- Advertisement -

Шүйгін жайылым малға құт

230

- Advertisement -

Облысымыз еліміздегі аграрлы аймақтың бірі болғандықтан, жайылымдық жерлер ерекше назар аударуды қажет етеді. Себебі, жайылымдық жерлердің  өнімділігі күрт төмендеп, жеуге жарамды шөптер азайып барады.  Оның орнын итсигек, адыраспан, жусан секілді улы шөптер басуда. Елді мекендер аймағындағы жайылымдық иесіз болғандықтан, ескіріп, тозуда. «Жер пайдаланушылар», «Су пайдаланушылар» ассоциациясы секілді малшылардың ассоциациясы да құрылмаған. Жайылымдық мал шаруашылығы саласында құқықтық және заңдық негіздер жоқ.

2fm1l7hZ

Жалпы, облыстағы барлық жер көлемінің жартысын алып жатқан жайылымдықты маусымдық пайдалануына қарай былай бөлуге болады:
Қыстық жайылым. Ол 4265,8 мың гектар жерді алып жатыр. Оған Мойынқұмның құмы, Шу, Талас және Қорағаты өзендерінің төменгі сағасы, Аңырақай тауының біраз бөлігі, Қаратау, Шу-Іле мен Қырғыз Алатауының беткейлері кіреді.
Жаздық жайылым 857,6 мың гектарды құрайды. Ол  Қырғыз Алатауы, Қаратау және Шу-Іле таулары беткейлері мен су айрығын қамтиды.
Күздік-көктемдік жайылым 2199,2 мың гектар, тау бөктерінің жазығы мен Бетпақдаланы толығымен алып жатыр.
Облыстағы жайылымдардың бір ерекшелігі – олардың бір-біріне жақын орналасуы. Ал артықшылығы, оны әрбір мал түріне қарай пайдалануға болады. Мәселен, жаз айында таудың биік тік беткейі мен субальпілік шалғынды жайылымында қой, ешкі және жылқы, тау аңғарындағы қыраттың төменгі бөлігі мен өзен ойпаттарында ірі қара мал жаюға болады. Облыстың орталығы мен солтүстігінің барлық бөлігін алып жатқан таудың төменгі жазығы, құмды және сортаң жерлері қой, ешкі, жылқы және түйе малын бағу үшін қолданылады.
Бірақ, қазіргі таңда жеке шаруа қожалықтарына тиесілі мал басы елді мекендердің маңайында ғана жайылатыны белгілі. Маусымдық жайылым тіпті қолданылмайды, елді мекен маңайында малдың жайылу радиусы 5 шақырым қашықтықтан аспайды.
Тағы бір мәселе, жайылымды суландыру мен сумен қамтамасыз ету үшін негізгі су көзі жерасты суы болып табылады. Олардың едәуір қоры Қаратау, Қырғыз Алатауы және Шу-Іле тау аралығында шоғырланған. Облыстың солтүстік, солтүстік-батыс бөлігі жайылымды суландыру үшін су көздеріне бай емес, судың минералдылығы жоғары және су шығымы да аз (0,1-1,5 л/с).
Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасы бойынша Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты облыстың шалғайдағы мал жайылымын дамыту жөніндегі іс-шараларға әлеуетті қатысушылардың жайылымды суландыру құрылғыларына тексеру жүргізген болатын. Жамбыл, Меркі, Байзақ, Талас, Сарысу аудандарының шалғайдағы мал жайылымындағы суландыру құрылғыларына техникалық тексеру 230 мал суатына жүргізілді. Нәтижесінде, осы суаттардағы шахталы құдықтардың 35 пайызы мен ұңғылардың 45 пайызы істен шығып қалғаны анықталды.  Барлық мал суаты пункттерінде су көтеретін қондырғылар жоқ, оның темір бетонмен қапталған аумағы ескірген, арагідік суға арналған бір ғана суқоймасы кездеседі. Мал суаратын астаулардың да тозығы жеткен. Ал мал суаты пункттерін қалпына келтіру үшін шамамен 446041,4 мың теңге қаржы қажет. Бұл құрылғыларды жаңартпай, мал басын көбейтеміз деу бекершілік.
