Спорт және туризм

"Басты мақсат - олимпиадаға спортшылар дайындау"

"Басты мақсат - олимпиадаға спортшылар дайындау"

IMG_1615 - копия

Гамлет Қайнарбеков, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

                                            

                                                 

                                                    

                                           Әлем чемпионатына  үш дзюдошымыз қатысады

 – Гамлет Төреханұлы, спортшыларымыздың кәсіби мерекесі құтты болсын! Өткен жыл өңіріміздің спорт саласы үшін телегей табысқа толы болғаны баршамызға мәлім. Ағымдағы жылдың жеті айы да жерлестеріміз үшін жетістікке толы болған секілді... – Рахмет! Расымен де ағымдағы жылды, Аллаға шүкір, жақсы бастадық деп толыққанды айта аламыз. Мәселен, Жамбыл десе жұртшылықтың есіне алдымен былғары қолғап шеберлері оралады. Ел боксының брендіне айналған жамбылдық боксшылар биылғы жылды да жақсы бастады. Айталық, жастар арасындағы ел біріншілігінде жерлестеріміз толайым табыстарға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте замандастарының алды болды. «Астана Арландары» кәсіпқой бокс клубының сапында өнер көрсететін оғландарымыз Олжас Сәттібаев пен Асланбек Шымбергенов бүкіләлемдік бокс сериясының жеңімпаздары атанды. Боксшыларымыздан өзге волейбол­шыларымыз да жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады. Ұлттық лигаға алғаш қосылған «Тараз» волейбол клубы өздерінің дебютант екендіктеріне қарамастан, біріншіліктің алтын жүлдесін иеленді. Бұл да үлкен табыс. Одан бөлек, біздің назарымызды аударып отырған дүбірлі дода келесі жылы жазда Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін олимпиада ойындары дейтін болсақ, сол жылы аты аталған шаһарда паролимпиада ойындарының жалауы желбірейтіні де белгілі. Байрақты бәсекеде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт клубының спортшысы, жүзуден жақында ғана Шотландияның Глазго қаласында өткен әлем чемпионатында бес қашықтықта сынға түсіп, қола жүлдемен қатар, лицензияны жеңіп алған Зульфия Габидуллина ел намысын қорғайды. Зульфияға үлкен сенім артып отырмыз. Бұдан өзге Рио олимпиадасының лицензиясына үмітті спортшыларымыз баршылық. Дзюдошыларымыз, еркін күрес шеберлері, жеңіл атлеттеріміз, боксшыларымыз сол сынға жолдаманы ұтып алуды көздейді. Қазір аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйын. Үміт артып отырған спортшыларымыз лицензиялық сындарда өздерін дәлелдейді деген ойымыз бар. Таяуда Астана қаласында дзюдо күресінен әлем біріншілігі өтеді. Дуы басым додаға біздің өңірдің үш бірдей спортшысы қатысады. Бір облыстан үш дзюдошының байрақты бәсекеде бақ сынауы – ауыз толтырып айтарлық жетістік. Елдос Сметов, Азиз Қалқаманұлы, Линара Мингазова сынды спортшыларымыз Жаратқан жар болса, біздің сенімімізді ақтауға әзір. Су добы шеберлері де сәтті өнерлерімен бізді қуантса, құба-құп. – Ауыр атлет Жасұлан Қыдырбаев та сол тізімде болар... – Иә, АҚШ-та ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтетін болды. Қазір Жасұлан сол сынға дайындалып жатыр. Сол жарыста өзін дәлелдеп, Рио Олимпиадасына барады деген ойымыз бар. Жалпы, Жасұланның болашағы жарқын екені анық. Сонымен қатар, жеті айдың қорытындысы бойынша ел чемпионаттарында өңір спортшылары жас ерекшеліктеріне қарай 306 жүлдеге қол жеткізді. Оның ішінде 91 алтын медаль бар екенін айта кеткен ләзім. Одан өзге әлем, Азия біріншіліктері мен кубоктық жарыстарда он тоғыз медальді қоржынға салдық. Оның бесеуі алтын болса, төртеуі күміс, оны қола жүлде. Бұдан бөлек халықаралық жарыстарда қырық бес жүлдеге қол жеткізсек, оның жиырма екісі алтын, жетеуі күміс, он алтысы қола медаль. Ал енді ұлттық спорт түрлері туралы сөз қозғар болсақ, өздеріңіз жақсы білетіндей, бесінші мәрте ұйымдастырылған, Елбасы жүлдесі үшін қазақ күресінен өткен «Қазақстан барысы» мегажобасында біздің батырымыз Бейбіт Ыстыбаев дода тарихында тұңғыш рет екі дүркін жеңімпаз атанды. Бұл ауылдың құмына табанын тілдіріп жүрген жас балалар үшін үлкен өнеге. Бейбітке қарап бой түзейді.DSC_061++0- – Жамбылдықтардың тағы бір үміті, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров жаңа салмақты жатсынып жүрген сияқты... – Иә, FILA салмақтарға қайта өзгеріс енгізген соң 66 келіде күресіп жүрген Ақжүрек үшін тағы екі келі салмақ қуу қиынға соқты да, 74 келіге ауысты. Ақжүрек сенім жүгін арқалап жүрген азамат қой. Қазір дайындалып жатыр. Өзін әлі көрсетеді. Ақжүректен өзге еліміздің чемпионы атанған Мейіржан Әшіров бауырымыздың болашағы жарқын деп айта аламыз. Бір сөзбен айтқанда, біздің өңірдің еркін күрес шеберлері өздерін алдағы уақытта жақсы қырынан көрсетері айқын. – Жанкүйер атаулы әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі саналатын футбол десе ішкен асын жерге қояды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары «Тараз» футбол клубынан жақсы нәтиже күткенімізбен, үмітімізді ақтай алмай жүр. Маусым басталмас бұрын команданың бас бапкері Евгений Яровенко облыс әкімінің алдында: «Кем дегенде жетінші орын иеленеміз» деп уәде берген еді. Қазір сол жетінші орын үшін талас жүргізуден басқа амал қалмады. Бұл туралы не дейсіз? – Қазіргі таңда футболдың тасын өрге домалату үшін тер төгіп, жұмыс жасап жатқан команданың Президенті, әкімшілігі, бас бапкері бар. Одан бөлек, Қазақстан премьер-лигасы әлі аяқталған жоқ. Алдағы ойындарда өздерін көрсетуі керек. Берген уәделерін орындауға тырысатындықтарына сенемін. Олар сол бағытта тиісінше жұмыс жасауы қажет.

