- Advertisement -

Жамбылда не жаңалық?

142

- Advertisement -

Байзақ

Аудандық ардагерлер кеңесінің кезектен тыс VІ пленумы өтті. Пленумда ұйымдастыру жұмысы қаралды. Онда аудан әкімі М. Шүкеев осы ұйымды ұзақ жыл басқарып келген Рәш Шәметұлына алғыс айтып, иығына шапан жапты.  Ардагер Камал Беспаев бірауыздан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Жуалы

Шақпақата ауылындағы балалар өнер мектебінде «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Аудан тұрғындары арасында дін негіздерін түсіндіру бойынша іс-шара кешенін ұйымдастыру және өткізу» тақырыбында жиын болып өтті. Жиында «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол қажы Дүрәліұлы еліміздегі теріс діни  ағымдардың түпкі мақсатын сөз етіп, оның жұмысына арнайы заңмен тыйым салынғанын тілге тиек етті. Аудандық «Жастар орталығының» директоры Нұрсұлтан Сейдалиев ұйымның жұмысынан хабардар етті. Ауыл тұрғындары да көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісті.

Сарысу

12 тамыз – Халықаралық жастар күні  ауданда мереке ретінде аталып өтілді. Осы күні орталық алаңда «Жастар –біздің болашағымыз» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Оған тараздық «Ноян» тобы мен «Ерке наз» бишілер тобы қатысып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мойынқұм

Шығанақ ауылдық округінің аумағында орын тепкен «Эврика-барит» ЖШС-і қазіргі күнге 79,4 мың тонна барит концентратын өндірді. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда өнім көлемі 30,3 пайызға артып, 210,6 миллион теңгенің өнімі артық өндірілген.

Т. Рысқұлов

Құлан ауылында  600 орындық «Алтын сарай» мейрамханасы ашылды. Ауыл ажарына сән беріп тұрған жаңа ғимараттың іші-сырты қазақы ою-өрнекпен әдіптеліп, әсем безендірілген. Мұнда әлден-ақ 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Талас

Қаратау қаласындағы балалар өнер мектебінде белгілі әнші Оразбай Сандықбаевтың  құрметті демалысқа шығуына байланысты  салтанатты ән кеші өтті. Оған өнер сүйер қауым өкілдері қатысты. Аудан әкімдігінің  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспанов мерейтой иесін құттықтап, бағалы сыйлықтар тапсырды. Соңынан «Ұлбике ақын» атындағы мәдениет  үйі өнерпаздарының ұйымдастыруымен концерт қойылды.

Шу

Шу электрмен қамту дистансасы Қарасай-Шу-Отар учаскелерін қамтитын 287,7 шақырым жерге қызмет көрсетеді. Биылғы жылы темір жолдағы пойыздармен электровоздарды электр қуатымен қамтамасыз ететін 7 қосалқы бекет Германиядан әкелінген арнайы компьютерлендірілген қондырғылармен жарақталды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support