Нұрлы болашаққа – 100 қадам

97

Бүгінде Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарын насихаттау жұмыстары және іс-қимыл жоспарын оңтайлау жүргізілуде. Ауыл тұрғындарына ел үшін маңызы зор құжаттың әрбір қадамынан күтілетін нәтижелер түсіндірілуде. Сала мамандары да бас қосып, Ұлт жоспарынан туындайтын тапсырмаларға қарай жұмыс жоспарын қайта құру мәселесін кеңесуде.

Қордай

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Ғалым Тұрсынбаев мемлекеттік мекемелер  мен ұйымдардың қызметшілерімен және үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында көтерілген мәселелер – Ұлт жоспарында нақтыланған қадамдарды жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлықты жою жолдары.
Баяндамашы өз сөзінде қоғам дертіне қарсы күресте Елбасының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы Жарлығымен қабылданған «2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» мен «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарының өзара үндесіп, бір-бірін толықтыра түсетін нақты тапсырмалар көрсетілгенін қозғады. Ұлт жоспарында бұл міндеттің ауқымы кеңейе түскені белгілі. Дегенмен, түпкі мақсат бір. Ғалым Сұлтанұлы жемқорлықсыз қоғам құру, мемлекеттік қызметшілерге деген талапты күшейту, білікті кадрларды жасақтау арқылы кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың негізгі жолдары екенін айтады.
Ұлт жоспарынан туындайтын мақсат-міндеттерді талқылаған жиын Кенен ауылында да өткізілді. Келелі ой-пікірлер тоғысқан дөңгелек үстелде аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айдар Бірімқұлов, ауданның Құрметті азаматы Төле Сүгірбай ауыл тұрғындарын елдікті үндеген Елбасы тапсырмаларын орындауда біркісідей жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Меркі

Меркілік педагогтар Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары – қоғамның барлық саласына серпін беретін стратегиялық құжат деп бағалайды. Ондағы білім беруді дамыту жолдары айқындалған 76, 77, 78, 79-қадамдарды жүзеге асыру міндетіміз деп санайды. Облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың қатысуымен аудандық балалар мен жасөспірімдердің «Үміт» сарайында өткен дөңгелек үстелге қатысқан ұстаздар осылай деді.
«Елімізде жаңа өзгерістерге бастайтын игі бастамалар көп.Соның айқын көрінісі облыстың білім саласына жыл сайын қомақты қаржы бөлініп отыр. Қазіргі уақытта 24 білім мекемесі салынып жатыр. Жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға беріледі, оның 2-еуі Меркі ауданынан ашылады», – деді  Сұлушаш Сәтбекқызы жиында.
Ұлт жоспарының 79-қадамында білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу көзделгені мәлім. Облыста бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Басқарма басшысының айтуынша, өңірімізде қазірдің өзінде 3 мамандандырылған мектеп-интернатта негізгі пәндер ағылшын тілінде оқытылуда екен. Алдағы уақытта өңірімізде көп тілде білім беретін облыстық мектеп-интернат ашу да жоспарда бар көрінеді. Сондай-ақ, 76-қадамда нақтыланған 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу мәселесі де белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Республика көлемінде 12 жылдық білім беруді сынақтан өткізетін 30 пилоттық мектеп белгіленсе, осы тізімге Тараз қаласындағы №41 көп салалы гимназия мен Т.Рысқұлов ауданындағы №1 мектеп-лицей енгізіліпті. Осылай 2015-2020 жылдарға дейін  12 жылдық білім беруге өту кезең-кезеңімен жалғаса бермек.

Құрманбек Әлімжан,
Ақ жол».
Ғалиябану Үсенова,
журналист.

 

Comments are closed.