- Advertisement -

Ел тыныштығын күзеткен

204

- Advertisement -

Тастайбек Жарқымбеков «Елбасы қорғаны» төсбелгісінің иегері

«Ел үмітін ер ақтар»  дейді дана халқымыз. Иә, қалжа асаған аналарымыздан жау жүрек, баһадүр болмысты азаматтар аз тумаған. Бүгінде солардың жалғасындай, нағыз ерге тән бітімімен еліне елеулі еңбегін арнап жүрген жандар баршылық. Олар өз саласының білгірі, көшбасшысы ғана емес, кез-келген істе де өздерінің алғырлығымен алдыңғы қатардан көріне біледі. Тастайбек Жарқымбеков те сондай жігерлі, жүректі жандардың бірі.
Тараз қаласының  тұрғыны Тастайбек Жарқымбеков  өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап қауіпсіздік саласында еңбек етіп келді. Өзінің талапшылдығымен, еңбексүйгіш қасиетімен, ар алдындағы адалдығымен біршама басшылық қызметтерде болып, өз-өзін шыңдады, біліктілігін арттыра отырып, жемісті еңбек  етті. Әлбетте, ол барлығына бірден қол жеткізген жоқ. Қызмет баспалдақтарының бірінен соң біріне өз алғырлығымен адым жасап, өрлеп отырды. 1992 жылдан 1995 жылға дейін ҚР ҰҚК кадр басқармасында басшылық лауазымдарды атқарып, кәсіби сауатты  және тәртіпке бас иген  офицер ретінде өзінің жоғары ұйымдастырушылық қасиетімен көзге түседі. Содан 1995 жылдың маусым айында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚР Ұлттық  қауіпсіздік комитеті басқармасы бастығының орынбасары лауазымына көтеріледі. Көп ұзамай осы орган бастығының бірінші орынбасарлығына жоғарылап, жедел түрде бөлімшелердің бірқатарында қызметтік ұйым және үйлестік қағидаларын қалыптастырады.  Ал 1999 жылы кадрларды ротациялау тәртібі  бойынша  қызметін Жамбыл облыстық ҰҚК департаментіне ауыстырады. 2001  жылдың шілдесіне дейін департамент бастығының бірінші орынбасары лауазымында мінсіз қызмет атқарады. Тастайбек осы қызмет барысында қажетті ұйымдық және тәжірибелік шараларды қамсыздандыруға күш салып, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге атсалысады. Терроризм мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің алғышарттарын жасаған. Т.Жарқымбеков 2001 жылы шұғыл қызмет барысында қол жеткізген ерен еңбегі үшін ҚР ҰҚК төрағасының марапатына ие болады. Осы жылдың шілде айында полковник ол ҚР Президентінің күзет қызметінде кадрлық департаментінің бастығы лауазымына тағайындалып, онда он жылдай қызмет еткен уақытында кадрлық жұмыстарды жаңа жоғары дәрежеге көтеру жолында маңызды шаралар қабылдаған. Осындай болмысымен өзгелерге де, өзінен кейінгілерге де үлгі бола біледі. Жас қызметкерлердің талайы әлі күнге  Тастайбек ағаларына қарап бой түзеуге құштар.
Тастайбек Жарқымбеков қызмет бабында ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана  қоймай, сонымен қатар, заңсыздықтарға қарсы күресте де оңтайлы шаруаларды қолға алып отырған. Сондай үйлестіргіш қабілетінің арқасында талай асулардан асты да. Көп жылғы бейнетті еңбектері өз жемісін бермей қоймады. Тастайбек мемлекет тарапынан берілген марапаттардың бірінен соң бірін иемденіп, абыройы арта түсті. Соның ең жоғарғысы жуырда ғана ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының бұйрығымен ұсынылған «Елбасы қорғаны» төсбелгісі екенін айтып өту керек. Ең жоғары бұл марапат құрметті қызметкерге талай жылғы тынымсыз, мінсіз қызметі, күзетілетін адамдардың  қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жедел-қызметтік іс-әрекеті, қол жеткізген оң нәтижелері, өз міндеттерін адал атқарғаны және үлгілі тәртібі үшін берілген.  Бұған дейін әскери қызметкер өзінің еңбек жолында ІІ дәрежелі «Айбын» орденін иемденген. Сондай-ақ, ол – көптеген медальдардың, Құрмет грамоталарының иегері. Елбасының қолы қойылған сағаттарды да сыйлыққа алғанын айтып өту керек.
Адамға жақсы қасиеттер ананың ақ сүтімен бойына сіңеді десек, Тастайбектің анасы – Нұрбибі көненің көреген кісісі, көп балалы батыр ана атанған аяулы ақ жаулықты кейуана.  Ал  жұбайы Мария екеуі үш ұл-қызды тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйіп, қадірлі ата-әже атанып үлгерген. Өз көрген-білгенін, көкейге түйгенін ұрпағына ұлағатты ақыл ретінде айтып отырудан жалықпайтын әскери қызметкер  – сабырлы да байыпты қасиетімен өз ортасына, жолдастары мен туған-туыстарына да сыйлы азамат.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support