Автобекет айрықша абаттанады
Автобекет айрықша абаттанады
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында тарихи Тараз шаһарында тағы бір нысан – автобекет айрықша реңкке ие болып, абаттана түсуде. Мұндағы көріктендіру жұмыстарына Солтүстік Қазақстан облысы 50 миллион теңге көлемінде қаражат бөлді. Біраз уақыт бұрын басталған шаруаны мердігер компания байзақтық «Бурыл-Бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Құрылыс басына барғанымызда еңбекке тартылған 25 адамның тынымсыз тер төгіп жатқанын көрдік. Жұмысшылардың орташа айлық табысы – 80-90 мың теңге көлемінде екен. Автобекет маңында жобаға сәйес субұрқақ салынады. Күніне мыңдаған жолаушы сапарға шығатын нысанның айналасы гүлдермен көмкеріліп, жасыл төсеніштер төселеді. Жағалай жарық шамдар қойылады. – Автобекет – мыңдаған жолаушылардың аялдайтын орны. Сондықтан, мұндағы абаттандыру ерекше үлгіде болуы тиіс. Сол жағына баса ден қойдық. Субұрқақтан су атқылап, түрлі гүлдер төңіректі сәнге бөлегенде, келушілердің көңілдері де көтерілетіні белгілі. Жұмысқа 5-6 техника жұмылдырылған. Жұмысымыз кестеге сай жүргізіліп жатыр, – дейді «Бурыл-Бетон» ЖШС-ның аға прорабы Христафор Врасиди.
Есет Досалы, «Ақ жол». Тараз қаласы.