Хиджабты кімдер киген?
Хиджабты кімдер киген?
...Жұмыстан кештете шығып, әуелгідегі әдетім бойынша тынығып алу ниетімен Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябаққа бас сұқтым. Көлденең жатқан жолақ бойындағы орындыққа жайғаса кеткенім сол еді, жаныма егделеу тартқан ер кісі қатар жайғасты. Тоспаған жерден тосыннан құдды бір жақынымдай әңгімеге тартқан әлгі ер кісі «Қай баласың?» деп жағдайымды сұрасып жатты. Амандық-саулық сұрасып алған соң, өзін Бейсенбек деп таныстырған ол қала орталығында тұратынын жеткізіп, күніге ақшам ауа саябақ ішінде тынығып, уақыт өткізетінін ақтарыла айтып жатқанына алғашында аң-таң күйде қалғаныммен, сәлден соң екеуара диалогқа қарсы еместігімді аңғартып, мен де мән-жай сұрасып отырдым... Әңгіме арасында әлгі кісі жаңа түскен келінінің бес уақыт намаз оқып, хиджаб киетінін айтып, қынжылыс танытты. Оның айтуынша, жалғыз келінінің үйде тұмшаланып жүргені ұнамайды екен. «Апырай-ә, онсыз да жартылай жалаңаштанып жүрген қыздар жетіп-артылып жатқанда, келіннің жабық киінгенін несіне ерсі көрді екен?» деген ойға қалғаным сол еді, Бейсенбек ағамыз өз сөзін жалғай жөнелді. «Намаз оқымасын демеймін, сәждеге маңдай тигізіп, жүрегіне иман ұялатқанына қуанамын. Бірақ, мен жалғыз келінімнің қазақ дәстүріне сай ақ орамал тартып, иіліп сәлем жасап тұрғанын қалаймын» дегені мені де тұңғиық ойдың тереңіне батырып кетті... ...Иә, бір қарағанға бұл сұрақ қарапайым болғанымен, қазіргі кезде кез-келген өңірде үлкен мәселелердің біріне айналып отыр. Бастапқы кезде хиджаб киген әйел адамды көре қалса таңданып, көздері жеткен жерге дейін қарап, ұзақ тұратын халық қазіргі кезде таңдануды қойған. Себебі, көшенің түкпір-түкпірінен, аялдамалардан, көліктерден, қоғамдық орындардан, тіпті білім ордаларынан да хиджаб киген аруларымызды көптеп кездестіруге болады. Жалпы «хиджаб кию қазақ қыздарына тән бе, жоқ па?» деген сұрақтың төңірегінде әртүрлі пікірлер айтылуда. Солардың ішінде ең көп айтылатын нақты екі пікір бар. Соның біріншісі, «Хиджаб кию – қазақ қыздарына жат қылық. Қазақ қызына еш уақытта орамал таққызбаған. Күйеуге шығып, келін атанып, отбасы, ошақ қасында жүрген әйел, аналарымыз орамалдарын тартып, бала тәрбиелесе, әжелеріміз бүрме көйлек киіп, кимешек тағынып, немере сүйген. Қазақ әйелдерінің қай кезеңде болмасын киім үлгілерінде хиджаб болмаған. Хиджаб – араб әйелдерінің ұлттық киімі. Қазақ әйелдеріне тән емес» деген пікірді ұстанатындар. Екіншісі, «Хиджаб киюдің ешқандай ерсілігі жоқ. Хиджаб – ар-намыс қорғаны, имандылықтың белгісі. Ашық-шашық киініп, көше кезгенше, қыздарымыз хиджаб кисін. Жартылай жалаңаштанып, ар-ұяттан безген қыздарымыздың жасаған күнәларынан хиджаб киіп, намаз оқыған қыздарымыздың сауабы артық» деушілер. Қоғамда діни киім кию мәдениетіне қатысты алаңдаушылыққа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы Ержан қажы Малғажыұлы былай деп нақты жауабын бергенін еске сала кетейік. – Барлық әйел баласы ұятты саналған әуретті жерлерін киімімен жауып, бөгде ер кісілерге көрсетпей жүрудің шариғаттағы үкімі – парыз. Құранның «Нұр» сүресіндегі 31-аятта: «Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың (беті, қол-аяқтары) өздігінен көрінгендері басқа. Және орамалдарын омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін...», – делінген. Осы аяттағы «бихумуриһиннә ғалә жуйуубиһиннә» деген сөздің мағынасы мынадай: «орамалдарын көкіректерінің үстіне түсірсін». Бұл аятта «хиджаб» деген сөз жоқ. Сондықтан «хиджаб» демей-ақ өзіміздің сөзімізбен, бай тілдік қорымыздағы атаулармен айтып үйренгеніміз жөн. Әйелдердің басын орамалмен жауып, әурет жерлерін бөгде адамдардан жасырып, ұзын киім киюі – Алла тағаланың бұйрығы. Қазақ жерінің әр өңіріне тән қыздардың сәукелесі мен әйел кимешегі болған. Тіпті, әйелдердің жас ерекшеліктеріне де байланысты кимешек үлгілері тігілген. Бүгінгі таңда да Құран өлшемдерін ескере отырып, заман талабына сай әртүрлі ұлттық орамалдардың үлгілерін тігіп киюге болады. Оған шариғатымыз рұқсат етеді, – дейді еліміздің бас мүфтиі. – Қазақ қыздарының хиджаб киіп тұмшаланып жүруі – біздің ұлттық салтымызға мүлде қарама-қайшы. Себебі оң жақта отырған қазақ қызы күйеуге тигенге дейін басына кәмшат бөрік киген. Орамал тартпаған. Қазақтың ұлттық салтында қыздың басына орамал жамылғаны «отбасылы болды» деген мағына береді, – дейді қаһарман Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова. Біз де сөзімізді қазақтың салт-дәстүрін, имандылықты насихаттап жүрген апайымыздың осы ойымен түйіндегенді жөн көрдік.
Жанғазы Ахмет,
"Ақ жол".