Өзі жас әрі бай
Өзі жас әрі бай
Өзі жас әрі бай спортшылардың ішінде Мадридтің «Реал» клубы мен Уэльс құрамасының жартылай қорғаушысы Гарет Бэйлдің есімі алдымен ауызға ілігеді. «Forbes» журналында 26 жастағы валиялық футболшының жалпы табысы 36,4 миллион доллар деп көрсетілген. Оның 25,4 миллион долларын Гарет «Корольдік клубтан» жалақы ретінде алып тұрса, 11 миллион долларын жеке демеушілерінен немесе жарнамалық роликтерден табады екен.
«Барселона» клубының 23 жастағы шабуылшысы Неймар да бақуаттылардың қатарында екен. Оның жылдық табысы 33,6 миллион долларды құрайды. Ол да жылдық жалақысының тең жарымына жуығын жарнамадан табатын көрінеді.
Солтүстік ирландиялық спортшы Рори Макилрой да – жас байлардың тізімінде. 26 жасар гольфшы бір жылда 24,3 миллион доллар табады. Бірақ, оның жылдық жалақысы аз. Бар болғаны 4,3 миллион доллар. Қалғаны – демеушілердің көмегі, жарнамадан алатын сыйақысы және гольф спортындағы ең айтулы додалардан алатын жүлдесі екен.
АҚШ-тағы ең танымал спортшы – Блэйк Гриффин ең бай баскетболшылардың бірі. Ұлттық баскетбол лигасында «Лос-Анджелес Клипперс» клубында өнер көрсететін 26 жастағы спортшы 2014 жылы 23 миллион доллар табыс тапқан. Гриффин табысының 6,5 миллион доллары жарнамалық роликтерден түседі.