Экономика

Егінші мәрт, жер жомарт

Егінші мәрт, жер жомарт

егин рагы кордайҚазір аудан  бойынша себілген 43 мың  гектарға жуық  арпа  мен  бидай орылып бітуге таяу. Өнімділік  орта  есеппен  гектарына 17-18 центнерден  айналуда. Бұл – жалпы орташа көрсеткіш. Ал «Благовещенка», «Сарыбұлақ», «Қақпатас-Қордай», «Нұрал», «Сұлутөр», «Әділ», «KGK LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен бірқатар шаруа қожалықтарының жекелеген учаскелерінде көрсеткіштер бұдан да жоғары. Мәселен,  егін  орғына енді ғана кіріскен  тау  бөктеріндегі «Сұлутөр» ЖШС-да күздік бидайдың  өнімділігі гектарына жиырма  центнерден  асып жығылады. Таулы өңірдегі егіннің шығымы қашанда бөлек. Етекте күн күйіп тұрса да, қырда өскен астық аса зардап шеге қоймайды. Тау бөктерінде қатар жатқан Үлкен Сұлутөр  және  Сұлутөр ауылдық округтеріндегі ірілі-ұсақты он шақты агроқұрылымдар бас-аяғы бес  мың  гектар жерге астық  өсірсе, оның тең жарымына жуығы «Сұлутөр» ЖШС-на тиесілі. Қырмандағы астық жал-жал болып үйіліп жатыр. Қазірдің өзінде жиналған астық мың  тоннаға жуықтаған. Әлі орақ түспеген алқаптар бар. 1100  гектар арпа да кезек күтіп тұр. Біз келгенде ауыл шаруашылығы саласының майталман маманы Серік Ермеков инженер әрі қырман меңгерушісі Анатолий  Насыровпен осы шаруалардың жайын кеңесіп отыр екен. Осы сәтте астық тиелген «КамАЗ» жүк көлігі келіп тоқтады. Таразы басындағы Аида Олжабаева жүргізуші Марат Қуандықовтың сегіз тонна астық әкелгенін айтты. Бұл – жүргізушінің бүгінгі жасаған төртінші рейсі. Бұдан бөлек, үш-төрт жүк көлігі күніне төрт-бестен қатынайды екен. Комбайндар қазір «Қасқа жол» учаскесіндегі бидайға түсіпті. Екі «Палессе», екі «Есіл» комбайнын серіктестік өз қаражатына сатып алған. Комбайншылар Кенже Ахметов, ағайынды Мұржық, Оңай Баймұрзаевтар мен Еркін Қоңырбаев ойлы-қырлы жерлердің астығын орып әбден машықтанған. Қандай да бір кедергілерге қарамастан,  тоқтаусыз жұмыс істеуде. – Осы қарқыннан танбасақ, егін орағын жуық арада  аяқтаймыз. Одан  соң  көршілерге көмектесеміз. Биылғыдай мол астық жылда бола бермейді. Сондықтан, жерден өнгенді ысырап қылып жерде қалдырмай, қамбаға құйып алуымыз керек. Қазір  әрбір сәт қымбат, – дейді Серік Айтпайұлы. Айтпақшы, бұл екі ауылдық округте осы серіктестіктен басқасы ораққа әлі кіріспеген екен. Өйткені, көпшілігінің комбайны жоқ. Сондықтан, «Сұлутөрдің»  комбайншыларына таулы өңірдің астығы толық орылып біткенше тыным болмайтын сыңайлы.

Құрманбек  Әлімжан, «Ақ  жол».

Қордай ауданы.