- Advertisement -

Тарихты танытпай, туризм дамымайды

71

- Advertisement -

shalsu_taldysuЕлбасы Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың шикізаттық емес секторын дамыту және басым салалар негізінде оның бәсекеге қабілетті кластерлік үлгісін қалыптастыру қажеттілігін атап өткені мәлім. Солардың қатарында туризм саласы да бар екенін ескергеніміз ләзім. Облысымызда бұл  саланы дамыту Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған шаралармен бірге жүзеге асуда. Кейінгі жылдары облысымызда туризм саласы бойынша бірқатар ілгерілеу байқалады. Бұл туралы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде жан-жақты қаузалды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиев алдымен атқарылып жатқан жұмыстардың барысын  айтты.
– Статистикалық зерттеу қорытындысына сүйенетін болсақ,  ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда қызмет көрсетілген келушілердің саны 8,7 пайызға артып, туризм саласында қызмет көрсететін нысандардың саны да біршама өскен. Орналастыру орындары қызметінің көлемі де өткен жылдың аталмыш екі айының қорытындысымен салыстырғанда 38,5 пайызға артқанын аңғарамыз.
Өңірімізге келушілер сапарының басым көпшілігі, яғни 52,9 пайызы жеке мақсаттармен саяхаттаушылардан болып отыр. Келушілерді орналастырумен шұғылданатын 96 орналастыру орны бар. Олар арқылы 21480 адамға қызмет көрсетіліп, 187,7 миллион теңгенің  қызметі ұсынылған, – деді Алмас Өскенбайұлы. Сондай-ақ, ол көрсетілген 96 қонақ үйдің басым көпшілігінің сервистік қызмет көрсету деңгейі салыстырмалы түрде төмен деңгейде екенін тілге тиек етті. Олардың ішінде  10-15 қонақ үйге жоғары, 25-30 қонақ үйге ортадан жоғары деп баға берсек, қалғандары қанағаттанарлық деген бағаға ғана  лайық болып отыр.
Осы ретте Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын  тойлау кезінде алдын ала есеп бойынша  облысымызға бес мыңнан он мыңға дейін қонақ келеді деп жоспарланып отыр. Мәліметке сүйенсек, бір жолғы сыйымдылығы 2074 орынды ғана құрайтын орналастыру орындарына той қарсаңында келер қонақтардың сыймай қалу қаупі бар екенін де ескерген Алмас Мәдиев осы секілді біршама жайттарға кеңінен тоқталып өтті.
Қазақстан Республикасы туристік индустриясының перспективалы бағыттарын дамыту жөніндегі бағдарламасын жүзеге асырудағы негізгі пунктердің бірі – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі  бойында туристік кластердің құрылысын қалыптастыру болып табылады. Осы орайда баяндамашының айтуынан аталмыш іс-шараны іске асыру бойынша аталған сервис нысандары құрылысын ұйымдастыру мақсатында жұмыстар атқарылып жатқанын білдік.
– Облыс әкімінің өкімімен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында жол бойғы сервис кешендері құрылысын ұйымдастыру бойынша жұмысшы топ құрылды. Оның құрамына тиісті басқармалар мен аудандардың 19 басшысы кірді. Аталған жұмысшы топпен берілген бағытта сегіз жол бойғы сервис нысандардың құрылысы үшін  жалпы ұзақтығы 495 шақырымды құрайтын, оның ішінде «В» санатында – 4 бірлік, «С» санатында – 4 бірлік орындар айқындалды. Аталған орындар Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ, Жуалы аудандарындағы бес ауылдық  елді мекенді қамтиды.
«В» санатты сервистік объектілер құрылысын салу бойынша 4 инвестициялық жоба аумақтық үйлестіру кеңесімен мақұлданып, қабылданды. Нысандардың құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылған жағдайда, орта есеппен бір жолғы сыйымдылығы 80 төсек-орынды құрайтын 4 орналастыру орындары іске қосылады, сонымен қатар, шамамен 300-330 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі, – дей келе Алмас Өскенбайұлы берілген нысандарды іске қосу 2016-2017 жылдарға жоспарланғанын айтып, бүгінгі таңда аталған орындарда жұмыс жүргізілуге қажетті құжаттарды дайындау жұмыстары аяқталғанымен, құрылыс жұмыстары әлі басталмағанын тілге тиек етті. Ондағы құрылыс жұмыстарының басталуына кедергі болып отырған жағдайлар да сөз болды.
Облыс әкімі баяндамашыдан өңірдегі туризмге өте ыңғайлы аудандардың жайын сұрады.
– Біз өз кезегімізде аудандардың барлығына талдау-сараптама жасадық. Айталық, ішкі-сыртқы экологиялық туризмге Жуалы, Байзақ аудандары, сауықтыру-тынықтыру туризміне  Меркі, Жамбыл, аңшылық туризмге ыңғайлы деп Мойынқұм, Талас, Меркі аудандарын қарастырамыз. Осы бағыттар туралы кәсіпкерлерге жұмыс жасауға ұсыныстар беріп отырмыз, – деді Алмас Мәдиев өз жауабында.
Кәрім Нәсбекұлы өңірімізде тарихи ескерткіштер көп екенін алға тартып, оларға барар жолдар біртіндеп қалыпқа келтіріліп жатқанын айтып, оларды қонақтарға таныстыру жолында аянбай жұмыстар жасау керектігін алға тартты.
— Өңіріміздің туристік әлеуетін арттыруға үлкен үлес қосатын, облыс көлемінде орналасқан Ақтөбе (Баласағұн),  Құлан, Өрнек, Ақыртас және Қостөбе (Жамукат) қалашықтары ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік  мұралар  тізіміне енгізілгенін бәріміз білеміз. Бұдан бөлек мемлекеттік есепте тұрған екі мыңнан астам ескерткіш бар. Бірақ оларды алыс-жақын шетелдерден  облысымызға ат басын бұрып жатқан қонақтарға барынша насихаттау жолын дұрыс қолға ала алмай келеміз. Бұл жолда жұмыс жасап жатқан  ешкімді байқамадым. Осыны мықтап қолға алу керек. Өйткені біз сол жәдігерлеріміз арқылы терең тарихымызды өзгелерге таныта отырып, өңірлік туризмді де дамытар едік, – дей  келе,  аймақ басшысы Алмас Өскенбайұлына сондай тарихи орындарды біртіндеп аралап шығып, олармен тиянақты түрде жұмыс жүргізу керектігін тапсырды.
Жиын барысында Кәрім Көкірекбаев бірқатар басқармалардың туризм саласына қатысты мәліметтерімен танысып, бұл бағыттағы жұмыстардың жандануына әсер ететін нақты істер қолға алыну керектігін ескертіп, тиісті лауазым иелеріне нақты тапсырмалар берді.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support