Сондықтан, «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қажетті инфрақұрылымды, яғни, мал суаты пункттерін, жол, энергиямен жабдықтау желісін қалпына келтіру арқылы шалғайдағы жайылымды кезең-кезеңімен игеру жоспарланып отыр. Еліміздің  Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының ұсыныстары бойынша жаңа құрылыс есебінен жайылымды суландыруды 4 кезеңмен жүргізу ұсынылды:
І кезең (2015-2020 ж.ж.) – ауыл шаруашылығы бағытына арналған жайылымдық жерді суландыру;
ІІ кезең (2020-2030 ж.ж.) – суландырылмаған жайылымдық жер қорын суландыру;
ІІІ кезең (2030-2040 ж.ж.) – суландырылмаған жайылымдық жер қорын суландыру және 7 миллион гектар ауданға жайылымды суландыру құрылғыларын қайта құру;
ІV кезең (2040-2050 ж.ж.) – қолданыстағы жайылымды суландыру құрылғыларын қайта құру.
Облысымызда жайылымды суландыру жоспары мынадай: І кезең – 427,4 мың гектар; ІІ – 586,5 мың гектар; ІІІ – 500 мың гектар; ІV кезең – 648,6 мың гектар. Облыста жайылымды суландырудың жалпы ауданы 2162500 гектарды құрайды, бұл ірі қара малды 1200000 басқа көбейтуге мүмкіндік береді.
Алайда, бұл істе де қолбайлау болатын тұстар аз емес. Атап айтар болсақ, жайылым аймағындағы жерасты суы қорын анықтау мен оны бағалау жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілуі, сумен қамтамасыз ету мен су тарту жобаларының жобалық-сметалық құжаттарының төмен деңгейде жасалуы және жобалау мекемелеріндегі білікті мамандардың жоқтығы. Елді мекенді сумен қамтамасыз ету жүйесін жобалауға техникалық тапсырыс жасау үшін жоғары білікті мамандарды тарту керек. Сумен қамтамасыз ету мен жайылымды суландыру нысандары бойынша түпкі мәліметтер тез, асығыс жиналады да, қысқа мерзімде жедел жобаланады. Осындай келеңсіздіктерді тоқтатпай, жобалық-смета мен ізденіс жұмыстарын сапалы орындау мүмкін емес. Ал оның соңы салынған нысандарды пайдалануда үлкен шығынға ұшыратары сөзсіз.
Ал жеке үй малын суғару үшін басқа су көздерін тапқан жөн, өйткені тұрғындар қолданатын ауыз суды малға беру өте қымбатқа түседі әрі судың өзіндік құнын арттырып жібереді.
Ал шалғайдағы жайылымды игеру келесі мәселелерді шешуге әсерін тигізеді:
1. Шалғайдағы жайылым аймағының негізгі бөлігін мемлекет меншігіне қайтару керек. Сосын республикалық бюджет есебінен осы аймақта (кезең-кезеңімен) барлық қажетті инфрақұрылымды жасаған жөн.
2. «Жайылым туралы» Заң қабылдап, іріленген мал шаруашылығын құруға септігін тигізетін «Жайылымды тұтынушылар бірлестігін» құру.
3. Жайылымды суландыру құрылғыларының (мал суаты пункттері) құрылысы үшін индустрияландыру базасын жасау, су көтеру құралдарын құрау, шахталы және түтікті құдықтарды бұрғылау, суды сақтау мен бөлу, жаңартылмалы энергия көзі түрлерін («ОҚМЗ» АҚ, «Атомпром» АҚ және т.б.) қолдану арқылы энергиямен жабдықтау жөнінде кәсіпорындарды нығайту.
4. Жайылымды сумен қамтамасыз ету жүйесін пайдалану жөнінде ветеринарлық және зоотехникалық қызмет жөнінде облыстық (аудандық) кәсіпорындар ұйымдастыру.
5. Ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету мен жайылымды суландыру саласында барлық топ мамандарын дайындау үшін колледждер мен жоғары оқу орындарында бөлімшелер ашу.
Осындай іс-шараларды атқарудың арқасында шалғайдағы мал жайылымын суландыруда үлкен жетістікке жетуге болады және мал басын көбейтіп, мал азығы қорын нығайтуға зор мүмкіндік туады.

Юрий ГРАНКИН,
Гүлназ ТЕЛҒАРАЕВА,
«Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның ғылыми қызметкерлері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support