Жаңа оқу жылына әзірлік қалай?
Жаңа оқу жылына әзірлік қалай?
Биылғы жаңа оқу жылында облыс бойынша 449 мектеп жұмыс істемек. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда мектептер санының біреуге қысқарғанын көрсетеді. Осы және басқа да мәселелер облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде жан-жақты қаузалды. Аппарат кеңесін ашық деп жарияламас бұрын Кәрім Нәсбекұлы облыс әкімдігі ауыл шаруашылық басқармасының басшысы болып тағайындалған Нұржан Нұржігітовті таныстырып өтті. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова өңірдегі білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы баяндады. – Жаңа оқу жылында облыс мектептеріне 197 мыңнан аса оқушы келеді деп күтілуде. Оның ішінде 1-сыныпқа 26071 бүлдіршін қадам басады. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда едәуір артып отыр. Ағымдағы жылы 24 білім нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр десек, қазіргі уақытқа дейін Жамбыл ауданы Еңбек ауылындағы 120 орынға арналған орта мектептің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға қабылданды. Одан бөлек 13 нысан, яғни 8 мектеп, 5 балабақша жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. 6 мектеп жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашады деп жоспарланған. Олар Шу, Қордай, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарындағы орта мектептер. Сондай-ақ, 10 білім нысанының құрылысы келер жылы аяқталмақ. Осы ретте апатты жағдайдағы мектептердің санын қысқартуға мүмкіндік алып отырмыз. Білім нысандарын күрделі және ағымды жөндеуден өткізу жұмыстары да назардан түскен емес. Өткен оқу жылының басында 120 мектеп күрделі жөндеуді қажет етсе, биыл оларға 532,7 миллион теңге қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал 169 мектептің ағымды жөндеу жұмыстарына 391 миллион 372 мың теңге қарастырылып, бөлінген қаржы игерілуде, – дей келе, Сұлушаш Құрманбекова күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары барысында нысандардың жылу жүйесі, қазандықтар, сыртқы абаттандыру, ішкі әрлеу, шатыр ауыстыру секілді жұмыстар қамтылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, облыстағы 449 мектептің 66-сының жылу жүйесі орталықтандырылған, 83-інің жылу жүйесі автономды түрде жүзеге асатын болса, оның 299-ы қазандықтар арқылы жылытылса, 84-і пешпен жылытылатынын білдік. «Оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету – басты міндеттеріміздің бірі», – деген басқарма басшысы ағымдағы жылы 4,5,6 және 11-сыныптардың оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарына тапсырыс беріліп, осы мақсатқа 918 миллион 683 мың теңге бөлініп, оқушыларды толығымен оқулықтармен қамту жоспарланғанын алға тартты. Бүгінгі күні тапсырыс берілген оқулықтардың 99,8 пайызы жеткізіліпті. Кәрім Көкірекбаев балалардың алаңсыз білім алуындағы шаралардың бірі – мектептерде ыстық тамақ беруді ұйымдастыру екенін ескере отырып, баяндамашыдан биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда неге төмен екенін сұрады. – Біз бұрын барлық бастауыш сыныптарын бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз ететінбіз. Жуырда жағдайы бар отбасылар ыстық тамақты өздері ұйымдастыруы керектігі жөнінде тапсырма берілді. Соған байланысты аудан әкімдері бірқатар жұмыстарды қолға алып, ыстық тамақпен қамтылушылардың санын қысқартып отыр, – деп жауап берді Сұлушаш Сәтбекқызы. Облыс әкімі білім нысандарының қысқа дайындығы барысына тоқталып, жылыту қазандықтарындағы мәселелер бойынша Талас ауданындағы Алғабас, С.Шәкіров мектептеріндегі келеңсіздіктерді сынға алды. Олардың қыс уақытында жылусыз қалып қоймауын қатаң ескертті. Онлайн жүйеде байланысқа шыққан Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептерде қазандықтарды қалыпқа келтіру үшін тиісті қаражат қажет екенін алға тартты. Өңір басшысы бұдан былай күрделі жөндеу жұмыстарының ішінде нысанның жылыту жүйелері де бірге қамтылу керектігін айтып өтіп, мұны басқа аудан басшыларына да құлақ қағыс етті. Сондай-ақ, аймақ басшысы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қаржыландырылатын инвестициялық жобалар тізбесіне 2016 жылға енгізілген Тараз қаласындағы 1000 орындық мектеп пен Меркі ауданындағы 600 орындық мектептің сметалық жобасы әлі күнге сараптамадан өтпегенін айтып, Үкіметтің назарындағы бұл жобалар егер межеленген уақыттан кешіктірілсе келер жылдың жоспарынан түсіп қалу қаупі бар екенін еске салды. Кәрім Көкірекбаев бұл туралы қанағатсыз жауап қайтарған Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров пен Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосыновтың жұмыстарын қатаң сынға алды. Сонымен қатар, Жуалы ауданы Ертай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы 120 орындық орта мектеп пен Меркі ауданының Т.Рысқұлов ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы 180 орындық орта мектептердің құрылыс жұмыстары бекітілген кестеден кешігу қаупі бар нысандардың қатарында тұрғанын айтты. Ондағы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының салғырт жүріп жатқанын ескеріп, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Жиын барысында білім нысандарының санитарлық тазалығы, мектебі жоқ елді мекендердегі оқушыларды тасымалдау жүйесі де сөз болды. Осы жайында мәлімдеген басқарма басшысы Сұлушаш Құрманбекова: – Бүгінгі күні мектебі жоқ елді мекендерде 1062 мектеп жасындағы бала бар. Оның 202-сі мектеп жанындағы интернаттарға орналастырылатын болады. 4-еуі үйде жатып оқыса, 856-сы тасымалданады. Тек бастауыш мектебі бар 56 және негізгі мектебі бар 29 елді мекендерден 1882 оқушы тасымалданбақ. Тасымалдау жүйесінде барлығы 88 автобус тұрақты жұмыс жасайды, – деді. Аудан әкімдері осы автобустардың техникалық жарамдылығын алдын ала тексеріп, дайындығын қамтамасыз етіп отыруды міндеттеріне алу керектігін тапсырды Кәрім Нәсбекұлы. Сонымен қатар, Байзақ, Жуалы, Жамбыл аудандарындағы тозығы жеткен автобустарды ауыстыру керектігін ескертті.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».