Саясат

ЖАУАПСЫЗДЫҒЫНА ҚАРАЙ ЖАЗАСЫ

ЖАУАПСЫЗДЫҒЫНА ҚАРАЙ ЖАЗАСЫ

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесінің кезекті отырысында сегіз мәселе қаралып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұзған бір топ мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеті талқыға түсті. Аталған агенттіктің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары-Тәртіптік кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтың төрағалығымен өткен жиында ең әуелі Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Нұрбол Қалдыбаевқа қатысты мәселе қаралды. Құзырлы орган қызметкерлерінің тексерісі нәтижесінде аталған лауазым иесінің бірқатар заң бұзушылықтарға жол бергені анықталған. Мысалы, 2014 жылға Тараз қаласы «Бурыл» тұрғын алқабында су құбыры желілерінің құрылысын салу және Песчанная көшесіндегі сору стансасынан бастап, Амангелді және Мұқанов көшесінің 2-бұрылысы бойындағы су құбырларын Абай даңғылына дейін қайта жаңғырту жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу шартының орындалуы уақтылы орындалмаған. Сондықтан, бұл іске жауапты тұлға Президенттің 1999 жылғы 31 желтоқсандағы №321 Жарлығымен бекітілген ҚР мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 49-тармағына сәйкес, тәртіптік жазаға тартылуы тиіс еді. Алайда, жоғарыда көрсетілген заң бұзушылығы бойынша тәртіптік жазаға тарту мерзімі өтіп кеткен. Мұнан өзге де бірқатар іске жауапсыз қарағаны үшін тәртіптік кеңес мүшелері Н.Қалдыбаевты  атқарып отырған қызметінен төмендету немесе қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру жөнінде ұсыныс жасау туралы шешім қабылдады. Кеңес отырысында Жуалы ауданы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімшесінің басшысы Нұрлан Рахманбердиевтің, облыстық әділет департаментінің «Сот актілерін орындау бойынша Байзақ аудандық аумақтық бөлімі» филиалының сот орындаушысы Қалкен Қырғызалиевтің, Сарысу ауданы, Тоғызкент ауылдық округінің әкімі Серік Ниязовтың тәртіптік ісі қаралды. Талқыланған мәселелер бойынша олардың біріне сөгіс, келесісінің ісі шешім қабылдау үшін тиісті орындарға ұсыныс жасау енді бірінің  атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ, Тәртіптік кеңесте облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік қызмет, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамалардың және ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексінің сақталуы жөніндегі жұмыстары мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты қатерлердің алдын алу жөніндегі жұмыстары туралы есептері тыңдалып, тиісінше ұсыныстар берілді.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».