                                                 Үшкемпіровтің ізбасарлары баршылық– Гамлет Төреханұлы, өңірімізден шыққан олимпиада чемпиондары туралы тілге тиек еткенімізде есімізге бірден оралатыны, барлық қиындықты қыңбай жеңіп, олимп биігін бағындырған грек-рим күресінің шебері, аты аңызға айналған батырымыз – Жақсылық Үшкемпіров. Жақсылық Үшкемпіровтен кейін күрестің осы түрі бойынша біздің оғландар толайым жетістікке қол жеткізген жоқ. Жақаң алтын алған уақытқа бір көз тастасақ, арада отыз бес жыл сырғып өтіпті. Сол Үшкемпіровтің ізін басатын балуан Жамбыл жерінен шықса дейміз. Грек-рим күресі шеберлерінің аяқ алысы өңірімізде қалай?

– Шыны керек, біздің өңірден тоғыз жыл бойы ересектер арасында күрестің осы түрінен ел чемпионы шықпаған кез болған екен. Сол ыңғайсыз серия уақыты келгенде үзіліп, Жансерік Сәрсенбиев бағынбаған биікті, бірнеше жыл бойы алмаған асуды алды. Жансеріктен бөлек Нұржан Батыров сынды балуанымыздың да аяқ алысы көңілге қонады. Демек, өңірімізде грек-рим күресінің қадамын қарыштату бағытында бапкерлер талмай тер төгіп, аянбай еңбектеніп жатыр деп толыққанды айта аламыз. Аты аталған қос балуанымыз Алла қаласа лицензиялық сындарға қатысып, жолдама жеңіп алып жатса, бәріміз үшін үлкен абырой. Бір сөзбен айтқанда алдағы жылдары ел сенімін ақтай алатын жігіттер шоғыры Жамбыл жерінде қалыптаса бастады. Бұдан бөлек облысымызда еркін, грек-рим және әйелдер күресінің федерациясы ашылып, тіркеуден, яғни, аккредитациядан өтті. Бұл да облысымызда күрес түрлерінің қарыштап дамуына септігін тигізеді. Өйткені, алда үлкен жоспарлар бар. – Кезінде өзіңіздің де спортпен айналысқаныңызды жақсы білеміз. Тіпті Санкт-Петербургте қазіргі Ресей Федеративті мемлекетінің Президенті Владимир Путинмен бір залда жаттыққаныңыз да мәлім. Өзіңіз қай спорт түрін жаныңыздай жақсы көресіз? – Өз басым облысымыздың спорт саласының тізгінін ұстап отырған соң оның жекелей түрлеріне басымдық бермеймін. Барлық спорт түрін жақсы көремін. Барша спорт түрлерінің жыл өткен сайын қарқынды түрде дамып, өңір намысын спортшыларымыз абыроймен қорғауы үшін тер төгемін. Спорттың қай түрі болсын, ол сергектікке тәрбиелейді. Физикалық дайындығыңды арттырады. Барлық адам спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанса, одан ешкім ұтылмайтыны белгілі. Иә, Санкт-Петербургте жүргенде дзюдо, самбо секілді күрес түрлерімен шұғылданғаным рас. Владимир Путинмен бір залда жаттықтық. Ол кісі де самбо мен дзюдоға әуес болды. – Жаңа бір сөзіңізде федерациялар туралы айтып қалдыңыз, таяуда ғана министрліктен өкілдер келіп, қауымдастықтардың аккредитациядан өтуі туралы алқалы жиын болып еді. Қазіргі кезде федерацияларымыздың қаншауы ресми аккредитациядан өтті? – Қазіргі таңда өңіріміздегі спорт түрлерін қамтыған федерациялар аккредитациядан өтіп жатыр. Жиырмадан астам қауымдастық міндеттерін орындаса, басқалары сол бағытта еңбектенуде. Бұл жұмыс белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Басқармадағы тиісті бөлімдер мен арнайы мамандар осы мәселе бойынша тығыз жұмыс жасауда.                                             