Ермек Тайчибеков өзіне тағылған айыптардың ойдан шығарылғанын мәлімдеді
Ермек Тайчибеков өзіне тағылған айыптардың ойдан шығарылғанын мәлімдеді
«Әлеуметтік араздық қоздырды» деп айыпталған Ермек Тайчибековті ҰҚК Жамбыл облысы департаменті Алматыдағы психиатрия орталығына жатқызды. Ақпарат әлеуметтік желіде түрлі пікір тудырды.
Facebook және «Вконтакте» әлеуметтік желілерінде ресейшіл пікірлерімен танылған, 37 жастағы Жамбыл облысы Қордай ауданы тұрғыны Ермек Тайчибековтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, оның Алматы қаласындағы психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығына жатқызылғаны жөніндегі ақпараттар тамыздың 13-інен бастап қазақстандық және ресейлік БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы тарады.
Сол күні интернетте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған, «Ермек Тайчибековті психиатриялық ауруханадан дереу босатуды талап еткен» петиция пайда болды.
Ресейлік Regnum ақпарат агенттігі сол күні «Қазақстанда Ресеймен одақты жақтаушы «жындыханаға» жатқызылды» деген ақпарат жариялады.
Ақпарат құралының жазуына қарағанда, «2013 жылы Қазақстан президенті сайлауына қатысуға дайын екенін мәлімдеген Ермек Тайчибеков Қазақстан мен Ресей қатынастарын тереңдете түсу жөніндегі пікірлерін жиі айтып келген».
Бұл ақпаратты centrasia.ru тәрізді тағы бірнеше ақпарат құралдары көшіріп басты.
Азаттыққа Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Жамбыл облыстық департаментінің 9-басқармасы бастығы орынбасары Жоламан Нұрпейісов Ермек Тайчибековтің Алматыдағы психиатрия орталығына жатқызылғанын растады.
“Ермек Тайчибековтің үстінен 2015 жылы маусым айының 30-ы күні қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» аталатын 174-бабының 1-тармағы бойынша іс қозғалды да, тергеу кезінде Ермек Тайчибековке сот-психиатриялық сараптама жасалып, сарапшылар «ақыл-есінің ауытқу белгісі бар» деген қорытындыға келді. Тамыздың 12-сі күні ол Алматыдағы психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығына бір айға тексеруге жатқызылды”, – деді ол Азаттық тілшісіне.
Ермек Тайчибековтің әлеуметтік желідегі ресейшіл пікірлері бірнеше жыл қатарынан түрлі пікірталас тудырып келген еді. Facebook әлеуметтік желісінде «Ермек Тайчибеков және оның сыбайластары қамауға алынсын!» деген арнайы топ парақшасы да ашылған.
Осы топ парақшасында Алматы облысы тұрғыны Ботагөз Исаева Ермек Тайчибековтің үстінен арыз түсіргенін биыл мамыр айында хабарлаған еді. Ол сол жолғы хабарламасында «Тағы да бір жеңіс! Тайчибековтің үстінен қылмыстық іс қозғалды» деп жазып, Ермек Тайчибековтің үстінен түсірген арызына ҰҚК Жамбыл облыстық департаменті ресми жауабын жариялады.
Ботагөз Исаеваға мамыр айында жолданған ол құжатта «Сіздің Қазақстан азаматы Е.К. Тайчибековтің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі сепаратистік жазбаларына қатысты арызыңыз қаралды… Арызыңызда көрсетілген жайттар алдын ала тергеу кезінде тексеріледі» деп жазылған.
Бір қызығы бұл ресми жауапта қылмыстық істің мамыр айынан бұрын қозғалғаны көрсетілген.
«Ермек Тайчибеков» деген атпен ашылған Facebook парақшасында оны қолдаушылардың бірнеше пікірі жарық көрді. Ресейдің Екатеринбург қаласынан екенін көрсеткен «Иван Блинов» есімді Facebook қолданушы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына бағыштаған жазбасында «қоғам қайраткері, блогер Ермек Тайчибековті психиатриялық ауруханадан шұғыл босатуды талап еткен».
«Роман Толмачев» есімді тағы бір Facebook қолданушы осы парақшаға қалдырған жазбасында «Қазақстан мен Ресейді біріктіру мәселесін айтқаны үшін Қазақстанда жазалау психиатриясы басталды» деп жазды.
Facebook әлеуметтік желісіне Ермек Тайчибековтің психиатриялық орталыққа жатқызылғанын құптаған жазбалар да шықты. Олардың пікірі «Қазақстанды Ресей губерниясына айналдыру керек» дейтін Ермек Тайчибековтің «ақыл-есінің дұрыстығы күмәнді болуы мүмкін» дегенге саяды.
Ермек Тайчибеков 2013 жылы қазақстандық zonakz.net ақпарат құралына берген сұқбатында «СССР-дің ыдырауы мен үшін трагедия болды. Өйткені менің отаным ыдырап кетті. Енді отаным (СССР-ді айтады – ред.) қайта бірігуі керек. Отаным – СССР, Ресей» деген болатын. Ол осы сұхбатында сол мақсатын іске асыру үшін «Ресей билігімен байланыс орнатқысы келетінін» де мәлімдеген.
Биыл шілденің 27-сі күні «Ермек Тайчибеков» деген атпен ашылған Facebook парақшасына «Еуразия экономикалық одағының әуелі экономикалық, содан соң бірыңғай саяси кеңістікке ұласқанын, ортақ армия, ортақ азаматтық, орыс тілі мемлекеттік тіл, мемлекеттік валюта рубль болғанын қалаймын» деген жазба жарияланды.
Ал тамыздың 14-і күнгі датамен жарияланған Youtube желісіндегі видеода Ермек Тайчибеков «психиатриялық орталықта екенін, әзірге зерттеу жасалып жатқанын, орталық қызметі өзіне ұнағанын» мәлімдей келе, «Қазақстан президенті мен үкіметіне қарсы емес екенін, соңғы жылдары Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз интеграцияны ғана қолдаған пікірлер жариялағанын, Қазақстанда орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беруді қолдайтынын» айтқан.
Оның сөзіне қарағанда, «қазақтар мен Қазақстан туралы жазуды биылдан бастап доғарған, мұнан кейін де жазбайды». Ал «өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі ойдан шығарылған» деп есептейді.
Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабының 1-тармағы бойынша қылмыскер деп танылған адам екi жылдан жеті жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы мүмкін.