- Advertisement -

Сыбайластыққа жол бермейді

99

- Advertisement -

Акылжан агагаМемлекет басшысының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 Жарлығымен  бекітілген еліміздің 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы  стратегиясы,  жемқорлық қылмыс пен құқық бұзушылық көріністерін республикамыздың ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп-қатер төндіретін жағымсыз құбылыстардың қатарына қосады және мемлекет пен қоғамның осы келеңсіз құбылыспен күресте күш-жігер біріктіруін қолдайды. Өйткені, сыбайлас жемқорлық көріністерінің мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететіні, қайсыбір мемлекет болмасын оның әлеуметтік-экономикалық қарыштап дамуын тежейтіні баршаға мәлім. Нақ сондықтан да еліміздің жемқорлықпен күреске қатысты қағидаттық ұстанымын білдіретін басты стратегиялық құжаты республикамыздың алдағы жылдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыты болып қала беретін болады. Міне, осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі  Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті Республика Президенті бекіткен еліміздің заңнамасы талаптарына сай сыбайлас жемқорлық сипаттағы іс-әрекеттердің алдын алу және оларға жол бермеу мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді.
Департамент ғимаратының көрнекті жеріне Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі, еліміздің «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы», «Лицензиялау туралы» Заңдарының ресми мәтіні, департамент басшылығы және бөлім бастықтарының азаматтарды қабылдау кестесі ілінген және қолжетімді жерге азаматтардың хаттары мен жүгінімдеріне арналған мөлдір жәшік орнатылған. Ұжымдағы мемлекеттік қызметшілер ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы талаптарына сәйкес жыл сайын  жеке табыстары бойынша декларациялар тапсыруды үрдіске айналдырған. Департаментте қызметкерлердің қызметтік мүмкіндіктерін жеке басының немесе қызметтен тыс мүдделеріне пайдалануына жол ашатындай іс-әрекеттерді болдырмау үшін заңнама аясында белгіленген шектеулер қабылданған.
Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жоспар жасалып, бекітілген. Әрі аталған жоспарға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына қарсы әрекеттің пәрменділігін қамтамасыз ету мақсатында, қабылданған шешімдер туралы жұртшылықты хабарландыру жөніндегі шараларды жетілдіруге бағытталған іс-шаралар қарастырылған.
Соңғы жылдардың бедерінде, мемлекеттік қызметке жастарды тарту және олардың мемлекеттік қызметке қабылдануының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мекемеде тұрақты түрде конкурс өткізіліп келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бергі аралықта бізде 3 рет конкурс өткізілді. Соның барлығына да қазіргі заң талаптарына сай   бақылаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының әкімшілік мемлекеттік қызметшілеріне тәртіптік шара қолдану ережелеріне сәйкес ішкі тәртіпті нығайту және қызметшілердің жеке жауапкершіліктерін арттыру мақсатымен департаментте тәртіптік комиссия құрылған. Жұртшылықтың өтініш, тілек, ұсыныс, шағымдарынан хабардар болу үшін Сенім телефоны (45-94-68) орнатылған.
Сонымен қатар, тарифтерді және тарифтік сметаларды қалыптастыру кезінде алдын ала шешім департаменттің жанындағы Сараптама кеңесінде қаралып, қабылданатындығына тоқтала кеткен жөн. Сараптама кеңесінің құрамына сарапшы ретінде депутаттар, «Нұр Отан» партиясының аумақтық филиалдарының, жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлер палатасының, Қазақстанның Орхос комитетінің,  «Қазэнергосараптама» АҚ-ның, «Тараз баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Тараз қалалық филиалының, «Қоғамдық қорғаушы» тұтынушыларды және кәсіпкерлерді қорғау одағының, «Ғасыр сапасы» тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша қоғамдық бірлестігінің өкілдері енгізілген. Солардың қатысуымен үстіміздегі жылдың басынан бергі аралықта департаментте тарифтер жобасын қарау бойынша 3 жария тыңдау өткізілді.
Жыл басынан бері департаментте жеке және заңды тұлғалардың  93 жүгінімі қаралды. Оның ішінде – жеке тұлғалардан 63 және заңды тұлғалардан 30 жүгінім келіп түскен. Сол бойынша жүгінімдердің 71-іне қатысты қажетті түсінік берілген, 20 жүгінімнің қаралуы тоқтатылды, 2 жүгінім қаралу үстінде. Барлық құжаттар тиісті мерзімде қаралған.
Негізінен, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің тарифтік саясаты табиғи монополиялар және реттелетін нарық субъектілері тарифтерінің негізсіз өсуін тежеуге бағытталған. Осы орайда департамент облыс бойынша табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген  41 табиғи монополия субъектісін реттейтін орган болып табылады. Олардың қатарында Байзақ ауданындағы 3 табиғи монополия субъектісі – «Базарбай» КМК, «Байзақ су» КМК және «Алди және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар.
Үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында табиғи монополиялар субъектілерінен 41 тарифті бекітуді сұраған 41 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 10 өтінімді қараудан бас тартылды, 12 тариф бойынша 12 өтінім бекітілді, 7 өтінім кері қайтарылды. Қазіргі таңда 12 тариф бойынша 12 өтінім қаралу үстінде.
Биыл жыл басынан бері субъектілердің қызметіне байланысты жоспардан тыс 13 тексеру жүргізілді. Бұдан бөлек, табиғи монополиялар субъектілерінің тарапынан табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнаманың бұзылуын жою туралы 20 нұсқама шығарылды. Тексеру нәтижелері және прокуратураның ұсыныстары бойынша 10 субъектіге жалпы сомасы 22 миллион 391 мың теңгені құрайтын әкімшілік айыппұл салынып, қазірдің өзінде оның 9 миллион 27 мың 418 теңгесі бюджетке өндіріліп алынды. Оның үстіне жоғарыда аталған тексерулердің нәтижесі бойынша 8 табиғи монополия субъектісіне жалпы сомасы 170 миллион 899,1 мың теңге мөлшерінде 10 уақытша өтемдік тариф енгізілді.
Сонымен қатар, еліміздің монополияға қарсы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатымен,  департамент тарапынан үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану фактісі бойынша Қазақстан Республикасы «Бәсекелестік туралы» Заңының 13-бабына сәйкес жыл басында «ЖамбылЖарықСауда-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты тергеу жүргізіліп, нәтижесінде монополияға қарсы заңнаманың бұзылуын жою туралы нұсқама шығарылды. Сондай-ақ, «Бәсекелестік туралы» Заңның 16-бабының бұзылуы бойынша «БЕК-ЫРЫС» деп аталатын жеке кәсіпкерге қатысты да тергеу жүргізілді. Нәтижесінде, жеке кәсіпкердің үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, оған 396 400 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Қоғамды жегідей жейтін және мемлекетке деген жұртшылық сеніміне селкеу түсіретін сыбайлас жемқорлық қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар өз құзыреті шегінде жүргізуге міндетті. Сол себепті, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі  Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті жүргізіп келе жатқан барлық жұмыстар мемлекеттік қызметшілердің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбестік көңіл-күй ауаны мен өзіндік көзқарастарын қалыптастыруға, сана-сезімдеріне тиімді ықпал жасауға, ұжымда мөлдірлік пен ашықтықты  қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мүсілім Қасымов,
Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің
Жамбыл облысы бойынша
департаментінің директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support