Олжас та, Асланбек те бір сәтке босаңсымауы керек – Қазақтың төл спорты секілді болып кеткен бокс туралы әңгіме қозғадық. Жалпы, олимпиада жолдамасына иелік етеді-ау деп кімдерден үміт күтесіз. Асланбек Шымбергенов өз салмағында жақсы боксшы екенін байқатып, кубалық даңқты Сотолонгоны жеңді. Дегенмен, оның салмағында, яғни, 69 келіде әлем чемпионы Данияр Елеусінов бар. Одан бөлек 52 келідегі астаналық боксшы Ілияс Сүлейменов AIBA Pro Boxing жобасында мексикалық Элиас Эмигдиоға есе жіберіп, жолдамадан қағылды. Бұл салмақта жамбылдық Олжас Сәттібаевтың бар екені мәлім. Осы жігіттер туралы не дейсіз? – Дәл қазір барлық боксшыда үміт бар ғой. Себебі олимпиадаға дейін әлі бір жылдай уақыт бар. Бұл жерде әртүрлі жағдай болуы ықтимал. Ертең нендей жағдай орын алатынын біз білмейміз. Сондықтан Олжастың да, Асланның да олимпиада жолдамасын иеленуі мүмкін. Екі жігітіміз де бабында. Ешқашан босаңсымауы керек. Мәселен Аслан мен Олжас мықты боксшыларды жеңдік екен деп тоқтап қалмаса, кім біледі, лицензиялық турнирлерге де қатысып қалар. Ол үшін ең бастысы жаттығу жұмыстарын үдете түсулері қажет-ақ. Бір сөзбен айтқанда барлығы спортшыларымызға, бапкерлерімізге байланысты. IMG_7523-– Мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында Зульфия Габидуллинаның үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүргенін білеміз. Жалпы, өңірімізде су спорты түрлерін дамыту қажет секілді. Өйткені олимпиада ойындарында көптеген жиынтық медальдар сарапқа салынады. Бұл бағыттағы жұмыстар қандай? Кімдер өңір намысын абыроймен қорғайды деп айта аламыз? – Бізде жүзу спортынан біраз талантты спортшыларымыз баршылық. Эльмира Айғалиева сынды жақсы спортшымыз бар еді. Өкінішке қарай, допинг қолдану мәселесі бойынша ол қыз қазір спорттан тиісті мерзімге шеттетілген. Дегенмен, өзге жас оғландарымыз жеткілікті. Одан бөлек біз спорттың бес сайыс түрін дамытуды да қолға алып жатырмыз. Бес сайыстың ішіндегі негізгі спорт түрлерінің бірі жүзу екені мәлім. Жалпы, бұл бағыттаға жұмыстарымыз аз ғана уақыттың ішінде жанданып келеді. Бірқатар ел чемпиондары тәрбиеленді. Алайда, олар әзірге жас спортшылар. Алдағы уақытта нағыз өзінің бабына келген, сақа саңлақтар болатындығына күмәніміз жоқ. – Басқа өңірлерге қарағанда біздің облыста армреслинг сияқты спорт түрінің айрықша дамығаны мәлім. Қаншама әлем чемпиондары, Арнольд Шварценеггер атындағы жарыстың жеңімпаздары шықты. Жалпы қол күрес шеберлерінің басым бөлігі Жамбыл жерінен шығып жатқаны үлкен мерей ғой... – Дұрыс айтасың, армреслинг біздің облыста өзге спорт түрлерімен бірқатарда жақсы дамыған. Өздеріңіз жақсы білетін әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Виталий Трубин де Жамбыл жерінен шыққан. Өзге де қаракөз қарындастарымыз әлем және өзге турнирлерде алтын меальдарды иеленіп жүр. Жаңа өзің айтып өткен Шварценеггер ұйымдастыратын турнирде де біздің қыз-жігіттер жүлденің алдын бермей жүр. Бір сөзбен айтқанда бұл спорт түрінің аяқ алысы облысымызда өте жақсы. Көңіл тоғайтатын нәтижелер баршылық. Тек масайрап, дандайсып, тоқтап қалмау керек. – Алдағы уақытта «Еуразия барысы» мега жобасы тағы да Тараз шаһарында өтетіні белгілі. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйым­дастыралатын командалық додаға Бейбіт Ыстыбаев қатысады ғой... – «Қазақстан барысы» жоба­сы­ның жеңімпазы ретінде бұл сынға Бейбіт Ыстыбаев  қатысады. Бейбіт өзінің тамаша шеберлігін сол сында да көрсетеді деген ойдамыз.  – Әңгімеңізге рахмет!

   Сұхбаттасқан Табиғат АБАИЛДАЕВ, "Ақ жол".