Березовкада оқушылар тағы жаппай талып жатыр
Березовкада оқушылар тағы жаппай талып жатыр
Оралда көп салалы ауруханада жатқан Батыс Қазақстан облысының Березовка ауылының бес оқушысы есінен танды. Бұл жайында Азаттыққа 6-сыныпта оқитын Любовь Воскобойдың анасы Светлана Воскобой телефон арқылы хабарлады.
Оның айтуынша, қызы Березовкадағы 38 оқушымен бірге 2 тамыз күні Оралдағы жеке меншік ауруханалардың бірінің жанындағы балалар лагеріне 10 күн демалуға кеткен. Светлана Воскобой қызының бірнеше күн телефонға жауап бермегенін, кейін Оралдағы туыстары аурухана медбикелерінен Любовь Воскобойдың ауруханада бірнеше рет есінен танып, қол-аяғы құрысқанын білген.
“Оралдағы қайынсіңлім медбикелерге хабарласқан. Олар Любовьтің құлай беретінін, күніне бірнеше рет өзін нашар сезінетінін айтқан. Тағы есінен танған”, – деді Светлана Воскобой.
Ол өзі сұрастырып анықтамайынша дәрігерлердің қызының денсаулығын өзіне хабарламағанынан наразы. Любовь Воскобойдан өзге тағы төрт оқушының талып қалғанын 11 жастағы Рузанна Назбаеваның анасы Оксана Назбаева да растады.
Оксана Назбаева қызының лагерде демалыс басталғалы оқушылар Мейрамгүл Жұмашеваның, Жасқанат Стамғазиев пен Айгерім Деменованың де талып құлағанын айтқанын жеткізді.
“Тәрбиешілер мен ұрсып тастамайынша балалардың жағдайы жақсы деп өтірік айтты”, – деді Оксана Назбаева.
Қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Елена Дзюба хатшысы арқылы “журналистермен кездесуге дайын емесін” айтып, жағдайға қатысты Азаттық тілшісімен кездесуден де, комментарий беруден де бас тартты.
Березовка ауылдық округі әкімі Жұбаныш Хайруллин лагерде 38 бала демалып жатқанын растағанымен, оқушылар арасында талу оқиғаларын “естімегенін” айтты.
Батыс Қазақстан облыстық әкімінің баспасөз хатшысы Қайрат Әбуовтың мәліметінше, аурухана жанынағы “Талап” акционерлік қоғамы лагерінде “Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг” консорциумының әлеуметтік жобасы бойынша Березовка ауылынан 38 оқушы демалып жатыр. Ол “дәрігерлерге жүгінетіндей маңызды себеп болмаған” дейді.
Былтыр қараша айында Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылында бір күнде 20-дан аса бала талып қалған. Ауруханаға басы айналып, денесі тырысқан 31 адам (оқушылар мен мұғалімдер) жеткізілген.
Дәрігерлер «газ баллонынан уланған немесе шаршағанның әсері» деген алғашқы болжам жасаған, бірақ жергілікті тұрғындар, ал кейін прокуратура Қарашығанақ кенішінен ауаға күкіртті сутегі тарағанын мәлімдеген. Сәуірдің ортасында уланған балалардың ата-аналары балаларынан “ұйқы дертінің” белгілері де байқала бастағанын айтқан.
Сәуір айының басында Қазақстанға келген БҰҰ-ның улы қалдық заттар жөніндегі арнайы өкілі Башкут Тунчак Ақмола облысындағы Калачи және Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылы тұрғындарын көшіру қажет деген.