550 жылдыққа арналған қойылымда 500 актер ойнайды
550 жылдыққа арналған қойылымда 500 актер ойнайды
Қазақ хандығының 550 жылды-ғына орай Әуезов театрының ұжымы ауқымды спектакль дайындап жатыр. Жабал Ерғалиевтің «Қилы жол» шығармасының желісіндегі қойылымға Керей мен Жәнібек тұсындағы оқиғалар арқау болған. Спектакльге ұзын-ырғасы 500-ден астам актер қатысады. Жазғы демалыс маусымына қарамастан, Әуезов театрының ұжымы қазір қызу жұмыс үстінде. Сонымен қатар, шығармада 1465 жылғы елеулі оқиға, яғни Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығының қазығын қаққаны баяндалатыны айтылады. 1 сағатқа жоспарланған спектакльде Жәнібек пен Керейдің Әбілхайыр ханнан бөлініп, азаттық пен бостандықты арман еткен қалың қазақты артынан ертіп, бір ту астына жинаған кезеңі бейнеленеді. Қойылымның қоюшы-режиссері – Әубәкір Рахимов. Қойылымда хандықтың қалай құрылғаны, ол кездегі талас-тартыс, қилы заман егжей-тегжейлі көрсетіледі. Ашық аспан астында, үлкен стадионда қойылатын ауқымды спектальде Әуезов театры мен Тараз қаласының 500-ден астам әртісі атсалысады. 200 актер жауынгердің рөлінде ойнап, сахналық шайқастарға жауапты болса, 150-ден астам адам би көріністерін жасайды. ХV ғасырдағы көшпенді қазақтың бай мәдениеті қамтылатын қойылымды жұтаң етіп көрсетпеу үшін арнайы костюмдер мен безендірулер әзірленіп жатыр. Ал театрдың бас суретшісі Есенгелді Тұяқов жауынгерлердің киімін сипаттап берді. «Арнайы сауыт-сайман, қару-жарағы бар 30 жауынгерлік костюм тіктірдік. Сондай-ақ, 200 сарбазға арналған киім үлгісін жасадық. Олар да әртүрлі қылыш, қалқандарымен және найзаларымен жасақталған. Қойылым алаңда өтетіндіктен, ауқымды әрі көрер көзге ерекше әсерлі, қызықты болуы тиіс. Сондықтан 3 қабатты ауқымды декорациялар құрамыз. Ақ киізге отырғызып, хан көтеру рәсімін де ерекше көрсетеміз», – деді Тұяқов. «Қилы жол» қойылымын барша көрермен қазан айында, Тараз қаласының орталық стадионында тамашалай алады.