- Advertisement -

Уақыт күтпейді

95

- Advertisement -

Қаратау қаласындағы аудан әкімдігінің мәжіліс залында Талас, Сарысу аудандары бойынша отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және бюджеттік нысандарының 2015-2016 жылдардағы жылыту маусымына дайындығы туралы  облыстық штабтың көшпелі мәжілісі өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков баяндамашылардан жағдайды нақты баяндауды талап етті.

Облыс әкімдігінің  энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Ахаев облыстағы жылыту маусымына, жай-күйіне қысқаша тоқталып, оның ішінде Талас, Сарысу аудандарында атқарылған жұмыстарға сараптама жасады.
Талас ауданындағы қуаты сағатына 100 Гкал-ға дейінгі қазандықтардың – 64, электр желілерінің – 67,6,  жылу желілерінің  – 96,8, білім беру нысандарының – 93, денсаулық сақтау нысандарының – 77,8, мәдениет нысандарының – 46, көп пәтерлі тұрғын үйдің 73,7  пайызы жылыту маусымына дайын екендігі айтылды.
Ойық ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің жылу жүйесі мен қазандығының, Бостандық ауылындағы Алғабас орта мектебінің ішкі жылу жүйесінің құрылыс-монтаж жұмыстарының  аяқталмай қалу қаупі бар екенін баяндаған М.Ахаев, С.Шәкіров  ауылындағы Ш.Смаханұлы  атындағы орта мектеп пен Бостандық ауылындағы  Алғабас  орта мектептерінде жылыту қазандықтарының жоқ екеніне де тоқталды. Сондай-ақ, Аққұм ауылындағы Б.Тоқтықожаұлы атындағы және Талапты ауылындағы Талапты орта мектебінің  жылыту қазандықтарын газбен жылыту мәселесі де бір жақты шешілмеген көрінеді.
М.Ахаев  қаладағы «Игілік» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қысқы дайындығына оң баға бере келіп, табиғи газ алуға Үкіметке  254,257 миллион теңгеге тапсырыс  берілгенін  мәлім етті. Ауданда 4401 тонна көмір сатып алуға 48,3 миллион  теңге бюджеттік өтінім берілгенімен, бірде-бір тонна көмір түсірілмепті.
Сарысу ауданында да жылыту маусымына дайындық Талас ауданындағы жағдаймен шамалас болып шықты. Қазандықтардың – 61, электр желілерінің – 56,2, білім беру  нысандарының – 65,4, мәдениет саласы нысандарының  – 62, көп пәтерлі тұрғын үйлердің – 54,2   пайызы жылыту маусымына дайын екен. Бірақ, Арыстанды, Әуезов, Абай, Үшбас, Ақтоғай, Сарысу, Сейфуллин мектептері мен бір балабақша, Арыстанды ауылдық клубы, 2 медициналық пункт тез қалпына келтіруді  қажет ететін кемшіліктер бар болып шықты. Әсіресе, Жаңатас қаласындағы 8 көп қабатты  тұрғын үйдің дайындығы сын көтермейтіні мәлім болды. Себебі, үй  жертөлелерінің инженерлік жүйелері тозған, кәрізде су тола.
Дегенмен сарысулықтар  ауданға тиесілі 5525 тонна қысқы отынның 4470 тоннасын  тасымалдап алған. Оған қоса  тұтынылған электр  энергиясына Талас ауданының дебиторлық қарызы 20 миллион болса, ал Сарысу ауданы – 231,380 теңге қарыз екен.
Қаралған мәселе бойынша Сарысу ауданының әкімі Б.Жайлыбаев  пен Талас ауданы әкімінің орынбасары С.Дадабаев жылыту маусымына дайындық барысы туралы есеп берді.
Көшпелі штаб мәжілісін қорытындылаған Б.Орынбеков кемшілік орын алған нысандардың жөндеу жұмысын жедел аяқтауды, сондай-ақ  жаңғырту бағдарламасы бойынша  жұмсалған қаражаттың қайтарымын жеделдетуді, жылыту маусымына қажетті қаражаттың қосымша көздерін іздестіріп, бөлінгенін үнемді пайдалануды қатаң ескертті.

Сәулембай Әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support