз жаңа тәуелсіз мемлекеттің конституционализм теориясы да болмайтындығын үйретеді» деп жазды.
1995 жылы қабылданған Конституция – тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға түскен тәуелсіз еліміздің тарихындағы бірінші құжат. Онда 1-бабының 2-тармағында республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешіледі деп көрсетілген.
1998 жылғы 7 қазанда Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа өзгерістер мен толықтырулар – қос палата қызметінің мерзімі, депутаттардың сайлануы, Үкімет мүшелерінің құзыреті шегінде анағұрлым кең дербестік беру, әкімдерді сайлау тәртібін бекіту мәселелеріне қатысты. Бұл өзгерістер еліміздің саяси партияларының пропорционалды өкілеттік негізінде партиялық тізім бойынша Мәжіліс сайлауына қатысуына мүмкіндік жасады.
Уақыт өте келе қазақстандық қоғамның дамуы мен мемлекеттің жаңа жағдайдағы негізгі қырларын айқындау мақсатында халықаралық тәжірибеге сүйенген конституциялық реформа жүргізу керек болды.  Бұл – Президенттік басқарудан демократиялық сипаты басымырақ парламенттік жүйеге өту кезеңі еді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар негізінен билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік және тежемеліліктің тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталуы тиіс-тін. Осындай түбегейлі құқықтық өзгерістердің қажеттілігін ескере отырып,  Парламенттің қос палатасы Президент Н.Ә.Назарбаевтың Конституцияға өзгерістер енгізу туралы ұсынысын қолдап дауыс беріп, 2007 жылғы 21 мамырда арнайы заң қабылданды.
Конституциямызға енгізілген демократиялық өзгерістер арқылы бірқатар билік уәкілеттігі Парламентке өтті, яғни құзыреттік міндеттер қайта бөлінді. Осылайша, Парламенттің рөлі күшейіп, мемлекеттік басқаруға жаңа үлгі – президенттік-парламенттік басқару жүйесі негізделе бастады. Жаңа өзгерістерге сәйкес, Парламент жаңа өкілеттікке ие болудың арқасында Үкімет құрамын жасақтау, сондай-ақ, қажет кезінде үкімет мүшелері – министрлерді кері шақырып алу және атқарушы билік органдарына бақылау жасау құқына ие болды. Заң шығарушы ұйым реформаларға тиісті заңнамалық база қалыптастырумен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға да бақылау жасайтын болды.
Конституцияға енгізілген өзгерістер саяси тұрақтылық, ұлтаралық татулықты жетілдіруге бағытталды. Қазақстан халқы Ассамблеясына Парламенттен орын берілуі – соның бір көрінісі.  БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстан халқы Ассамблеясын «БҰҰ-ның кіші Ассамблеясы» деп баға берген.  Мұндай институт әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Мәжілісте бұдан былай 107 депутат орын алып, соның 98-і партиялық тізіммен сайланып, қалған 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесіне тиеді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жыл бойы қоғамдық тұрақтылық пен татуластықты орнықтыруға өз үлесін қосып, қоғамдық институтты құру арқылы Елбасы салмақты әрі салиқалы шешім қабылдағанын дәлелдеуде.
Жергілікті өзін-өзі басқару – азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз ететін халық билігінің институты. Мәслихат рөлінің артуы, облыс әкімдерін мәслихаттың келісімін алып тағайындауы біздің саяси-құқықтық жүйедегі ерекшелікті көрсетеді. Бүгінде мәслихаттар әкімдердің аймақтағы ісіне бақылау жасау мүмкіндігіне ие.Олар аймақты дамытуға қатысты бағдарламаларды дайындауға және қабылдауға қатысады, сонымен қатар бюджеттің орындалуын бақылау жасайды.
Осылайша ел дамуының жаңа белестерінде Ата Заңына бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп отырды. Конституциялық заңның қалыптасу кезеңінде Елбасы: «Мен жұмыс барысында қоғамның бір орнында тұрмайтынын, жаңа санқилы сапалық деңгейлерге көтерілетінін, кез-келген мемлекеттік шешімдер мен құжаттар да ерте ме, кеш пе, бәрібір уақыт талабынан қалып қоятынын ойладым. Ондай кептен қоғам мен мемлекет өмірінде болып жатқан шын өзгерістерді бейнелеуге тиісті Конституцияның да қашып құтыла алмайтындығы даусыз. Сондықтан да кез-келген елдегі конституциялық процесс Конституцияның қабылдануымен тоқтап қалмайды. Әлеуметтік-экономикалық және саяси процестердің құқықтық кепілдемесі қоғамдағы өзгерістер қарқынына ілесіп қана қоймай, алға озып отыруға тиісті», деп алдағы уақытта қоғамдағы өзгерістердің орын алатынын ірі реформалар жүретінін дәл болжаған еді.
Ата Заңымыз қоғам мен мемлекеттің құқықтық бағыт-бағдарының қандай жағдайда болу керектігін көрсетті. 20 жылдың ішінде Қазақстан Республикасы Конституциясы ел азаматтары мен мемлекеттің құқықтық өмірінің мазмұнын айқындайтын Негізгі Заң ретінде жүйелі түрде қызмет атқарып келеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау» деп мемлекеттің басты құжатының ел өмірінде алатын орнын атап көрсетті. Шындығында, кез-келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын Негізгі Құжат – Ата Заңымызды қастерлеу – әрбір азаматтың парызы. Ата Заң – мемлекеттің құрылымы және оның даму жолдарын айқындайтын басты құжат.

Жанар Орынбаева,
Жамбыл политехникалық колледжінің директоры,  педагогика ғылымдарының кандидаты.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support