Түйінді мәселелер ортаға салынды

92

IMG_4183Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – өзекті мәселе. Өйткені, мұнда түйіні тарқатылмаған мәселелер жетерлік. Атап айтсақ, әсіресе, ауылдық  кәсіпкерлерді несие алу үшін кепілге қоятын жылжымайтын мүлік мәселесі қинайды. Кепіл мүлкі  екінші деңгейлі банктер тарапынан тым төмен бағаланады немесе тіпті жарамай қалады. Қажетті құжаттар тізімінің тым көптігі, қаралатын уақыттың ұзақтығы кәсіпкерліктің кең өріс алуына кедергі болуда. Ал ең сорақысы, кемі 5-6 айлап, тіпті, жылдап жүріп өткізген құжаттар даяр болғанда банктер «бұл бағдарламаға бөлінген қаржы толық игеріліп қойған, ақша жоқ» деп шығарып салатын көрінеді.  
Бір ғана «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жоспарды орындау Т.Рысқұлов ауданында – 6,7, Сарысу ауданында – 14 пайызға орындалса, Қордайда – 17,8, Байзақта – 20,9,  облыс бойынша 44,1 пайызды құрап отырғаны да осындай келеңсіздіктердің салдарынан болса керек. Ал «Алтын асық» бағдарламасы негізінде жоспар Мойынқұм ауданында – 21, Шуда – 27,3, Сарысуда – 27,6, Жамбыл ауданында 46,8 пайызға ғана орындалған.
Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы әкімдікте ауыл шаруашылығы бағытындағы бағдарламаларды іске асыруда екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттары тарапынан шаруашылықтарды қаржыландыру мәселесі қаралған кеңесте саладағы проблемалар жан-жақты қаралды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен өткен жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары, екінші деңгейлі банк, «ҚазАгроҚаржы» АҚ еншілес мекеме өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.
Облыс әкімі орта және шағын кәсіпкерлік саласындағы жоғарыда аталған өзекті мәселелерге тоқтала келіп, былтыр осындай басқосулардың нәтижесінде біршама түйткілді мәселелер шешімін тапқанын атап өтті. Кәсіпкерлерде нендей проблема болса да, ашық айтып, тиісті құзыретті орган өкілдерімен бірлесе шешуді ұсынды.
Мұнан соң облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов сөз алып, биыл алғашқы жартыжылдықта ауыл шаруашылығы саласында 7 миллиард 640 миллион теңгеге жуық қаражат игерілгенін мәлімдеп, әр бағдарлама бойынша жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталды.
Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова палатаның әр ауданда өкілдері бар екендігін, олар бүгінде тегін бизнес жобалар жасап, кәсіпкерлерге кеңес беретіндігін жеткізді. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге несие беру – өте күрделі мәселенің бірі екендігін атап өтті. Өйткені, мұндағы екінші деңгейлі банк филиалдары Алматыдан немесе Астанадан бекітілген ережелер бойынша жұмыс жасайтындықтан, проблемалар сол жақтармен байланысқа шыққанда ғана шешілуі мүмкін екен.
Сол секілді, басқосуда  «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Өксікбай Оразымбетов пен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрғали Сейітбеков кәсіпкерлерге қашанда қолдау көрсетуге даяр екендіктерін жеткізді. Тіпті, Өксікбай Қалықұлы аудандарға шығып, қаржыландыратын жобаны өзі іздеп жүргенін айтты.
Несие алудың машақатынан шаршаған кәсіпкерлер болса, құзырлы орындар облыс әкімінің алдында барлығына да бас изеп, мәселелерінің шешілетініне сендіргенімен, банкке барғанда құрқол қайтатындықтарын айтып қынжылыс білдірді.
Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы  несие алуда кедергілерге тап болып жүрген кәсіпкерлермен жеке-жеке сөйлесіп, тиісті орындарға тапсырмалар берді. Мұндай кеңес енді облысымыздың басқа да аудандарында өтетінін, әр кәсіпкердің мәселесі қадағалауда болатынын, кәсіпкерліктің дамуы үшін барынша қолдау көрсетілетінін айтты.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,

«Ақ жол».

Байзақ ауданы.

Cуретті түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.