Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығы
Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығы
ауылдың ахуалын жақсартып, еңсесін тіктейді
Аудан әкімі Бейбітбек Жайлыбаев ауыл тұрғындарының жай-күйімен танысуда. Ондағы мақсаты – елді мекендерде қордаланған өзекті мәселелер болса, бақылауға алу әрі Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарынан туындайтын міндеттерді жұртшылыққа түсіндіру. Президент Н.Ә.Назарбаев Ұлт жоспарының үшінші бағытында индустрияландыру және экономикалық өсімге қол жеткізу үшін нақты тапсырмалар бергені белгілі. Онда экономиканы әртараптандыру мен ауыл шаруашылығын өркендетудің жолдары айқындалған. Ал бұл қадамдар өз кезегінде ауылдың гүлденуіне ықпал ететіні анық. Бейбітбек Шыңдалыұлы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен қамқорлықтың ауыл тұрғынына тигізер пайдасын түсіндіру үшін шаруа қожалықтары басшыларымен, кәсіпкерлермен жеке-жеке сөйлесіп, пікірлесті. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға не кедергі болып отырғанын айқындауға ұмтылды. Аудан басшысының Игілік ауылдық округіндегі тұрғындармен кездесуі де осы бағытта өрбіді. Алдымен Игілік ауылындағы «Балбөбек» балабақшасының жұмысымен танысқан Бейбітбек Жайлыбаев бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен толық қамту үшін демографиялық өсімді назарға алып отыру қажеттігін ескертті. Негізі «Балбөбекте» бүгінгі таңда 75 балғын тәрбиеленуде. Ал ауылдағы Шоқай датқа атындағы орта мектептің жанындағы шағын орталыққа 50 бала тартылған. Мамандардың айтуынша, балабақшаға деген сұраныс бірер жылда артуы мүмкін. Себебі, бұл елді мекенде туу көрсеткіші жоғары. Жалпы, Игілікте табиғи өсімнің жоғары болуы заңдылық секілді. Өйткені, бұл ауылда тұрақтап, еңбек ету жас отбасыларға қолайлы. Бастысы балабақша бар. Ал орта білім мәселесіне бас қатырмай-ақ қойса да болады. Себебі, Шоқай датқа атындағы орта мектеп – аудандағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі. Б. Илясов басқаратын мектеп жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткішке жетеді. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыру – өзекті мәселе. Бұл қадам ең алдымен, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды азайтуға септігін тигізеді. Осы тұрғыдан алғанда, игіліктіктердің уайымы аз деуге де болады. Ауылда жас жеткіншектердің бос уақытын пайдалы іске жұмсауына ықпал ететін Өнер мектебі бар. Аудан әкімдігі өнер ошағына 1 миллион 100 мың теңге қаржы бөліп, түрлі аспаптар әперген болатын. Бірер жыл бұрын ғимараттың шатыры қайта жөнделіп (жобалау-сметалық құны 11 миллион теңге), жаңғыртылған. Екі жыл бұрын мектептен тыс мекемеде қолөнер үйірмесі ашылып, жасөспірімдерді өнерге баулуда. Үйірмеге домбыра жасау шебері Б. Дәуірбеков жетекшілік етеді. Аудан әкімі аталған білім мекемелерінің қысқа дайындығын пысықтады. Басшылардың айтуынша, жылу қазандықтары қысқа дайын, бүгінге дейін 40 тоннаға жуық көмір түсіріліпті. Аудан әкімі ауылдық клубқа барып, кітапхананы көрді. Ауыл кітапханасының жалпы кітап қоры 14 мыңға жетіпті. «Кітапхананың 216 оқырманы бар. Жыл аяғына дейін олардың саны 400-ге жетеді. Сабақ басталғанда мектеп оқушылары көбірек келеді» дейді кітапханашылар. Ауылдық округ әкімі А.Бердібаев клуб 4-5 жыл бұрын ағымдағы жөндеуден өткізілгенін айтады. Ал медициналық пункттің жайы онша мәз емес екен. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Сұлтанбеков ақсақалдың айтуынша, бұл ғимарат 1957 жылы соғылған. Содан бері сылаудан жамала-жамала қабырғасы қалыңдап кетіпті. «Ең болмаса жылу жүйесі жөнделсе екен» дейді қария. Ауыл әкімі аудан басшысына «Игілікке ел игілігін көретін медпункт салынса» деген тұрғындар тілегін жеткізді. Б. Жайлыбаев бұл мәселенің алдағы уақытта шешімін табатынын айтты. Бір айта кететіні, медпункттің меңгерушілігіне биыл Жаңатастан жас маман келіпті. Ол аудан орталығында тәжірибе жинақтағанын, енді ауылды көркейтуге үлес қосуға дайын екенін айтады. Өндіріс елді мекенінде Ж. Отарбаев атындағы орта мектеп мұғалімдері Игіліктегі әріптестеріндей мақтана алмайды. Себебі, аталған білім ошағының түлектері биыл ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткішке қол жеткізе алмаған. Мектеп бітірушілердің ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші де төмен. Мектеп директоры Д. Ыдырысова педагогтардың кәсіби біліктіліктерін арттыруға баса көңіл бөлініп отырғанын айтады. Бірақ, нәтиже басқаша. «Мұғалімдер біліктіліктерін көтеруге көбірек көңіл бөліп, басты мәселе – жастарға білім беруге мән бермеген бе қалай? Мектеп ауласын абаттандыруды, көріктендіруді назарда ұстаған дұрыс, дегенмен, білім сапасын бақылаудан тыс қалдыруға болмайды», – деді Бейбітбек Шыңдалыұлы. Соңыра аудан әкімі ауылдық клубта тұрғындармен кездесу өткізді. Жиында ауылды көркейту, кәсіпкерлікті дамыту туралы әңгіме қозғалды. Ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жайлы кеңірек түсінік берілді. Ауыл тұрғыны Қ.Жүсіпалиев: «Осы ғимаратты кезінде ауыл тұрғындары бірлесе жүріп, аман алып қалған. Соның арқасында бүгінде мұнда бірнеше мекеме жұмыс жасауда. Көпшілік бірлесіп, биыл клуб жанына қуғын-сүргін құрбандарына арнап, ескерткіш тақта орнатты. Игі шараға үлес қосу керек. Бірақ, бізді қинайтын тағы бір мәселе бар. Ол көше жолдары», – деді тұрғындар тілегін жеткізіп. Ауылдық округ әкімі А. Бердібаев келесі жылы округке қарасты елді мекенде екі көше асфальтталатынын, 2018 жылға қарай екі елді мекенге «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз су жүйесі тартылатынын жеткізді.
Жамалбек Өзбеков, журналист. Сарысу ауданы.