Ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығы
Ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығы
Тарих бедерінде 20 жыл аз ғана уақыт болғанымен, ел үшін бұл – үлкен белес. Осы жылдар аралығында жалпыхалықтық референдумда қабылданған біздің Ата Заңымыз да Мәңгілік Елдің баянды болашағын қамтамасыз ете алатын құқықтық құжат екенін әлдеқашан дәлелдеді десек, артық айтқандық емес. Биыл еліміз Қазақ хандығының – 550, Ұлы Жеңістің – 70, Қазақстан халқы Ассамблеясының – 20 жылдығымен қатар, Конституцияның да мерейлі мерекесін атап өтуде. Елбасы өз Жолдауында айтып өткендей, осы даталарды атап өту арқылы, біз рухани тұрғыда бұрынғыдан да гөрі күштірек топтаса түстік. Әрбір мәдениетті, білімді халықтың саналы азаматтық деңгейін көрсететін нақты өлшемдердің бірі – халықтың өзіндік құқығы мен төл заңдарының болуы. Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің басты саяси құқықтық құжаты болып табылады. Ата Заңымыздың басты құндылығы – республиканың өзін демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік деп жариялауымен қатар, өзінің ең қымбат қазынасы халық екенін айқындап беруінде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты еңбегінде: «Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Көптеген конституциялар, әсіресе, XX ғасырдың екінші жартысында қабылданғандары мұқият сараптаудан өткізілді.1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Егемен Қазақстанда Конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелер, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелер барынша толық пайдаланылған еді», –деп көрсетті. Ата Заңымыз – мемлекеттің барлық арман-мүддесін толық қамтыған, елімізде жүзеге асқан және жүзеге асатын саяси-экономикалық және әлеуметтік жаңарулар мен жетістіктердің құқықтық тұғыры болады. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы өз күшіне енгеннен кейін кеңестік сипаттағы жалған демократия мен жалаң биліктің белең алуына жол бермей, әлемдік өркениетке тән рухани құндылықтар мен саяси-әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге жол ашты. Ата Заңымыз қабылданарда еркіндік пен теңдік сезімдері терең, тарихи, мәдени, рухани дәстүрі бай ежелгі қазақ халқының өзіндік ұлттық даму ерекшеліктері де ескерілді. Бүгінде ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығына айналған Конституция аясында қабылданған көптеген заңдар қоғамдық өмірдің әр саласында тиімді қолданылуда. Ел тыныштығы мен ұлт бірлігінің бекуіне ықпал етті. Сондай-ақ, экономиканың өрлеуі мен халықтың әл-ауқатының жақсаруына жол ашты. Бүгінде ел азаматтарының Конституциямен кепілдендірілген құқықтары мен бостандығының аясы кең, ауқымы зор. Атап айтқанда, ұлты, тегі, түсі, тілі, діні, әлеуметтік жағдайы, саяси көзқарасы бойынша ешкімнің қуғындалмауы; сөз және шығармашылық бостандығы; еңбек ету, қызмет түрі мен мамандық таңдау бостандығы; білім алу, отбасы құндылықтарын қорғау, жеке меншігін қорғау құқықтары; жиындарға және шерулерге қатысу, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға мүше болу, мемлекеттік басқаруға қатысу, мемлекеттік басқару органдарын сайлау, сайлану және тағы басқа құқықтары толық қорғалады және ол халықаралық құқық нормаларына сәйкес жасалған. Яғни, мыңжылдық тарихы мен дәстүрі бар өркениетті мемлекеттердің заңдарымен біздің негізгі заңымыздың терезесі тең. Ендеше, еркін халықтың арасында мәңгі орнаған бостандық идеясының жүзеге асуына негіз болып отырған Конституцияның – Қазақ елі үшін орны бөлек. Біз Ата Заңымызды қабылдай отырып, тәуелсіздігімізді одан әрі мығымдай түстік. Конституция – біздің еркіндігіміздің кепілі. Конституция – біздің тәуелсіздігіміздің іргетасы. Конституция қағидалары толықтай елімізді демократияландыруға, экономикалық өрлеуге, халықаралық деңгейде өсуге, ішкі деңгейде әлеуметтік, саяси-құқықтық тұрақтылықты орнықтыруға негіз болуда, халықты ауызбірлікке шақыруда. Бүгінгі таңда саясаты салмақты, экономикасы еңселі, әлеуметтік жағдайы әлді, халқы тату, қорғанысы бекем, болашағы жарқын еліміз Ата Заңның аясында өркениетті елдермен терезесі тең, кең тұғырлы, еркін өмір сүруде. «Күллі халықтың талқысынан өтіп, ел игілігіне айналған Ата Заңымыз біздің мемлекетіміздің басты төлқұжаты болып табылады. Конституция – арайлы азаттығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары. Ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі Ата Заңымыздың айбынын асқақтата түседі.
Сандуғаш САҚЫПБЕКОВА, облыстық прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының аға прокуроры.
Тараз қаласы.